Алғашқы жұмыс нәтижесін жылы қабылдады

  Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында аударма мәселесіне ерекше назар аударғаны баршамызға мәлім. Нәтижесінде 2017 жылы «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры құрылып, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асырыла бастады. Бағдарламалық мақаланың бір жылдығында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген кітаптардың тұсаукесері тек аудармашылар тобының ғана емес, барша халықтың асыға күткен шарасы еді. Ғалымдар қауымы бұл алғашқы жұмыстар нәтижесін жылы қабылдады.

Студент, аспирантурада оқып жатқан кезімізде қазақ тілді ғылыми әдебиеттер тапшы болатын. Барлық әдебиеттерді орыс тілінен қазақшаға аударып, сабағымызға дайындалатынбыз. Ғылыми ізденістер барысында да осындай жағдайлар қайталанып тұрды. Сондықтан жоба бойынша алғашқы аударылған 18 кітап тек студент-жастар үшін ғана емес, отандық ғалымдарымыздың жаңа ізденістеріне қозғау салады деп ойлаймыз.

Аударма мемлекеттік маңызы бар сала болғандықтан, аудармашыларға жоғары талаптар қойылады. Мамандар рухани дүниетанымының кеңдігімен қатар, ауқымды және жан-жақты білім иелері болуы керек. Ғылыми-техникалық әдебиеттердің аудармашысы берілген саланың барлық мәселелерін білуі керек. Ғылыми әдебиеттерді аудару терминдерді кеңінен қолданумен сипатталады. Термин нақты болғандықтан оның берілуі де дәлдікті талап етеді. Сәйкесінше, аудармашы берілген ғылым саласының терминологиясын жетік білуі тиіс. Аудармашылар қауымы бұл үдеден шыға білді деп ойлаймыз.

Жалпы аударма адамзаттың мәдени дамуында ерекше орын алады. Аударма нәтижесінде бір елдің азаматтары өзге елдің өмірі, тұрмыс-тіршілігі, тарихы, әдебиеті және ғылыми жетістіктерімен танысады. Аударылған және алдағы уақытта аударылатын кітаптар ұлттық ғылыми әдебиеттердің бір бөлігі болатындығына сеніміміз мол.


Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор,

«Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 сәуір 2018 г. 1 793 0