АЙНАДАЙ БОЛСА АЙНАЛАҢ...

  Қала келбеті тек қана сән-сәулеті келіскен ғимараттармен, жасыл желекті саябақпен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Қызылорданың ажары оның тазалығына тікелей байланысты. Бұл мақсатта атқарылып жатқан жұмыс сан алуан. Қалада көктем шығысымен тазалықты ретке келтіру ісі ширай түсіп, серпінді сенбіліктер жүргізілуде. Ал, қысы-жазы тыным таппай қолына сыпырғы, күрек ұстайтын тазалықшылар жайлы әңгіме бөлек. Себебі, санитарлық қызметпен айналысатын «Қызылорда тазалығы» ЖШС жұмысшылары шақырайған күннің, шытынаған аяздың, сіркіреген жауынның астында да жұмысын тоқтатқан емес. 

– Серіктестік қаланың күн­делікті қоқысын арнаулы қо­қыс алаңына шығару, қала­да­ғы негізгі және тармақ көше­лер мен тұрғынжайлар маңы­ның күнделікті тазалығы, абаттандырылуы, аулалардағы, көше бойындағы ағаштарды бұтап, қырқу, бейберекет өскен шөптер мен қурайдан арылту секілді бірқатар жұмыстарды атқарады. Техникалық база толығымен арнайы тазарту көліктерімен жабдықталған. Соның ішінде қыста қар тазалауға арналған щетка тракторлар мен КамАЗдар, чистиктер, грейдерлер, қала көшелеріне су себетін, қоқыс тиегіш көліктер бар. Қоқыс тазалайтын көліктердің көпшілігі көрші Ресейден әкелінген.

Одан өзге жаяу жүргіншілерге арналған жол тазалайтын арнайы шағын шаңсорғыш бар. «ДМК-70» деген ресейлік құрылғы уақытты да, жұмыс күшін де үнемдеуге көмектесуде. Көше бойындағы темір қоршауларды жууға бірнеше адам жұмылатын. Бүгінде Абай даңғылы бойындағы шарбақтарды екі сағатта жуып шығуға болады. Бірақ, мекеменің техникалық мүмкіндігін былай қойғанда, адам қолымен бітетін шаруа шаш етектен. Тұрғындардың есепсіз тастаған қалдығы мен қоқыстары күн құрғатпай тазаланып, арнайы полигондарға апарып төгіледі. Скверлерде, аллеялар мен көшелерде күнделікті жинау, сыпыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Дәл қазір серіктестікте 400-дей қызметкер бар. Әрқайсысына жүктелген міндет әртүрлі. Тек шаһар тазалығын мұнтаздай етуді ойлайтын тазалықшылардың бұл еңбегін елей білсек дейміз. Бүгінде «Қоқысқа қарызыңыз бар» деген түбіртекті қолына алса да, немқұрайлық танытатындар кездеседі. Биылғы қарыз – 20720000 теңгені құрап отыр. Қарыз тұрғындар саны – 47101,– дейді серіктестік директоры Марат Төлегенов.
Расында, таң атпай көшеге шықсаң, қоқыс тазалап, көше сыпырып жүрген жандарды көресің. Олар тапсырылған істі тиянақты орындап, қала тазалығы үшін тырбанып жүр. Дегенмен, бұған жүрдім-бардым қарайтындардың аз еместігіне жоғарыдағы цифрлар дәлел. Оның үстіне көпқабатты үйлердің алдындағы жәшікке баруға ерініп, қоқысты алыстан лақтыра салатындарды да көз көріп жүр. Көпке түгел кінә артудан аулақпыз. Бірақ, қазақта «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат бойыңнан түңілсін» деген сөз бар. Қаламыз айнадай болғанның өзі тұрғындарға ғана емес, қыдырып келген мейманға да ерекше әсер сыйлап, оң пікір қалыптастырады.
– Қала – ортақ үйіміз. Тазалық мәселесі тұрғындардың барлығына қатысты. Әйтсе де, қызылордалықтардың тазалық жөніндегі мәдениетін әлі де көтеру қажет деп білемін. Тазалық отбасында қалыптасады. Шыны керек, ата-ана ойын баласын «қоқысты төгіп кел» деп жұмсайды. Ал, сол бала шынында қоқысты арнайы темір жәшікке апарды ма, жоқ па, әлде аулаға, көше бойына лақтырып кетті ме, қадағаламайды. Қалаға жанашыр, көше, ауланы көркейтуге талапшыл тұрғындардың бары рас. Өкінішке қарай, ондай жандар көп емес. Жанашырлық, қамқорлық әрбір адамның жүрегінде болса дейсің. Әрқайсысымыз өзіміз тұратын үй-жайдың айналасын таза ұстап, ұқыптылық танытсақ, қаланың көрікті мекенге айналуына титтей де болсын үлес қосарымызды естен шығармайық. Бірнеше жыл бұрын шаһар шашылып жатқан қоқыстардан арылмайтын еді, көшелерде қоқыс жәшіктері де аз болатын. Қазір жағдай мүлдем басқаша, – дейді қала тұрғыны Райхан Бахытжанова.
Сөз түйін. Мақалаға дамыған елдердегі тазалық мәселесін де арқау етуді жөн санадық. Байқағанымыздай, шетелде тазалық түбегейлі шешімін тапқан. Мәселен, Германияда қоқыстарды бөліп, сұрыптап жинау жүйесі қалыптасқан. Олар тіпті арнайы полигонда оны өңдеп, газ алады. Сонымен қатар, биоқалдықтарды өңдеу арқылы топырақтарды байыту жұмысын жүйелі жүзеге асырады. Әлемдегі таза қалалалар қатарында Швеция астанасы – Стокгольм да бар екен. Бұл қаланың өткеніне үңілсеңіз, шведтердің батыл қадамына қайран қаласыз. Тұрғындардың денсаулығын басты орынға қойған олар Хаммарбю Шёстад ауданында орналасқан өндіріс орнын көшіріп, халық шоғырланған жерді 150 млн кронға тазалапты. Еуропада да  мұндай шаралар ірі көлемде қанат жайған. Табиғат қорғау, тазалық сақтау мәселесінің мәнін түсінген олар «жасыл аймақтар» атты байқау ұйымдастыруды үрдіске айналдырған. Иә, айналаны таза ұстау, табиғатқа қамқорлықпен қарау адам мәдениеттілігінің көрінісі. Біз оған бей-жай қараған сыңай танытамыз. Кейде тіпті сенбіліктерге басшылары міндеттегендіктен ғана баратындар бар. Ал Индонезияның Бандунг қаласының бір тұрғыны өмірін қоқыс жинаумен өткізіпті. Ол зейнетке шыққан соң да бір тынбаған екен. Мұны азаматтық борышы санаған қария қызметіне ешқандай ақы алмаған. Тек ақ адал еңбегін бағалағандар ризашылығын 5-10 доллармен білдіріп отырған екен. Бұл мысалдарды бекер келтірмедік. Тек біздің де жоғарыдағы аталған елдерден бұл мәселеге келгенде үйренеріміз көп екенін айтпақпыз...

М.СНАДИНҚЫЗЫ,
Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 сәуір 2018 г. 823 0