«Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын, Бас иген ұлы жүзде тамам ақын. Нағашысы жалайыр Қабан ед деп, Жамбыл атам айтатын маған атын», - деп әйгілі Кенен Әзірбаев жырлағандай «айтыс өнерінің алтын діңгегі» атанған Сүйінбай мен сөзінің «басы алтын, бақайы жез» Бақтыбай бас иген, халқы қадір тұтып «Ақын ата», «Абыз ата», «Қабан жырау» деп атаған атақты Қаблиса жырау атында «Жыр атасы – Қабан жырау» атты I Республикалық жыршылар байқауы өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, Астана төрін 1-ші сәуірден 5-ші сәуірге дейін бес күн бойы жырға бөлеген байқау жыр жүйріктерін үш кезең бойынша сыннан өткізді. Жыр додасына Республиканың түкпір-түкпірінен 20-45 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Қатысушылар әр кезеңде бірінші Қабан жыраудың бір жырын айтып, екінші өз қалауы бойынша жырласа, үшінші кезеңде билетте шыққан жырды төкпелету талап етілді. Көп жыршының сүрінетін тұсы да осы үшінші кезең болды.
Сайысқа Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, Қайрат Байбосынов, сонау Ақтаудан келген әйгілі жыршы Жеткізген Сейітов, Сыр елі – жыр елінен мәдениеттанушы, Бидас Рүстембеков, Қабан жырау жыр төккен Жетісу жерінен шақырылған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, Әміре Әрін, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, әнші Айгүл Қосанова, сондай-ақ, осы байқауды ұйымдастырып отырған Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры Сәкен Әбдірахманов қазылық етті.
Байқау қорытындысы шығар алдында ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы арнайы конференция өткізіп, жарыстың қалай өткені туралы баяндаумен бірге журналистердің сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді. «Алдымен, артықшылықтарынан бастайын» деген жыршы Жеткізген Сейітов: «Сыр елінің жыршылары бәрібір мектеп көргендігін байқатты. Бәріне ортақ кемшілік, жырды бойға сіңіріп айту жеткіліксіз болды, оның себептері де жоқ емес. Бұрынғы жыршылардың жыр жаттап оны ел ішінде жырлаудан өзге жұмысы болмаған ғой, шіркін, бұларға айлық төлеп, ай сайын есебін сұрап отырса қанша жырды жаттар еді, бойына сіңіре отырып халыққа қайта жеткізер еді. Сосын бұлардың мүмкіндігін ашатын жыр кештері өтетін болса, ақпаратты есте сақтаудың өзі қиынға соққан осы кезеңде бұл жыршылық дәстүрімізге таң қалмайтын жұрт болмас еді», - деді.
Ал, Айтқали Жайымов болса: «Бұрынғы жыршылар жырлап келіп, арасында қара сөзбен де көсілтіп-көсілтіп алып ары қарай жалғайды ғой, қазіргі балалар сол қарасөзбен айтатын тұсында кібіртіктеп жатыр, оны да даңғайыр жырауларымыз секілді көркем, көсемсөзбен төгілтіп айтуға жаттығу керек. Ал, ұзақ жырдың әр бөлімін әртүрлі сарынмен айтқан жыршылардың талантына шынымен де тәнті болдық», - деді.
Журналистер сауалына ұйымдастырушылар атынан жауап берген Сәкен Әбдірахманов бұл байқауды бұдан былай екі жылда бір рет өткізіп тұру жоспарланып отырғанын жеткізді. Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен өткен игі шара елордадағы «Астана» концерттік залында арнайы концерттік бағдарламамен шымылдығын жапты.
Қазылардың бағасы бойынша Бас жүлде (2 000 000 тг) астаналық Айнұр Қонысбаеваға, I орын (1 000 000 тг) астаналық Ерболат Шалдыбековке, II орын (500 000 тг) қызылордалық Марат Сүгірбайға, III орын (250 000 тг) алматылық Мақпал Тоқтағановаға бұйырды. Ал Аманжол Дауылбаевқа Асан қайғы атындағы арнайы дипломы, Жұлдыз Ысқақовқа Мәдениет және спорт басқармасының арнайы дипломы табысталды. Сондай-ақ, Фархат Оразов, Хасенхан Кішкенеев, Темірбек Асқанбаевтар дипломант атанды.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
https://www.egemen.kz/article/167124-astanada-zhyrshylar-baygesi-marege-zhetti