Бұл қылмыс жасауға бейім балаларды әлеуметтік қолдауға бағытталған облыстағы бірден-бір жоба. 2015 жылдан бері бағдарламаны "Сыр ұландары" қоғамдық бірлестігі жүзеге асыруда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында БҰҰ Балалар қорының Қызылорда облысындағы үйлестірушісі Анар Ізден мәлімдеді.
«Аталған жоба Еуропалық Одақ пен ЮНИСЕФ-тің «Балалар үшін әділ сот төрелігі жүйесін нығайту мен олардың құқықтарын қорғау» бірлескен бағдарламасы аясында жергілікті биліктің қолдауымен жүзеге асуда. Мақсаты - балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу. Жоба аясында "Сыр ұландары" орталығы мен ювеналды полиция, ювеналды сот және қамқоршылық органдары бірлесіп қауіп-қатер тобындағы балаларды анықтау және оларды оңалту жұмыстарын атқаруда. Сондай-ақ, заң бұзған балалар даназар нысанасына ілікті. «Сыр ұландары» орталығы пилоттық жоба аясында ашылған еліміздегі үш орталықтың бірі. Қалған екеуі Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында ашылған. Ол жақта да зардап шеккен немесе қылмыс куәгері болған, тәртіп бұзушы ретінде сот жүйесіне енген балаларға көмек көрсетіледі», - деді Анар Ізден.
Балаларды оңалту жобасы олардың құқық бұзушылықты қайталауының алдын-алу ісінде тиімділігін көрсетуде.
"Сыр ұландары" қоғамдық бірлестігінің директоры Сәуле Әбілдаеваның айтуынша, орталықтан 64 жасөспірім әлеуметтік-психологиялық қолдау және көмек алды.
«Балаларды оңалтуға жасөспірімдер істері жөніндегі арнайы мамандандырылған соттың шешімімен жолдама беріледі. Бағдарлама бойынша 52 жасөспірім бітіріп шықты. Орталықта арнайы бағдарлама негізінде жұмыс жасалады. Арнайы мектеп пен колония балалары 91% жағдайда қылмысты қайталайды. Ал, балама бағдарламамен оңалған балалардың тек 1% ғана қайтадан қылмысқа барады», - деді Сәуле Әбілдаева.
Анар Ізденнің айтуынша, 2016 жылы ЮНИСЕФ пен Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі және облыс әкімдігі бірлесіп, қаладағы 2 емдеу мекемесі мен Жаңақорған ауданындағы емханада патронаждық медбикелік қызмет көрсетудің, үйде емдеудің әмбебап-прогрессивтік жобасын енгізді.
Пилоттық жобаның көмегімен патронаждық медбикелердің, әлеуметтік қызметкерлердіңжәне жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің қызмет көрсету сапасы артты, кәсіби білімдері жоғарылады.Бағдарлама аясында ЮНИСЕФ жобалық тобының мамандары медбикелерге, емхана жетекшілеріне жүкті әйелдер мен 0-ден 5 жасқа дейінгі баласы бар отбасылармен жұмыс істеудің әмбебап-прогрессивтік әдісін үйретті, үйде көрсетілетін қызметтерді бақылайтын және сапасын бағалайтын ортақ құрал жасады.
«Енді патронажды қызмет босанған ананың күйзеліске ұшырағанын анықтап, баланы тәрбиелеудің қыр-сырын, үйде мейірімді орта мен қауіпсіз жағдай жасауды үйрете алады. Сондай-ақ, жанұяда зорлық-зомбылық анықталған жағдайда ведомствоаралық бақылау жүргізеді. Бұл ретте әкімдік, әлеуметтік қызметкерлер, ювеналды инспекторлар бірлесіп жұмыс істейді. Осылайша, жаңа модель жанұядағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алуға септігін тигізеді», - деді Анар Ізден.
Мадияр МАХАМБЕТҰЛЫ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың
4-ші курс студенті.