Байқайсыз ба? Соңғы кездері ата-ана, қоғам тарапынан болсын балаларға қатыгездік танытатындар көбейген. Жәбір көрсетеді, қараусыз қалдырады, құқығын таптайды, қылмысқа итермелейді. Дегенмен, осы балалардың құқықтарын қорғаудың арнайы халықаралық тетіктері мен құралдары бар. Бұл БҰҰ-ның жанынан құрылған Балалар қоры.
Балаларға қатысты әділ заңдар жүйесін дамыту тәжірибесін зерттеу үшін және отбасындағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Қызылорда қаласында медиа тур ұйымдастырды. Онда БАҚ өкілдері «Балалар үшін әділ сот төрелігі жүйесін нығайту мен олардың құқықтарын қорғау» атты Еуропалық Одақ пен ЮНИСЕФ-тің бірлескен бағдарламасы аясындағы пилоттық жобаның жай-жапсарына қанықты. Бұл жобаның басты мақсаты – қылмыс жасауға бейім балалармен жұмыс жасаудың балама түрлерін қарастырып, оларды сауықтыру мен қоғам ортасына қосу.
Жобаны жүзеге асыруда әкімдіктің, ювеналды полицияның, үкіметтік емес ұйымдардың, әлеуметтік қызметкерлердің, психолог пен қауіп тобындағы балаларды оңалту мен әлеуметтендіру мектептерінің бірлескен кешенді жұмысы қажет. Облыста аталған жұмысты «Сыр ұландары» қоғамдық бірлестігі жүзеге асыруда. Орталық ювеналды полиция ювеналды сот пен қамқорлық органдарымен етене араласудың арқасында қауіп-қатер тобындағы балаларды анықтап, оларды оңалту жұмыстарын атқаруда. Осы ретте журналистер алдымен қоғамдық бірлестіктің жұмысымен танысты. Бірлестік директоры Сәуле Әбілдаева атқарылып жатқан істерді баяндады. Жалпы, орталықта 2 психолог, 2 әлеуметтік қызметкер, 4 дамыту маманы жұмыс істейді. Олардың жұмысын менеджер және есепші қамтамасыз етеді. Орталық баланың қоғам өміріне қайта қосылуына жағдай жасайды. Сонымен қатар, өз іс-әрекеттері үшін, өзі үшін және өз өмірі үшін жауапкершілікті сезінуіне атсалысады. Құқықбұзушылыққа барған балаларға заңнамалық, психологиялық және әлеуметтік көмек беріледі. Жалпы, «Сыр ұландары» еліміздегі балаларға қатысты әділ сот төрелігі жүйесін қалыптастыруға бағытталған пилоттық жоба аясында ашылған. Мұндай орталық республика бойынша үш қалада ғана бар.
Қоғамдық бірлестік директоры бүгінде орталықтан 64 жасөспірім әлеуметтік-психологиялық қолдау және көмек алғанын жеткізді. Балаларды оңалтуға жасөспірімдер істері жөніндегі арнайы мамандандырылған соттың шешімімен жолдама беріледі. Бағдарлама бойынша 52 жасөспірім бітірді. Орталықта арнайы бағдарлама негізінде жұмыс жасалды. Мәселен, арнайы мектеп пен колония балалары 91 процент жағдайда қылмысты қайталайтыны белгілі болған. Ал, балама бағдарлама аясындағы шараларға қатысқан балалардың 1 проценті ғана қайтадан қылмысқа барады екен.
Кездесу барысында журналистер ата-ана және балалармен жеке-жеке отырып сөйлесті. Мәселен, мұнда келгендеріне біршама уақыт болған ата-аналардың бірі қиын жағдайға тап боламыз деген ой ешқашан мазаламағанын айтты. Себебі баласы тәртіпті, оқу үлгерімі жақсы болған. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, өз ойын ашық жеткізеді екен. Тек анасы ұлының достарына көңілі толмаған. Тіпті, оны баласына да талай ескертеді. Бірақ оған баласы құлақ түре қоймайды. Бірде түс мезгілінде бұл отбасы жайсыз хабар естіп, сенер-сенбестерін білмей қалады. Ұлдары қатарластарымен бірігіп, бұзақы әрекетке барып, арты үлкен төбелеске ұласады. Салдарынан баланың бірі зардап шегеді. Бұзақылық жасағандарға тәртіптік шара көріледі. Баланың ішкі дүниесі де алай-дүлей күй кешеді. Бұрын өзін еркін ұстайтын ол тұйықтала бастайды. Содан ата-анасы «Сыр ұландары» қоғамдық бірлестігі жайында естіп келеді. Мұндағы білікті мамандар дер кезінде бала мен ата-анаға барлық жағынан қолдау білдіріп, нәтижесінде бала қайта қалпына келеді. Қоғамдық жұмыстарға араласып, спортпен айналысады. Нәтижесінде жасөсіпірім қазіргі кезде түрлі спорттық байқауларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.
Мұндағы балалармен әңгімелесу барысында бірлестіктің атқарып жатқан жұмыстарының оң нәтижесін байқадық. Көңіліне ұялаған сенімсіздік жойылып, өмірге деген құштарлығы оянған олар бүгінде сүйікті істерімен айналысады екен. Бірі кәсіпкерлікті таңдап, алдына биік мақсат қойыпты. Енді бірі ата-анасы мен бауырларына қолғабыс етіп, бірлесіп жұмыс жасауда. Балалармен еркін әңгімелесу барысында олардың өмірге деген көзқарасы өзгергенін аңғардық. Бәрінің де арманы бар және оған жету үшін еңбек етуді де біледі. Кезінде шалыс басқандарын, енді ол жолды қайталамайтындарына сенім білдірді. Орталықта балаларға бар жағдай жасалған. Қызметкерлер мен жасөспірімдер жұмыс жасайтын бөлме де бар. Балалардың қолынан шыққан шығармалық жұмыстары да жинақталыпты. Сондай-ақ, «Сыр ұландары» мен «Жастар денсаулық» орталығы бір ғимаратта орналасыпты. Орталық жастар денсаулығына тікелей жауапты. Мұнда келген жастар тіркеу бөліміне тіркелгеннен кейін қажетті дәрігер маманның кеңесіне жүгінеді екен.
Мұнан кейінгі нысан облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты болды. Өткен жылы ауданаралық сотында 58 адамға қатысты қылмыстық іс қаралса, оның ішінде 31-і кәмелетке толмағандар екен. Олар «Абайсыздан қазаға ұшырату», «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері», «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру», «Қаруды заңсыз жасау», «Жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу» қылмыстық істері бойынша сотталған. Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Альтернативті сот әділдігі» пилоттық жобасы 2015 жылы енгізілді. Жоба аясында сот процесіне қатысушы кәмелетке толмаған жәбірленушілерге, куәларға және сотталушыларға ғимараттан ЮНИСЕФ-тің қолдауымен арнайы бөлме қарастырылды. Онда балаларға арналған жиһаздар, кітаптар және аудиобейне қондырғысы бар компьютер орналасқан. Осы құрылғы алдында отырып жәбірленуші мен куәгер сот процесі жүріп жатқан залға, тікелей судьяға түсінік беріп, сауалдарына жауап қайтарады. Мұндағы басты мақсат жәбірленуші өзіне қатысты қылмыс жасаған қылмыскерлермен тағы да кездеспеу, психологиясына кері әсерін тигізбеу үшін қолға алынды. «Альтернативті сот әділдігі» бағдарламасына сәйкес «Сыр ұландары» қоғамдық бірлестігіне барлығы 12 бала қатысыпты. Мұндағы атқарылып жатқан жұмыстар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау барысында сотта жүргізіліп жатқан шаралардың маңыздылығына, балалардың қатысуымен болатын сот отырысын өткізу тәртібінің ерекшеліктері, өткен жылдармен салыстырғандағы көрсеткіштері турасында судья Қайратбек Бержанов айтып өтті. Судьяның айтуынша, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың басым бөлігі ұрлық, тонау бабы бойынша орын алады екен.
Одан әрі шара облыстық балалар ауруханасындағы Тиімді технологиялар тренингі орталығында жалғасты. Бұл орталық 2017 жылы ашылып, «Балалық шақ ауруларын ықпалдастыра емдеу» бағдарламасын әрі қарай дамыту бойынша тиімді жұмыстар атқарып жатыр. Онда 6 маман қызмет істейді. Орталық меңгерушісі, жоғары санатты педиатр Жұмажай Әбенова тренинг орталығының жұмысымен таныстырып шықты. Жалпы, мұндағы басты мақсат – өңірдегі 5 жасқа дейінгі балалар арасында аурушаңдық, мүгедектік пен өлім-жітімдіктің көрсеткіштерін төмендету, балаларға көмек көрсететін медициналық ұйымдары бастапқы медикосанитарлық көмек көрсету мекемесі және стационарлардың барлық құрылымдар қызметкерлерін үздіксіз оқыту. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің теориялық және тәжірибелік деңгейін мониторингілеу, жүкті әйелдердің, нәрестелердің және 5 жасқа дейінгі балалардың үйлеріне патронаждық қызмет көрсету жүйесінің жетілдірілген әмбебап моделі бойынша медицина қызметкерлерін оқыту, консультативтік және әдістемелік көмек көрсету және облыстағы нәресте мен балалар өлім көрсеткіштері жағдайына талдау жасау да осы бағдарлама шеңберінде жүзеге асады. Орталықта патронаждық қызмет және дені сау бала күтімі, науқас бала күтімі, қалта анықтамасы, баланың дамуын бақылау және қосымша тамақ дайындау бөлмесі жасақталған. Біз барғанда орталықта кезекті дәрігерлер тобы тәлім алуда екен. Өткен жылы орталықта 803 медицина қызметкері оқытылса, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 258 маман білімін жетілдірген. Айта кетерлігі, «Денсаулық» бағдарламасына сәйкес жол картасы бойынша 2018 жылы аймақтағы емханалар түгелімен патронаждық қызметтің әмбебап прогрессивті моделіне өтеді. Соған байланысты 600 медицина қызметкерін биылғы жылдың бірінші тоқсанында оқыту жоспарланды. Сондай-ақ, ЮНИСЕФ ұлттық тренерлерінің бекітуімен «патронаждық қызмет» оқу процесі 10 күнге ұзартылды. Практикалық жұмыстар көбейді. Сонымен бірге жоспарды орындау мақсатында орталықтың тренер мамандары әрбір аудандарда болып, жұмыс орнында оқыту шарасын іске асырмақ.
Медиа турдың тағы бір нысаны қаладағы №6 емханасы болды. Осы ретте 2016 жылы ЮНИСЕФ пен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, облыс әкімдігі бірлесіп, 2 қалалық емхана мен Жаңақорған аудандық емханасында патронаждық медбикелік қызмет көрсетудің, яғни, үйге барып ем берудің әмбебап-прогрессивтік жобасын енгізді. Осы пилоттық жобаның арқасында патронаждық медбикелердің, әлеуметтік жұмысшылардың және жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің қызмет көрсету сапасы артып, кәсіби білімдері шыңдала түсті. Бағдарлама аясында ЮНИСЕФ жобалық тобының мамандары медбикелерге, емхана жетекшілеріне 14 модуль бойынша жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі баласы бар отбасыларымен жұмыс жасаудың әмбебап прогрессивтік әдісін үйретті. Сонымен бірге үйде көрсетілетін пилоттық қызметтерді бақылайтын және сапасын бағалайтын ортақ құрал жасады. Патронажды медбикелер босанған ананың күйзеліске ұшырағанын анықтауға, ата-аналарға баланы тәрбиелеудің қыр-сырларын және қауіпсіз жағдай жасауды үйретеді.
Жоба аясында №6 қалалық емханада 18 патронаждық медбике жұмыс атқарады екен. Ал, 34 медбике патронаждық қызметке байланысты оқытылған. Бұл жайында емхана бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Индира Ермаханова кеңінен әңгімеледі. «Әйел жүкті болғаннан кейін 12 аптада тіркеуге тұрады. Біз осы уақытта оның денсаулығымен қатар әлеуметтік жағдайын да бақылаймыз. Дұрыс тамақтануын, көңіл күйін қадағалаймыз. Бұл қызметтерді патронаждық медбикелер атқарады», – дейді ол.
Бастапқы кезде бұл қызметті ата-аналарға түсіндіргенде олардың қатарында қарсылық танытқандар аз болмаған. «Өз баламды өзім қалай тәрбиелесем де болады. Бұл сендердің міндеттерің емес» дегендер де кездескен.
– Біз де патронаждық қызметтің керек екенін түсіндіруге барынша тырыстық. Жаңа босанған жас ананың күйзелісін жеңуіне, баланы алғаш емшек сүтімен емізу техникасын, 6 айдан асқан баланы дұрыс тамақтандыру жолдарын үйреттік. Әлеуметтік жағдайын да қадағалап, көмек керек отбасыларына да қамқорлық таныттық. Нәтижесінде бүгінде бізді аналардың өздері іздеп келетін болды, – дейді емхананың аға патронаждық медбикесі Гүлмира Сансызбаева.
Ұйымдастырылған шара өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингпен қорытындыланды. Брифингке БҰҰ Балалар қорының облыстағы үйлестірушісі Анар Ізден, жасөспірімдер істері жөніндегі арнайы мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қайратбек Бержанов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Бибізада Дүйсенбаева және «Сыр ұландары» қоғамдық берлестігінің директоры Сәуле Әбілдаева қатысты. Онда балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықбұзушылыққа жол бермеу, оларға қатысты мейірімді сот төрелігін дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан ЮНИСЕФ ұйымының пилоттық жобасы жайында кеңінен айтылды. Сонымен бірге патронаждық медбике қызметін жетілдіру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар да сөз етілді. Журналистер тарапынан сұрақтар қойылып, тиісті жауап берілді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».