ЕЛБАСЫ БАСТАМАШЫ БОЛҒАН ЖОБА

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінде елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру мәселесіне баса назар аударылған болатын.
Қазақстан газ өндіру көлемін 8 млрд текше метрден бастап, тәуелсіздік жылдарында бұл көрсеткішті 52 млрд текше метрге дейін арттырды. Қазір ел тұрғындарының газбен қамтылу деңгейі – 47,4%. Тоғыз облыста газ құбыры мәселесі әртүрлі деңгейде шешілгенімен, Орталық және Солтүстік Қазақстан азаматтары көгілдір отынсыз отыр. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл саладағы жұмыстар 2014 жылы бекітілген газдандырудың 2015-2030 жылдар аралығындағы бас сызбасына сай жүргізіледі. Жауапты орган басшылыққа алып отырған өңірлерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарында елді мекендерге газ тарту жобасының уақыты мен реттілігі нақты көрсетілген. Энергетика министрлігінің газ өнеркәсібін дамыту департаменті басшысының орынбасары Демеу Сейітжановтың айтуынша, «Қараөзек-Жезқазған-Қарағанды -Теміртау-Астана-Көкшетау-Петропавл» бағытындағы «Сарыарқа» магистральді газ құбыры жобасына «ҚазТранГаз» АҚ техникалық-экономикалық негіздеме әзір­леп, құжат «Мемсараптама» РМК-ның оң бағасын алған. Жалпы құны 370 млрд теңге деп бағаланған газдандыру жобасын қаржыландыруға халықаралық қаржы институттары қатысады. Қазір «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі шетелдік банктермен байланыс орнатып, келіссөздер жүргізіп жатыр. Кезең-кезеңімен сатылай орындалатын газ құбырының құрылысы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған. Жобаның алғашқы кезеңі осы жылдың жазында басталады деп күтілуде.
Орталық және Солтүстік Қазақстанды газдандыру бойын­ша «Сарыарқа» жобасы өз бастауын «Бейнеу – «Бозой – Шымкент» бағытындағы газ құбырының бойында орналасқан «Қараөзектен алады. 2013 жылы «Бейнеу» – «Бозой-Шымкент» газ құбыры іске қосылғанға дейін, оңтүстік өңірі газды сырттан импорттап келгенін атап өту керек. Жалпы ұзындығы 1534 шақырым болатын «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы ІV кезеңде жүзеге асады: І кезең – «Қызылорда-Астана» (1081 шақырым), ІІ кезең – «Астана-Көкшетау» (276 шақырым), ІІІ кезең – «Көкшетау-Петропавл» (177 шақырым), ІV кезең – «Жезқазған», Теміртаудағы компрессорлық стансаларының құрылысы. Нәтижесінде, 2,7 млн адам табиғи газға қол жеткізуі керек.
2017 жылғы қорытынды дерекке сүйенсек, 1320 елді­мекенде тұратын 8,5 млн адам көгілдір отынға қол жеткізген. Осы тұста Қазақстан өңірлерінің газбен қамтылу деңгейі біркелкі еместігін атап өткіміз келеді. Мәселен, Президенттің әлеуметтік бастамасына арқау болған Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары табиғи газға үміт артып отырған аймақтар болса, оларға көршілес Қостанай (54%) мен Шығыс Қазақстанның (0,2%) да жағдайы алаңдаушылық тудырады. Маңғыстау облысы (99%), Атырау облысы (98%), Батыс Қазақстан облысы (94%), Ақтөбе (88%). Оңтүстік жұртшылығының көгілдір отынға қолжетімділігі келесі проценттік көрсеткіштермен бағаланады: Қызылорда (64%), Оңтүстік Қазақстан облысы (63%), Жамбыл облысы (65%), Алматы облысы (36%).
Жоспар бойынша 2030 жылға қарай көгілдір отын келген елдімекендер санын 1600-ге, табиғи газға қол жеткізген халық санын 11,5 млн адамға жеткізу көзделіп отыр. Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, газды ішкі тұтыну тәуелсіздік жылдарында 1,5 есеге өскен.
 Еліміздің бас қаласын бетке алған газ құбыры елорданың экологиялық ахуалын жақсартады деген де болжам бар. Өйткені мамандардың пікірінше, қазір қалада жұмыс істейтін жылу электр стансаларындағы көмір қолданысын шектеп, оның орнына табиғи газды пайдалану ауаға бөлінетін зиянды қалдықтарды 6 есеге (36,1 мың тонна) азайтуы мүмкін. Жалпы есеппен, Астана қаласында бір жылда жұмыс істеп тұрған 2 жылу электр стансасында 651 мың тонна көмір жағылады.
Министрліктің мәліметінше, газ тарату желілерін жобалау мен салу мәселелері Қарағанды, Ақмола облыстары және Астана қаласы әкімдіктерінде қызу талқыланып жатыр.
Сыр өңірін газдандыру 2004 жылы Елбасының бас­тамасымен қолға алынған болатын. Алдында ғана Қазақстан Президенті Жолдауында атап көрсетілген жоба іле-шала ауқымды тірлікке айналды. Жыл ішінде Қызылорда қаласының тұрғын үй секторының 50 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.
Қазіргі таңда, облыстың газдандыру үлесі - 63, соның ішінде Қызылорда қаласын газдандыру үлесі 95 процентті құрайды.
Облыстың аудан орталықтары мен қала маңындағы елді мекендерді газдандыру «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырының бойында қарастырылған бұрыптар арқылы жүзеге асырылуда.
2014-2017 жылдар аралығында Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет, Қызылжарма, Талсуат, Белкөл елді мекендерін және индустриалдық аймақты газдандыру жұмыс­тары республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржыландырылды. Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен «ҚазТранГаз Аймақ» АҚ арасында жасалған меморандумға сәйкес, 4 аудан орталығына (Арал қаласы, Әйтеке би кенті, Шиелі кенті және Жаңақорған кенті) және Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату стансалары мен кварталішілік газ құбырларының құрылысы жүргізілді.

ЖАЛПЫ 2014-2017 ЖЫЛДАРЫ ОБЛЫС ЕЛДІ МЕКЕНДЕРІН ГАЗДАНДЫРУҒА             29 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ БӨЛІНІП, ГАЗДАНДЫРУ ҮЛЕСІ 34 ПРОЦЕНТТЕН 63 ПРОЦЕНТКЕ КӨТЕРІЛДІ. НӘТИЖЕСІНДЕ 1,5 МЫҢ ШАҚЫРЫМ ГАЗ ҚҰБЫРЫ САЛЫНДЫ.

Облыстың қалған 3 аудан орталығын (Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек) газдандыру жұмыстарына бюджеттен қаржы қарастыру 2018-2020 жылдарға жоспарланған. Жобалардың  жалпы құны шамамен  13 млрд теңгені құрайды.
2018 жылы Жосалы кентіне автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысын аяқтау, Тереңөзек кентінде автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысын бастау және Жосалы кентіне орамішілік газ желісінің құрылысын бастау жоспарлануда.
Қызылорда облысын газдандыру өңірде шағын және орта бизнестің дамуына игі ықпалын тигізді. Аймақта оның жалпы өнеркәсіптегі үлес салмағы соңғы 5 жыл ішінде 30 процентке жуық артты. Әсіресе, өнеркәсіп өндірісінде өңдеу саласының үлесі алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда бірнеше есе артты. Бұл негізінен өнімнің өзіндік құнын төмендету нәтижесінде мүмкін болды.
Жалпы, өңірді газдандыру алдағы уақытта Қызылорда облысында өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің өзіндік құнын арзандатып, оның шетел нарығында бәсекелестік қабілетін арттырады деп күтіліп отыр. Бұл оңды үдерістің алғашқы нышандары қазірдің өзінде байқалуда.
Қазақстан Президентінің үстіміздегі жылдың 1 нау­рызында халыққа жариялаған үндеуінде «Біз «Қараөзек (Қызылорда облысы) -Жезқазған-Қарағанды-Теміртау- Астана» бағытында магистральді  газ құбырын салу жобасын жү­зеге асыруымыз керек... Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге,  экология жақсарады», деп атап көрсеткен болатын.
Қорыта айтқанда, Елбасының бастамасымен Қызылорда облысын қамтамасыз етуден басталған әлеуметтік жоба бүгінде еліміздің көптеген өңірлерін, оның ішінде Астана қаласын қамтуды көздеп отыр.

Ж.ӘЛМАХАН.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 сәуір 2018 г. 675 0