Сағынтаев Дін істері министрлігінің ұжымына жаңа министрді таныстырды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұжымына жаңа министр - Дархан Кәлетаевты таныстырды. Бұл туралы primeminister хабарлайды.
  «Бүгін Мемлекет басшысы Нұрлан Ермекбаевты Қазақстан Республикасының дін істері және азаматтық қоғам министрі қызметінен босатып, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды», - деп мәлімдеді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев. Бақытжан Сағынтаев Нұрлан Ермекбаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. «Ведомствоның құрылғанынан бері бір жарым жыл ішінде оның басшылығымен министрлік жұмысы жүргізілді, барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданды, кәсіби ұжым қалыптасты», - деді Бақытжан Сағынтаев және Нұрлан Ермекбаевқа алдағы кәсіби қызметінде табыс тіледі.
Мемлекет басшысының Жарлықтарымен Дархан Кәлетаев ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалды, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды. Бақытжан Сағынтаев түрлі жылдарда еліміздің әлеуметтік-мәдени және қоғамдық өміріне белсенді қатысқан Дархан Кәлетаевтың кәсіби қасиеттерін атап өтті. Министрліктің жаңа басшылығы мен ұжымына Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша міндеттер жүктелді.    
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 сәуір 2018 г. 745 0