ШЫНЫ ЗАУЫТЫ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко шыны зауытының жұмысымен танысты. «Orda Glass» ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағымбаев мәртебелі мейманға еліміздің индустриалды-инновациялық даму стратегиясына толымдыы үлес қосатын жоба жайын тарата айтып берді.
Ержан Сағымбаев атап өткендей, «Orda Glass» қытайлық «China Triumph International» компаниясымен бірлесіп жұмыс жасауда. Зауыттың құрылыс заттарын тасымалдаумен әлемге белгілі компаниялар айналысады.
Зауыт жылына 197 мың тоннадан астам табақша шыны шығармақ. Ең бастысы, шыны өндірісіне қажетті шикізаттың 95 проценті өзімізден табылып отыр. Яғни, Арал ауданының кварц құмы, доламит пен әк тасы пайдаланылады. Тек сырттан келетін кальцийлендірілген сода шикізатын болашақта «Аралтұз» АҚ-мен біріге отырып өңірімізде өндіру жоспарлануда.
Қызылорда қаласындағы индустриалды аймақтан аталған зауытқа арнап 50 гектар жер бөлінген. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынып жатқан шыны зауыты толық іске қосылған кезде соңғы технологиялармен жабдықталған әлемдегі үшінші зауыт болмақ. Әзірге мұндай зауыт тек Жапония мен Қытайда бар. Кәсіпорын құрылысын Қытай еліндегі шыны өндірісінің көшін бастап тұрған «China Triumph International» компаниясы жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта жергілікті мамандарды тәжірибе алмасу мақсатында шет елдерде оқыту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Ержан Сағымбаев шыны зауыты жұмысын бастағаннан кейін мұнда «Apple», «LG», «Nokia» сынды ірі компаниялардың өнімдері - планшет, смартфон және өзге де гаджеттерге арналған ультражіңішке шынылар өндірілетінін айтты.
– Одан бөлек, зауытта микроскоп, дүрбілерге де арнап өнімдер шығару қолға алынбақ. Зауыт жұмысын жолға қойып, аяққа тұрғаннан соң ғарышқа ұшырылып жатқан зымырандарға қолданылатын әйнектер жасау да ойда бар, – дейді Е.Сағымбаев.

Ш.АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 сәуір 2018 г. 786 0