Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған үкіметтік делегация Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Делегация құрамында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы, Инвестиция және даму, Ұлттық экономика, Ақпарат және коммуникациялар министрлері, сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және даму институттарының басшылары бар.
Сапар кезінде Бақытжан Сағынтаев пен делегация мүшелері облыс активімен және кәсіпкерлермен, сондай-ақ әлеуметтік сала өкілдерімен кездесті. «Қараөзек» газ компрессорлық станциясында болып, Арал ауданындағы балық өңдеу зауыты мен «Аралтұз» АҚ жұмысын көрді. Мұнда қоғам өкілдерімен басқосу өтіп, Солтүстік Арал жобасын жүзеге асыру, суармалы жерлерді жақсарту, ҚР Президентінің 5 әлеуметтік бастамасы аясында шағын несиелендіру ісін жетілдіру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағын дамыту барысымен танысты.
Облыстық әкімдікте өткен жиында аймаққа инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, индустрияландыру, технологиялық жаңғырту және 4.0 индустрия, цифрландыру, жұмыс орындарын ашу және өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтардың мәселелері айтылды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтағы Жобалық басқару жүйесінің іске асуы мен 2018 жылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының мақсатты көрсеткіштерінің жетістіктері туралы баяндады. Мәселен, соңғы 5 жылда облыста 50-ден аса өнеркәсіптік нысан іске қосылып, аймақ экономикасын әртараптандыру басталды, өңдеу өнеркәсібі жоғары қарқынмен дамуда.
Агроөнеркәсіптік кешен саласында оң динамика байқалады. Қазір экспортқа бейімделген өнім шығару және өңдеу ісіне екпін берілген. Мәселен, экспортқа шығаруға лайықталған күріш сұрыптарын егу жоспарлануда. Сонымен бірге, "жобалық басқару" аясында жергілікті шаруалардың өнімдерін сыртқы нарыққа тиімді шығаруына мүмкіндік беретін электронды сауда алаңы – агробиржаны құру көзделуде.
Облыстағы негізгі міндеттердің бірі – аймақ халқының әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамту.
«Несиеге үй алуға барлығының мүмкіндігі жоқ, сондықтан «Орда» тұрғын үй құрылысының жол картасы қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін жыл сайын облыстық бюджеттен 2 млрд. теңге қаржы бөлініп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан несиелік тұрғын үйлер сатып алынып, тұрғындарға алғашқы жарнасыз және кейін сатып алу құқығымен ай сайын жалпұл төлеу шартымен берілетін болады. Біздің «Орда» бағдарламасы Елбасының «7-20-25» бағдарламасының лайықты қосымшасы болады»,- деп атап өтті Қырымбек Көшербаев.
Қазіргі таңда облыста өнімсіз жұмыспен қамтылған және жұмыссыз 89 мың азамат бар, оларды әсіресе, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыта отырып, нәтижелі еңбекке баулу жоспарлануда. Осыны ескере отырып, 2018 жыл Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жарияланды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қызылорда облысында еліміздегі алғашқы «Сотсыз татуласу орталығы» пилоттық жоба ретінде ашылады. Айта кету керек, аймақта мұндай бастаманың үздік үлгілері бар. Мәселен, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов аулындағы қоғамдық бірлестік құрамындағы ақсақалдар ауылдастар арасындағы дауды бейбіт жолмен шешіп келеді.
Бүгінде облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 29 млрд.теңгеден астам қаржыға 66 жоба жүзеге асырылуда. Жобалар саны бойынша аймағымыз республикадағы алдыңғы орындардың бірінде.
Соңғы 5 жылда өңірде әлеуметтік саланың 200 нысаны пайдалануға беріліп, бірқатар мәселелердің шешілуіне мүмкіндік берді. Қазіргі негізгі міндеттердің бірі – өмірдің барлық салаларын цифрландыру.
"Біздің міндетіміз – тұрғындардың жайлылығы үшін онлайн қызмет түрлерімен қамтамасыз ету. Қазіргі кезде аймақты цифрландыру үшін 72 жобаны жүзеге асыру көзделуде, бұл мақсатқа облыстық бюджеттің өзінен 2 млрд.теңге бөлу жоспарланып отыр. 20 жобаның іске асырыла бастауы алғашқы кезеңнің «жеңісі» болды", - деді әкім.
Облыс жобалық басқару аясында 5 салалық – базалық индустриаландыру, агроөнеркәсіптік кешен, сауда, денсаулық сақтау және білім беру; 3 тікелей – жаппай кәсіпкерлікті дамыту, қаржылық тұрақтылық, нәтижелі жұмыспен қамту бағыттары бойынша 10 жобаның жүзеге асырылуына қатысуда.
Мәселен, аймақ «Инвестиция тарту» жобасы бойынша негізгі капиталға құйылатын инвестицияны 7,5 пайызға нақты өсіру туралы міндеттемме алды. Бұл республикалық көрсеткіштен жоғары, елімізде бұл көрсеткіш 5.1%.
«Аймақта инвестицияның нақты өсімін АӨК, базалық индустриаландыру, денсаулық сақтау, білім беру және туризм салаларында да республикалық көрсеткіштен арттыру жоспарлануда. 72 жобаны жүзеге асыру көзделуде, оның ішінде құны 1 млрд. теңгеден асатын 23 жоба және сомасы 1 млрд. теңгеге жуық 49 жоба бар»,- деп атап өтті облыс әкімі.
Нәтижесінде биыл аймақта өңдеуші сектордағы инвестиция көлемін 40%-ға, өңдеу өнеркәсібінің үлесін – 7,2%-ға, шикізаттық емес экспорт көлемін 16,7%-ға ұлғайту межеленіп отыр.
Бұған қоса, «Кәсіп жүргізу шарттарын жақсарту, бизнесті бақылауды және шығындарды азайту» жобасы аймақ үшін басымдыққа ие болып табылады. Жыл басында жалпы бюджеті 32 млрд. теңгеден асатын «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жол картасы» әзірленді. Оның ішінде 3 млрд. теңгеден астам қаржыны стартап-жобаларға бөлу жоспарлануда.
«Ағымдағы жылы шағын несиелендіру ісіне тек облыстық бюджеттің өзінен 1 млрд.теңге бөлінді, тағы 2 млрд. теңгені басқа қаржы көздерінен тартуды жоспарлап отырмыз. Өңірлік инвестициялық қор құны 500 млн. теңгеден асатын 171 жобаны мақұлдады»,-деді аймақ басшысы.
Бұдан бөлек, жұмыссыз және өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтардың жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруы үшін 3 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз грант беру үшін облыстық бюджеттен 200 млн. теңге бөлу жоспарлануда.
«Жобалық кеңсе» ақпараттық жүйесінде республикалық жобалардан бөлек 33 инновациялық және бюджеттік, сондай-ақ, экономиканы цифрландыру жобасына бақылау жүргізілуде. «Hack Day», «Бейресми жұмыспен қамтуды заңдастыру», «Агробиржа», «Арбат» және басқа жобалар пилоттық режимде іске асуда.
Қызылордада Бақытжан Сағынтаев Астананы газдандыру жобасы бастау алатын "Қараөзек" газкомпрессорлық стансасының жұмысымен танысты. Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылдың шілде айында Қызылорда облысында жоғары газкомпрессорлы "Қараөзек" стансасы іске қосылды. Қазақстанның орталық және солтүстік өңірлеріне көгілдір отын жеткізу дәл осы станциядан бастау алады. Қызылорда облысы үшін бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін тағы бір жоба.
Балық шаруашылығы қайтадан облыс экономикасының маңызды салаларының біріне айналуда. Тек соңғы 5 жылдың ішінде аймақта 4 балық өңдеу зауыты ашылды, балық өнімдерінің экспорты 8 есеге артты. Саланың дамуы туралы Бақытжан Сағынтаевқа "Арал балықөңдеу зауыты" ЖШС аралау кезінде баяндалды.
Арал ауданының жұртшылығымен кездесу барысында Солтүстік Арал жобасын жүзеге асыру, суармалы жерлерді жақсарту, ҚР Президентінің 5 әлеуметтік бастамасы аясында шағын несиелендіру ісін жетілдіру мәселелері талқыланды.
«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл республикалық және жергілікті бюджет есебінен «САРАТС-2» жобасының 4 бөлігін жүзеге асыруды бастадық. Олар – Қызылорда су торабына кешенді жөндеу жүргізу, қорғаныс бөгеттерін нығайту, өзен арнасын түзету және Қазалы ауданы бірлік елді мекенінің тұсынан көпір салу»,- деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Облыс әкімі Елбасының тапсырмасын уақтылы орындау мақсатында жобаның қалған 4 бөлігін іске асыруды жеделдетуді ұсынды.
Делегация барған келесі нысан "Аралтұз" АҚ болды. Айта кету керек, 2017 жылдың қорытындысы бойынша тұз өндіру көлемі 2012 жылға қарағанда 2,2 есеге артты, 2018 жылы өндірілген тұз көлемін өткен жылдың көрсеткіші секілді 25%-ға, ал 2021 жылы тағы да 2 есеге көбейту көзделуде. Сонымен қатар, отандық инвестор Қазақстанның даму Банкінің қолдауымен кальцийлендірілген сода шығару зауытын салуды жоспарлап отыр, құрылыстың бірінші кезеңі осы жылдың сәуір айында Арал қаласында басталады.
Нысан басында ҮИИДБ-2 бағдарламасы аясында аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды.
Мемлекеттік индустриаландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында 6 мың жұмыс орнын қамтитын 620 млрд.теңгенің 26 жобасы жүзеге асырылуда. 2018 жылы 650 жұмыс орнының құрылуымен 102 млрд.теңгенің 4 жобасын: молибден үш оксиді өндірісі, шыны және тампонажды цемент зауыттары, сондай-ақ, балық өңдеу кәсіпорындарын іске қосу жоспарланып отыр. Экспортқа бейімделген және жаңа технологияларды қолданатын бұл өндіріс орындары еліміздегі алдыңғы қатарлы нысандар болады.
Сондай-ақ, жақын арада Қытай, Түркия және Иран мемлекеттерімен бірлесіп 301 млрд.теңгенің 5 инвестициялық жобасын іске асыру межеленіп отыр. Мұнда 3,4 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Шетелдік әріптестермен бірігіп тағы 9 инвестициялық жоба жүзеге асады.
Естеріңізге сала кетсек, "Байқоңыр" кешеніндегі ұзақ мерзімді әріптестік тұжырымдамасының аясында қаланың болашақ дамуы, сонымен қатар шағын және орта бизнеске қатысты бірқатар ғарыштық бағдарламалар жүзеге асуда.
Сонымен қатар, "Восточный" космодромындағы ғарыш бағдарламаларының бөлігін "Байқоңырға" ауыстыру туралы шешім қабылданды. Қос тараптан 2022 жылы жер серігі бар қазақстандық зымыран тасығышын ұшыру үшін "Бәйтерек" бірлескен жобасын жүзеге асыру мерзімін жеделдету туралы келісілді.
Байқоңыр қаласының дамуын жаңа құрылыспен қатар, қолданыстағы инженерлік инфрақұрылым желілерін жаңғырту ісін Қазақстан тарапынан қаржыландыру механизмі бекітілді. Мәселен, қаладағы ауыз су және кәріз желілерін жаңғыртуды республикалық бюджет есебінен жүргізу үшін олар жалдан шығарылып, Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне берілді.
Байқоңыр қаласын газдандыру жұмыстары жалғасуда. Өткен жылдың қараша айында бірқатар тұрғын үй (447 пәтер), 5 мектеп және 1 балабақша көгілдір отынға қосылды. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының қаржысы есебінен 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. "Байқоңыр" кешеніндегі тұтынушылар үшін электр энергиясын бағасын төмендету шаралары да жүруде.
Кездесу барысында қатысушылар Елбасы жолдауындағы негізгі бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы да айтты.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңір дамуының оң динамикасын атап өтіп, бағасын берді.