ТЕГІС ЖЕР, ТИІМДІ ТЕХНОЛОГИЯ ӨНІМДІЛІКТІ ӨСІРЕДІ

Соңғы жылдары облыста күріш егісінің көлемі экологиялық қолайлы және экономикалық тиімді деңгейде 75-80 мың гектар болып тұрақталды. Осы көлемдегі күріш егісі бір жағынан Қазақстанның күрішке сұранысын қамтамасыз етсе, екінші жағынан жердің мелиоративтік жағдайын жақсартушы дақыл ретіндегі міндетін толық атқарады. Ал оның көлемін қысқарту инженерлік дайындалған жерлердің апаттық жағдайға дейін тұздануына әкеліп соғуы мүмкін. 

Бұл дақыл осы өңірдің жер-суына, табиғатына бейім екенін соңғы жартығасырлық күріш егу тәжірибесі көрсетіп отыр. Аймағымызда қолданылып жүрген күріш шаруашылығы технологиялары техникалық жағынан да, қаржылық жағынан да тиімділігі жоғары емес. Ұзақ жылдар бойы қолданыстағы күріш өсіру технологиясы бойынша себуге дейін кем дегенде 7-8 операция қолдану ұсынылып келді. Соған қарамастан, арам шөптермен агротехникалық жолмен күресу деңгейі өте төмен, топырақ ылғалдылығының шығыны жоғары, осы жұмыстарды атқаруға пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектері мен жұмсалатын жанар-жағармайдың қымбат болуынан өндірілген күріш салысының өзіндік құны өте жоғары болады. Сондықтан, күріш шаруашылығын тиімді дамыту үшін оның өндірісінің тұрақты дамуына және ауыспалы егісі дақылдарын өсірудің су ресурс үнемдегіш технологияларын енгізу арқылы қол жеткізу көкейтесті мәселе болып отыр.

Қазіргі кезде әлемдік практикада күріштің топырағын минималды өңдеудің түрлі модификациялары әзірленген. Солардың бірі – күріштік жердің топырағын өңдеуді барынша азайту. Бұл технология бойынша күріштік жерлердің топырағын аздап өңдеу арқылы топырақты түренсіз, қайырмасыз сақалармен және чизель-культиваторлармен бірнеше рет терең өңдеудің орнына күріштік танабында ауыл шаруашылығы машиналарын мейлінше аз жүргізіп, белсенді жұмысшы органдары бар фреза, культиватор немесе ауыр дискілі құралдармен өңдеуге алмастыру керек. Сонымен бірге күрішті өңдеу кезіндегі атыз бетінің тегістігінің қанағаттанғысыз жағдайы күріш өнімділігінің жоғарылауын шектейтін және су шығынын көбейтетін бірден-бір фактор. Сондықтан атыз бетінің тегістігі ±2,5-3,0 см болған жағдайда күріш дәні тез көктеп шығып, біркелкі піседі, су үнемделеді, егістіктің арам шөптермен ластануы азаяды, қайта тұздану болмайды.

Сонымен, ұсынылған технологияны ұтымды енгізу үшін атыз бетіне күрделі немесе эксплуатациялық тегістеу жұмыстарын ауыспалы егісте жоңышқа қыртысын соқамен бұзғаннан кейін және мелиоративтік танапта 3-4 жылда кемінде бір рет жүргізу керек. Қалған жылдары осы тегістікті бұзбайтын топырақ бетін минималды өңдейтін ауылшаруашылық машиналарын пайдаланған тиімді.


Ә.ТОҚТАМЫСОВ, К.ШЕРМАҒАМБЕТОВ,

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш

шаруашылығы ғылыми-зерттеу

институтының  қызметкерлері.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 сәуір 2018 г. 645 0