КӨПЕН КЕЛСЕ, КҮЛКІ ДЕ КЕЛЕДІ

Өткен аптаның сенбісінде Жаңақорған ауданында елімізге ғана емес, бүкіл орта Азияға танымал сықақшы Көпен Әмірбековтің «Көпен келе жатыр» -атты шығармашылық кеші мен Жаңақорған аудандық «Жаңаша»  әзіл-сықақ отауының 30 жылдық мерейтойына арналған бірлескен кеші аудандық мәдениет үйінде өткізілді. 

      Кеш жүргізушісінің «Әзіл десе-Көпен Әмірбекті елестетеміз, Көпен десе  – әзілді елестетеміз. Ендеше сіздердің қошеметтеріңізбен бүгінгі кешіміздің кейіпкері Қазақстанның енбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері қазақ сатирасының классигі, сықақшы,  ақын Көпен Әмірбекті сахна төріне шақырамыз», деген хабарламасынан соң ортаға шыққан сықақшының өзін-өзі таныстыруының өзі жұртшылықты күлкіге көмді. «Өз бетін аямаған кісі бетін шиедей қылады» демекші қоғамдағы келеңсіз көріністерді, замандастарының сайқымазақ қарым-қатынасын сатира найзасына ілген сатирик бір ауық қазақтың білгілі  тұлғалары туралы да  қызықты әңгіме өрбітті.  

        Рухани жаңғыру орайында тәрбиелік маңызы  зор кеште аудан әкімі Ғалым Әміреев   құттықтау сөз сөйлеп,  қаламгерге марапат жасады. Бірнеше дүркін сахна төріне көтерілген сықақшы жұртшылықты орындаушылық шеберлігімен де көрермендерді күлкіге қарқ қылса, 30 жылдық тарихы бар «Жаңаша» әзіл-сықақ отауының әртістері де өз интермедия, скетчтерімен кештің қызықты өтуіне атсалысты. Әсіресе, «Жаңаша» әзіл-сықақ отауының әртістері Балмұхаммед Әбжаппаров пен Тохтар Әжімұратов  орындаған 

« Көкпар» скетчі ат спортына ден қоятын аудан жұртшылығын бір серпілтті.  Сондай-ақ, аудан өнерпаздары  «Майлықожаның  термесін», «Шәмші әндерінен попурри», және де басқа көңілді әуендерді тарту етті.

Н. Назымханұлы, 

Жаңақорған ауданы

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 сәуір 2018 г. 662 0