ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНДАҒЫ ӨРКЕНДІ ӨЗГЕРІСТЕР

ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНДАҒЫ ӨРКЕНДІ ӨЗГЕРІСТЕРЖер қойнауынан алынып жатқан мұнай Қызылорда облысының басты байлығы болып отырғаны ақиқат. Әйтсе де, қара алтынның өндірілген көлемі соңғы жылдары кеми түсуде. Ол әрине, аймақтың экономикалық көрсеткішіне кері әсерін тигізетіні белгілі. Дейтұрғанмен де, облыстың 2013 жылғы көрсеткіші көңіл қуантады. Жалпы облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жақсы жаңалықтар аз емес. Бұл туралы «Сыр Медиа» ЖШС-нда орналасқан коммуникациялар орталығында өткен кезекті брифингте  облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова айтып өтті. 
Басқарма басшысының журналистер назарына ұсынған бірқатар деректеріне шолу жасап өтелік. Өткен жылы өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындарында өндірілген өнімнің көлемі 1,3 трлн. теңге болды. Ол 2012 жылдың сәйкес мерзіміндегі өндірілген өнім көлемімен салыстырғанда 100,1 пайыз. Өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай өсімге қол жеткізіліп отыр. Мұнай өнімдерін өңдеу, химиялық және жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнімдері көлемінің артуы есебінен өңдеу өнеркәсібінде өсім 19,3 пайызды құрады. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі қайта бағалауды есептегенде 40 пайызға артып, 371,3 млрд. теңгеге жетті. 2014 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыста белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 25,8 мың бірлікті құрап, 2013 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда 12,7 пайызға өсті. Сонымен қатар, онда жұмыс істейтіндер саны 6 пайызға артты. Шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі 0,9 пайызға өсіп, есепті кезеңде 249,3 млрд. теңгені құрады. 
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі ағымдағы бағамен 48,3 млрд. теңгені құрады немесе 2012 жылмен салыстырғанда 100,8 пайыз болды. 2013 жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 157,5 мың гектарға орналастырылды. Оның ішінде 79,2 мың гектары – дәнді дақылдар, 53,9 мың гектары – мал азығы дақылдары, 22,5 мың гектары – көкөніс, бақша және картоп, сондай-ақ 1,9 мың гектары майлы дақылдар. Ал мал азығы дақылдарының егіс көлемі 4 мың гектарға ұлғайтылды.    
«Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырының, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің жүзеге асырылуы құрылыс жұмыстары көлемінің 16,7 пайызға артуына мүмкіндік беріп, есепті кезеңде оның көлемі 150,1 млрд. теңгеге жетті. Бұл өз кезегінде көлікке қатысты көрсеткіштердің өсуіне оң әсерін тигізді.
Нақты секторда жаңа өндірістер ашу, шағын бизнесті дамыту және әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру есебінен 10014 жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы жұмыссыздық деңгейі ІV тоқсанда 5,2 пайызды құрады. 2014 жылдың 1 қаңтарына жергілікті бюджеттен аз қамтылған 446 отбасына 36,1 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек, 10428 отбасына 347,6 млн. теңге тұрғын үй көмегі төленді. Өткен жылы бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 97771 теңге болды, ол 2012 жыл көрсеткішімен салыстырғанда 104,5 пайыз. Мемлекеттік бюджетке 99,7 млрд. теңге салықтар және міндетті төлемдер түсті немесе болжам 107,3 пайызға орындалды. Оның ішінде республикалық бюджетке 52,9 млрд. теңге түскен (болжамға 105,5 пайыз). Жергілікті бюджет бойынша болжам 105,8 пайызға орындалып, 46,8 млрд. теңге түсті. 
Басқарма басшысы кездесуде облыс экономикасын арттыру  бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарына тоқталып өтті.  Мәселен,  аймақта металлургия саласын дамыту мақсатында металлургия  кластерін құру қолға алынуда. Сол секілді күріш консорциумы жұмысын өрістете бастаса, балық кластері бойынша жоспарланған жұмыстар ойдағыдай жүруде. Мал шаруашылығында «Сыбаға» бағдарламасы жұмыс істеп, сиыр етін өндіру артып келеді. Байқоңыр қаласы бойынша Қазақстан мен Ресей бірлескен «Жол картасын» қабылдады. Осы бағдарлама аясында Байқоңырмен қатар, Ахай және Төретам елді мекендерін көркейту міндеті тұр.  Ал облыстағы тірек ауылдарының саны 43-ке жетіп отыр. 
Облыстық бюджетті жоспарлауда әлеуметтік бағытқа басымдық беріліп келе жатқанын еске салып өткен басқарма басшысы бұған дейін өңіріміздің беделін түсірген кейбір көрсеткіштердің де жақсара түскенін айтты. Мысалы, ана мен бала өлімі бойынша көрсеткіш кеміді. Сол секілді 2012 жылы ҰБТ тапсыру бойынша ең соңғы 16-шы орында болсақ, өткен жылы 11-ші орыннан көріндік. Аймақтағы барлық саланың жұмысын алға бастыра беру облыс басшылығы тарапынан қойылып отырған талап екенін жеткізген Сәуле Ибрагимқызы мұнан соң журналистер қойған сауалдарға жауап берді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 15 наурыз 2014 г. 1 164 0