Осыдан 93 жыл бұрын, яғни 1925 жылы сәуір айында Қазақ АКСР Кеңестерінің V съезіне сайланған делегаттар мен Үкімет мүшелері Ақмешітке келді. 15 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылды.
Съездің күн тәртібіне КСРО-ның халықаралық және ішкі жағдайы, Орталық Атқару Комитеті мен Халком Кеңесі президиумдарының есепті баяндамалары, ауыл шаруашылығының жағдайы, Халық ағарту ісі, қаржы саясаты және салық, Кеңестік құрылыстың жаңа міндеттері туралы мәселелер қойылды.
Съезде екі мәселе қызу қолдау тапты. Олар – Ақмешіт қаласының атын Қызылорда деп өзгерту, екіншісі және ең бастысы – бұған дейін ресми жазбаларда «қырғыз» болып жазылып келген ұлт атауын қайта қарау.
Ахмет Байтұрсынұлы халыққа өзінің тарихи «қазақ» атын қайтару жөніндегі ұсынысын айтып, «қырғыз басқа, қазақ басқа екенін қазақ баласы тегіс білсе де, бұл күнге шейін ештеңе демей, тымақтары салпиып келеді. Оны өткен замандардың ағымдары көтерсе де, қазіргі күнде ұлт атын жасыруды, ұлт тарихы ондай жаңсақтықты көтермейді» деп сөз сөйледі.
Бес күнге созылған съезд «бұдан былайғы жерде «киргиз» деген атау «қазақ» болып ауыстырылсын, «Киргиз Республикасы» «Қазақ Республикасы», ал оның астанасы Ақмешіт Қызылорда болып аталсын» деген қаулы қабылдайды.
Съездің ел тұрғындарына арналған үндеуі «Алдымызда Қазақ Республикасы қайта өрлеуінің көкжиегі, еліміздің өндіргіш күштерін дамытуға арналған күрес көкжиегі, еңбеккерлердің, бүкіл халықтың материалдық жағдайы мен мәдени деңгейін көтерудің жаңа көкжиегі ашылды» деп түйінделген.
Бүгінде Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қалада ұлттық тарихымыздың тағдыршешті қадамы жасалған, Қазақ АКСР кеңестерінің V съезі өткен ғимараттың үлгісімен музей салынуда. Бұл ғимаратқа «Рухани жаңғыру» орталығы орналасады.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».