«АРАЛТҰЗДЫҢ» ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы ел экономикасына жаңа серпін әкеле бастады. Бағдарлама аясында өңірде жаңа технология енгізген кәсіпорындар ашылып, өнім түрлері көбеюде. Бір ғана мысал, испан технологиясын қолданатын екі бірдей тұз өндіретін цехты іске қосу арқылы «Аралтұз» АҚ экспортқа шығарған өнім көлемін 2017 жылы 65%-ке, Ресей нарығындағы үлесін 13%-ке жеткізді. Тұз өнімдерінің 20-ға жуық түрін шығаратын өндіріс экспорт көлемін еселеуді ­жоспарлап отыр.
Жалпы «Аралтұз» АҚ жар­намаға мұқтаж емес. Ол рес­публикадағы тұз қазу мен оны өңдеу бойынша ең iрi кәсiпорын болып табылады. Биыл мекеменiң құрылғанына 93 жыл толады. Йодталған ас тұзын шығаратын және оның негiзгi өндiрушiсi. Акционерлік қоғам сапалы тауар шығару бойынша көптеген ха­лықаралық және республикалық көрмелер дипломдарының иегерi. Әлеуметтік тұрғыда зауытта 1200-ге жуық  жұмысшы қызмет атқаруда.
2001-2003 жылдары «Аралтұз» АҚ-да зауыт тарихында бiрiншi рет қайта құру жұмыстары атқарылып, өндiрiске «тұзды екiншi рет байыту» технологиясы енгiзiлген. Яғни тұзды жуу, майдалау, йодтау және кептіру жұмыстары қазіргі заман талабына сай орындалуда.
Жоғарыда атап өткеніміздей, 2012 жылдан бастап «Аралтұз» АҚ-ға жаңа инвестордың келуіне орай, көптеген игілікті жұмыстар жүзеге асты. Соның арқасында «Аралтұз» АҚ ас және техникалық тұз өндірісін ұлғайту» жобасын іске қосты. Жобаға екі жарым миллиард теңгенің үстінде инвес­тиция салынып және  дүние жүзі бойынша тұз өндіруге арнал­ған құрал-жабдықтың көш­­басшысы Испания  («Construcciones Mecanicas J.SER­RA, S.A.») компаниясының  құрал-жабдықтары алынған. Бұған дейін зауыт өнімділігі жылына 120 мың тонна болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы өнімділікті 1,7 есеге ұлғайтуға мүмкіндік алды.  Бұрын «Аралтұз» АҚ-ға ішкі нарықта ас тұзының 70%-і тиесілі болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы ішкі нарықтағы үлес 90%-ке дейін жеткен. Сәйкесінше, сыртқы нарықтағы үлесі де ұлғайған.
Бүгінде мұнда тұздың түр-түрі өндіріледі. Ас тұзынан бастап, мал бордақылау кезінде жемге қосып беретін брикеттелген тұзға дейін. Комбинаттан шығарылатын тұздың бірнеше түрі бар. Бірінші – ас тұзы. Йодталған, тағамның барлық түріне қосылатын тұз полиэтилен дорбаларға 1 килодан салынады. Базарға барсаңыз, то­лып тұр. Тұздың осы түрі 12 және 22 килолық қапшықтармен де өндірістен өтеді. Ал алыс-жақын шетелдерге 10 килодан бастап 50 килолық қаптармен ұсынылып жатады. Екіншісі – техникалық мақсаттарға қолданатын тұз. Көбіне мұны жабық вагондарға тиеп шығарады немесе 60 килолық қаптарға салады. 1 тонналық жұмсақ контейнермен ұсынатын түрі де бар. Үшіншісі – жемге арналған брикеттелген тұз. Кәсіпорынға қаржы құйы­лып, заманауи жабдықтар орна­тылғаннан кейін өнімнің де сапасы айтарлықтай артты.
Аралтұз» өнімінің 60 %-і – Ресейге, 5 %-і –Қырғызстанға экспортталады. Қалған бөлігі ішкі нарыққа тиесілі. Биыл зауыт жылдық жоспарын 370 мың тоннаға жеткізбек. Бұл Иран, Қытай, Біріккен Араб Әмірлігі секілді елдерге де тұз саудалауға жол ашқалы тұр.
Сонымен қатар, Арал қала­сындағы кальцийлендірілген сода өндірісі зауытының құрылысы жо­басын жүзеге асыру үшін қытайлық «Хайси Дэшен» трансұлттық компаниясы тартылды, біріккен кәсіпорын құрылды. Биыл құрылыс жұмыстарын бастау жоспарда бар.
Елбасының қолдауымен жү­зе­ге асқан индустриялық-иннова­циялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы – бизнесті дамытуға және жаңа бастамаларды іске асыруға кең өріс алған. Жалпы қазіргі таңда Индустрияландыру бағдарламасы аясында облыста іске қосылған 20 жобаның 15-і өнім өндіруді қамтамасыз етуде. Оның ішінде 12 жоба жоспарлы қуаттылығында 90-100% көлемінде жұмыс істеуде. Іске қосылған индустриялық жобалар арқылы өткен жылдың 12 айында 18,4 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Экспортқа шығарылған өнім көлемі 5,8 млрд теңге құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 28,8% ұлғайып отыр.
Бүгінгі күні Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжы­л­дығы аясында облысымызда құны 610,1 млрд теңгені құрайтын 25 жоба іске асырылуда. Олардың ішінде 2015-2017 жылдары 5 инвестициялық жоба (құрама жем, үй құрылыс комбинаты, тұз өндірісі, қаптама кірпіш және асфальт өндіретін зауыттары) іске қосылып, 407 тұрақты жұмыс орындары ашылды. Өткен жылы ірі инвестициялық жобалар арқылы 27 млрд теңгеге жуық инвестиция игерілді.
Сонымен қатар, индустрия­ландыру картасы аясында құны 102,6 млрд теңге құрайтын 4 жобаның құрылысы жүргізілуде. Олар – шыны, тампонажды цемент, молибден және құс зауыттары. Шыны зауытына салада тәжірибесі мол қытайлық «Чайна Триумф» компаниясының тартылуымен құрылыс жұмыстары қайта жаңғырды. Жаңа технологияларды енгізу арқылы жобаның ІІ кезеңін – аса жұқа және мөлдір шыны өндіру зауытының құрылысы жобасын осы жылы іске асыру жоспарлануда. Бұл Қазақстандағы және ТМД елдерінің аумағындағы жалғыз зауыт болады.
Өңірлік картаны жаңа жоба­лармен толықтыру мақсатында шетелдік инвесторлармен бір­лесе жалпы құны 83,5 млрд теңгені құрайтын, 873 жұмыс орнын қамтамасыз ететін 3 жоба қарастырылуда. «Сыр Маржаны» ЖШС-ның «Ет комбинаты» жобасын ирандық инвесторлармен іске асыру үшін Қызылорда қаласы Белкөл кенті маңынан 15 гектар жер телімі қарастырылған. Сараптамалық кеңестің оң қо­ры­тындысы алынып, тиісті органдарға жолданды.
Түркиялық «Юлдизлар ССС холдингі» компаниясы керами­калық бұйымдар шығару жобасын іске асыруды жоспарлауда. Бүгінгі күні «Өңірлік үйлестіру кеңесіне» ұсыну үшін тиісті құжаттар әзірленуде (43,5 млрд теңге, жұмыс орны – 400 адам, жоба қуаттылығы 27 мың тонна керамикалық бұйымдар). Одан бөлек, Қытайлық «Интернешнал минин девелопмент техноложи лимитед» компаниясы «Талап» кен орнында мырыш өндірісін ашуды жоспарлап отыр. Жоба құны – 39,2 млрд теңге, жұмыс орны 450 адам болмақ.
Өңірімізде жүзеге асырылып жатқан жобаларға сүйемелдеу көрсету мақсатында ҚР Инвестиция және даму министрлігі арқылы 4 жоба бойынша инвестициялық келісімшарт жасалынды. Әрбір жүзеге асырылған жоба жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз ететіні белгілі. Демек, индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжыл­дығы аясында өңірімізде 6,3 мың жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.
Облыс бойынша 8 индус­триялық аймақ құру үшін жалпы көлемі 939,9 гектар жер телімі бөлінген. Сол аймақтарда құны 192,2 млрд теңге құрайтын 36 жоба іске асырылады. 2017 жылы жалпы құны 367,5 млн теңге құрайтын 5 жоба іске асырылып, нәтижесінде индустриялық аймақтардағы жобалар саны 14-ке ұлғайды. Ал, 2018 жылы жалпы құны 102 млрд теңге құрайтын 6 жобаны іске қосу міндеті тұр.
Саралай келгенде, Индустрия­ландыру бағдарламасы аясында іске қосылған жобалар өңдеу өнеркәсібі саласын, инвестиция көрсеткіштерінің өсімін ұлғайтуға жаңа сипатта қарқын берді. Бұл, әрине, Елбасы бастамаларын барынша тиімді түрде жүзеге асырудың өңірдегі жарқын көрінісі.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 наурыз 2018 г. 669 0