Талсуатта тал егу акциясы өтті

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының және «Ел Арай» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен Талсуат ауылдық округінде орналасқан «Мүгедектерді оңалту» орталығында Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған «Келбеті көркейген Қызылорда» акциясы өтті. Оған облыстық этномәдени бірлестік белсенділері, мекеме қызметкерлері, оңалту орталығында ем алушылар және БАҚ өкілдері қатысты.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешова: «Бүгін облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік қызметкерлер бірлесіп, үлген игі бастаманы қолға алып отыр. Ағаш отырғызу акциясы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылуда. Жалпы атаулы мереке аясында Ассамблея тарапынан 200-ге тарта қоғамдық-мәдени іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі бастамаға аға буын өкілдері, жастар, мекеме ұжымдары да қолдау көрсетуде.

Егер әрбір азамат, әсіресе жастар, елді мекендерді тазарту және ағаш отырғызу жұмыстарына қатысатын болса, онда әр ауыл, аудан, қала және олармен бірге бүкіл еліміз де көркейе түседі. Қала – ортақ үйіміз, оның көркеюі мен жасыл желекке айналуы ел мерейі. Игі істерімізге сәттілік тілеймін!», -деді.

Шаһардың 200 жылдық мерекесіне орай қаланың көркеюіне үлес қосу, аймақтағы түрлі этнос өкілдерін қоғамдық-мәдени іс-шараларына қатыстыру мақсатындағы акция орталық саябағына 600-ден астам көшет отырғызумен басталды.

Игі шараға белсенді қатысқан «Славяне» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова: «Өңірімізде ағаш егудің игі дәстүрге айналғаны бізді қуантады. Облыстық ассамблея мүшелері қаланың көркеюіне атсалысып, үлгілі істерімен үлкен шараға үлестерін қосып жүр. Бүгінгі еккен көшеттеріміз бірнеше жылда жайқалып өсіп, қаланың сәнін ашады деп сенемін», - деді.

Тал егу акциясы – өте маңызды іс екені сөзсіз. Тал – бейбітшілік нышаны, табиғаттың нәзіктілігі және оны қорғау қажеттілігін еске түсіретін белгі. Еккен талдар қаланың экологиялық жай-күйін жақсартатыны да сөзсіз. Акцияға қатысқан оңалту орталығының емделушілері: «Бүгін еккен ағаштар тамыр тартатынына сенімдіміз. Алдағы уақытта жасыл желектің әсерінен ауа тазарып, қолайлы микроклимат қалыптасады», – деді.

Тал егу жұмысы арқылы болашақ ұрпаққа табиғат анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыру парыз. Қоршаған ортаның жақсаруына өз үлесін тигізу үшін акцияға облыстық ҚХА жанындағы Жастар қанатының мүшелері де барынша атсалысты. Қаламыздың абаттанып, шырайын әрлендіре түсу үшін өз күштерін аямайтындарын айтып өтті.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 сәуір 2018 г. 1 733 0