ӨМІР СҮРУ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ – ЕҢ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

ӨМІР СҮРУ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ – ЕҢ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТАптаның бейсенбісі күні облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың облысымыздағы алғашқы сапары оңтүстіктегі екі аудан – Жаңақорған мен  Шиелідегі селолық  емдеу орталықтарының жағдайларымен танысуымен басталды.
Денсаулық сақтау министріне  Жаңақорған ауданы емханасының бас дәрігері  Жақсылық Абдусаматов емдеу орнының  жұмыс барысы жөнінен баяндай келе, емхана орналасқан ғимараттың  замана талабына сай келмейтіндігінен емдеу шараларын жүргізу барысында көптеген қиыншылықтардың туындайтындығын алға тартты. Расында, емхана орын тепкен ғимарат 1976 жылы  аудандық атқару комитетінің кеңсесі есебінде салынып, бертінде емдеу орнына берілген болатын-ды.  Аталмыш ғимаратты медицина  саласына қанша ыңғайластырғанымен оның замана талабына сай келмейтіндігі және де тозығы жеткендігі аңғарылар еді. Әлгіндей қолайсыздықтар салдары  қызмет көрсету аясын тарылтқанымен қатар науқас жандардың сарылып кезек күтуінен құтқармай отыр.  Сондай-ақ, анықтама бөлімінің жұмысын, қабылдау мен тіркеу, медициналық жәрдемді үйге шақыру, портал тіркеуі мен реттілікті сақтау жағдайларына кері әсерін тигізеді. 
Денсаулық министрі емхананы аралау барысында ота жасау орталығының жағдайымен де таныса жүріп, бұл орынның да талапқа сай келмейтіндігін назарға алды. Хирургия және басқа да кабинеттер талапқа сай бөлек- бөлек орын тебуі тиіс болса да, ғимараттың сәйкессіздігінен ондай талаптарды қанағаттандыруға мүмкіншілік кем. Алайда, осындай жағдайға қарамастан, жаңақорғандық дәрігерлер алдыңғы қатардағылар санатында.   Салидат Қайырбекова осы ерекшеліктерге назар аударды. 
Шиелі ауданы орталығындағы жуырда ғана пайдалануға берілген емханаға ат басын тіреген министр жергілікті дәрігерлердің талапқа сай барынша жұмыс істеуіне мүмкіндігі барын еске салды. Елбасы бағдарламасына  сай мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, шеткі аймақта бой көтерген сәулетті емдеу орны тұрғындарға жан жылуын сыйлаумен қатар, олардың денсаулығының жақсаруына қызмет жасауы қажет. Аудандық емхананың бас дәрігері Нұржамал Каримова өз мәлімдемесінде соңғы үш жыл ішінде емхананың материалдық- техникалық базасының анағұрлым нығайғандығын, осыған сай дәрігерлердің  қызмет сапасы да артып келе жатқандығын айтты. Заманауи қондырғылары бар екі жедел жәрдем көлігі, маммограф,  басқа  да жабдықтарға жалпы 64 миллионға жуық  теңге жұмсалған. Он бір елді мекендегі амбулатория, ФАП, медициналық пункттерге жаңа ғимараттар салынып берілді. Ол үшін қазына қоржынынан  352 миллион 400 мың теңге жұмсалынды. Шеткі аймақтарға жас маман кадр тарту жұмысы да жүргізіліп келеді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына сай қазір Шиелі де 6 жас маман еңбек етеді. 
Денсаулық сақтау министрі  С.Қайырбекова емхана жұмысымен танысу барысында жаңа ғимаратты тиімді пайдалану және де дәрігерлердің қызмет көрсету кестесінің орындалу барысына назар аударып, ауыл тұрғындары денсаулығының үнемі мемлекет назарында екендігіне тоқталып, сол талапқа сай болуға дәрігерлер мен орта буын кадрлардың лайықты болуын айтып өтті.
***
Апта ішінде аймағымызға іс-сапармен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова кеше облыс орталығында болып, бірқатар нысандарды аралады. 
Ең әуелгі бағыт құрылысы 2008 жылы басталып бүгінде кислородтық тазалау жұмыстары қалып тұрған перинаталды орталық болды. Нысанның құрылысымен облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев таныстырды. 2011 жылы халық игілігіне берілуге тиіс «Ана мен бала орталығы» 200 орынды. Қазіргі таңда орталықтың құрылысы толық аяқталған, медициналық құрал-жабдықтармен де қамтылған. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша қолға алынған құрылыстың құны 4,8 млрд. теңгені құрайды. Іске қосылса, күніне 175 әйелдің  кеңес алуға мүмкіндігі бар. Мұнда алдағы уақытта жасанды ұрықтандыру бөлімі де ашылмақ. Мәртебелі мейман ана мен бала денсаулығын қамтамасыз ететін жаңа ғимаратпен танысып болған соң қалалық №3 емханада болды. Ауысымына 500 қабылдауға дейін болатын емхананың қазіргі сәтте аймақ саны – 34, оның 18-і терапиялық болса, 16-сы  педиатриялық. Қаралатын халық саны 53637-ні құрайды. Емхананың бас дәрігері Болғанай Сарышова министрге алдымен емхана жанынан ашылған «Шапағат» жастар денсаулық орталығының жұмысын атап өтті. Мұнан соң мамандар дайындау, науқастарға тегін дәрі-дәрмек беру, емхананың медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу ісінің жүзеге асырылуына тоқталды.
Емхананың жұмысымен танысу барысында скринингтік тексеруге ерекше назар аударған министр онкологиялық аурулардың белгісін ерте анықтап, оның алдын алу дәрежесіне жіті мән беру керектігін сөз етті. «Біз мұндай аурулардың асқынып кетуіне жол бермеуіміз керек. Ол үшін үнемі халықтың арасында тексеру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, аурудың алдын алу мақсатында жасалынған жоспар тек қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде нақты, әрі толығымен орындалу керек», – деді С.Қайырбекова. Айта кету керек, емхананы аралау кезінде министр күндізгі стационар бөліміне де бас сұғып, ем алушылармен де тілдесті.
***
ӨМІР СҮРУ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ – ЕҢ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың Сыр еліне екікүндік жұмыс сапары кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңейтілген мәжіліспен қорытындыланды. 
Мәжіліске еліміздегі ұлттық орталықтардың жетекшілері мен аймақтағы медициналық ұйымдардың басшылары қатысты. 
Мәжілісті ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен қысқаша таныстырды. Аймақ басшысының атап өтуінше, 2013 жыл облыс үшін табысты болды. Өңіріміз инвестиция тарту жоспары бойынша жақсы жұмыс жасап, нәтижесінде 2012 жылға қарағанда екі есеге артып, салық түсімі де едәуір жоғарылаған.  Денсаулық сақтау саласының бюджетіне келсек, осы жылы бұл салаға 32,8 млрд. теңге бөлініп, 2012 жылмен салыстырғанда екі жарым есеге артқан. 
– Облыста денсаулық сақтау саласын дамытуға, тұрғындардың өмір сүру жасын ұзартуға бағытталған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға барынша көңіл бөлініп келеді. Салада бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан, қызылордалықтардың денсаулық индикаторы өкінішке орай әлі де болса төмен. Осы орайда біз депутаттармен бірлесе отырып, өзіміздің аймақтық «2013-2014 жылдарға арналған Жол картасын» жасадық. Оны іске асыру мақсатында бюджеттен 4,4 млрд. теңге бөлінді,– деді аймақ басшысы. – Осындай жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы салада бірқатар жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Мәселен, ана мен бала өлім-жітімі азайса, туберкулез, онкологиялық аурулардан да өлім көрсеткіші төмендегені байқалады. Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімді болуына баса назар аударылуда.  Осы мақсатта ауылдық ауруханаларды, дәрігерлік амбулаторияларды ашып, қайта қалпына келтіріп жатырмыз,– деп түйіндеді облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы. 
Онан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков 2013 жылы салада атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, ағымдағы жылдың жоспарымен таныстырды. 
Оның мәлімдеуінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс тұрғындарының денсаулық жағдайы мен демографиялық көрсеткіштерінде  біршама оң нәтижелер байқалып отыр. Мәселен, туу көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда 2012 жылмен салыстырғанда 28,2-ден 28,4-ке өсіп, республикалық көрсеткіштен жоғары деңгейді көрсетті. Соңғы үш жылда, жоспарлы түрде жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде, атап айтқанда, скринингтік байқаулар мен анықталған науқастардың амбулаторлық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіне байланысты жалпы өлім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 6,9-дан 5,8-ге төмендеген. Нәтижесінде, тұрғындардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы соңғы үш жылда 67,4-тен 70-ке өскен. Ана өлімі соңғы үш жылда 32,9 пайызға, сәби шетінеуі 30,5 пайызға төмендеген.  
Іс тетігі маманға байланысты екенін ескерсек, бүгінгі таңда облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты емдеу, алдын алу ұйымдарында жоғары білімді медицина  кадрларының тапшылығы 90 бос лауазым орнын құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,4 есеге төмендеген.  Сонымен қатар, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға да айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Осы орайда Қызылорда қаласынан 200 төсектік көпсалалы балалар ауруханасын салу, Қармақшы ауданынан ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысын бастау жоспарланса, Жалағаш және Сырдария аудандарында 7 ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Оған қоса, бірқатар денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы қаралуда.  
Мәжілісте, сондай-ақ,  Қызылорда облысында туберкулезге қарсы шаралардың сапасы, хирургиядағы жоғары технологиялық емдеу тәсілдері  және өзге де тақырыптар бойынша мамандардың хабарламасы тыңдалды. 
Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының директоры Жеткерген Арзықұлов журналистерге берген сұхбатында сапар мақсаты жөнінде жан-жақты әңгімеледі. 
– Екі күн болды еліміздегі бірнеше Ұлттық ғылыми орталықтардың жетекшілерінен құралған топ Сыр өңірінде жүрміз. Бұл топ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша құрылып отыр. Оның ішінде біздің Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталық та бар. Бұл бойынша инновациялық технологияларды және заманауи әдістерді пайдалана отырып, облыс көлемінде хирургтарға арнап шеберлік кластарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Ал ондағы мақсат аудандарда, облыс көлемінде өлім-жітімді азайту болып табылады. Топ мүшелері алдын ала аудандық ауруханалардың кадрлық ресурстарымен танысып, материалдық мүмкіндіктерін байқадық.   Осыған байланысты жоспар жасалды. Енді әр тоқсан сайын аудандық ауруханаларда аудандардың хирургтерімен бірге шеберлік кластарын өткізетін боламыз. Сонымен бірге, облыстық медицина орталығының базасында оқу орталығын және көпсалалы хирургиялық инновациялық алаң ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл науқастардың өзге аймақтарға бармай-ақ, жергілікті жерде қажетті емін алуына мүмкіндік бермек, – деді Жеткерген Арзықұлов. 
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Жаңақорған,
Шиелі аудандары.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ. 
Айнұр БАТТАЛОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 15 наурыз 2014 г. 2 234 0