МЕМЛЕКЕТТІК - ЖЕКЕ ӘРІПТЕСТІК – КӨШІЛГЕРІ ІСТЕР КЕПІЛІ

Өткен айда «Forbes» журналында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың сұхбаты жарияланды. Сұхбат барысында журнал тілшісінің «Дағдарыс кезеңінде орасан зор инвестиция қажет ететін сала – тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына қаржыны қайдан таба алдыңыздар?» деген сауалына аймақ басшысы республикалық бюджет ортайып бара жатқан тұста мемлекеттік қолдауға иек артуға бара алмағанын, қиын жағдайдан мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту және Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық жасау арқылы шығуға бел байлағанын жеткізген еді.
Шынында бұл салада біздің облысымызда айтарлықтай жетістіктер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бюджет мүмкіндігінің шектеулігін ескере отырып, Еуропалық қайта құру және Даму Банкі, Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы және басқа халықаралық қаржы ұйымдарының ресурстарын тарту жұмыстары тиімді жалғасуда. Осының нәтижесінде мемлекеттік-жеке  әріптестік негізінде әлеуметтік және басқа да бағыттағы жобаларды жүзеге асырудан Сыр өңірі республикада көш бастап келеді.
2015 жылдың өзінде елімізде алғашқы болып «Балапан» бағдарламасын жүзеге асырып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз еттік. Бұл жағдайда, біздегі балабақшалардың 71 проценті мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде жұмыс істейді. Бес жылда олардың саны 2 есе өсті.
Өткен жылы МЖӘ аясында келесі жобалар бойынша жеңімпаз инвесторлар анықталғанын атап өту қажет. Олар – Қызылорда қаласындағы «Тарлан» дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне қызмет көрсету сервисі,  400 келушіге арналған емхана, «Мерей» шағын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жалдау, Жалағаш ауданының Таң ауылдық округінде 90 орындық «Таң бөбегі» балабақшасы, Шиелі ауданы Ақмая және Алғабас ауылдық округтерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жалдау жобалары. Сол секілді олардың қатарына Арал ауданының Бекбауыл, Қазалы ауданының Өркендеу, Сырдария ауданының Ақжарма елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялар құрылысы жобаларын айтуға болады.
Айта кету керек, МЖӘ механизмі шеңберінде алдағы уақытта 60 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Ол туралы облыс әкімі 2018 жылға арналған бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарында атап өтті. Бұл әлеуметтік сала, энергетика, қоғамдық тәртіп, жолаушылар тасымалы және байланыс саласындағы жобаларды қамтиды. Мәселен, Қызылорда қаласында жаңа халықаралық аэропорт терминалы құрылысының жобасы, облыс орталығында 600 орынға арналған кәсіптік-техникалық лицей құрылысы, Тасбөгет кентінде оңалту орталығы мен емхана құрылысын бастау, қала көшелерін жарықтандыру, бейне-бақылау орнату сынды жобалар бар. Сырдария өзенінің сол жағалауында 320 орынға арналған балабақша мен емхана құрылысы бойынша да құжаттар әзірлеу қолға алынатын болады. Сонымен қатар, көптеген елді мекендер бойынша дәрігерлік амбулаториялар құрылысына жобалар дайындалуда.
Міне, мұның бәрі облыста мемлекеттік-жеке әріптестік механизмінің сауатты әрі сапалы жүзеге асып келетінінің дәлелі. Барлық жобалар бюджет тиімділігін, сондай-ақ ақылы қызметтер көрсету арқылы объектілердің ұстап тұру шығындарын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде бюджетке жүктемені айтарлықтай азайтады.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 наурыз 2018 г. 591 0