ТЕАТРДЫҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІ

«Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады» деген ка­надалық режиссер Робер Лепаж. Расында, сан түрлі өнердің басын қос­қан театр әлемінен жан дүниемізді мазалайтын өмірлік сұрақтардың жау­абын табамыз. Мұнда бір уақыт келіп өзін іздеуді, рухани мінез-құлқын тануды әркім парыз санайды.

Жуырда біз де Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында болдық. Өнердің қара шаңырағы төл мере­кесін, Халықаралық театр күнін тойлағалы жатыр екен. Шынайы өнер­ді сағынатын жұртшылық бұл күнді асыға күткені рас. Сахна­ның безендірілуі де көптің көңілін көтерді. Салтанатты кештің шымыл­дығы театрда қызмет атқарған ардақты ардагерлерді еске алумен ашылды. Содан соң ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының және облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мира Рахымжанқызының, басқа да театр ұжымдарының арнайы құттықтаулары оқылды. Мерекелік шарада жыл көлеміндегі театр спектакльдеріне тұрақты кө­рер­мен болғаны үшін Алмат Шалқарбаев, театр өнері туралы үздік видео түсірілімдер жасағаны үшін «QYZYLORDA» телеарнасының операторы Ахан Әлиев марапатталды. Сахна шебер­лерінің өнердегі өмірі туралы үздік мақалалар жариялағаны үшін әріптесіміз Назерке Саниязова да «Театр өнерін насихаттаушы» аталымын иеленді. Сондай-ақ, артист Яхуда Халықұлов атындағы ауыспалы жүлдені артист Қанат Архабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Әлия Арысбай атындағы ауыспалы жүлдені Ақтолқын Төлеуова, Қазақстанның халық артисі Серік Шотықов атындағы ауыспалы жүл­дені Мәдениет саласының үздігі Бақытбек Темірбеков еншіледі. Мереке кезінде марапат пен қошемет театр ұжымына, оның жанашырларына арналды. Бұл қазіргідей ғаламтор мен кино дамыған уақытта театрмен теңдесетін өнер жоқ екенінің дәлелі болса керек.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 сәуір 2018 г. 897 0