«САРЫАРҚА» ГАЗ ҚҰБЫРЫ СЫРДАН БАСТАУ АЛАДЫ

Елбасы жариялаған 5 әлеуметтік бастаманы талқылаған Үкімет Астанаға газ жеткізу жұмысын «Сарыарқа» газ құбыры жобасы деп атады. «Қараөзек» газ айдау станциясынан басталатын бұл жоба «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырын салуда қаперге алынған болатын.
Өткен жылдың алғашқы жар­ты­сында Қазақстанда газ инфра­құрылымының жоғары техно­логиялық екі нысаны салынды. Олар – Ақтөбе облысындағы «Бозой» және Қызылорда облысындағы «Қараөзек» компрессорлық станциялары. Мұны елді отандық газбен қамтамасыз етуді, стратегиялық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистраль­ді газ құбырының тасымалдау мүмкіндігін арттыруды мақсат еткен ұлттық оператор – «ҚазТрансГаз» компаниясы жүзеге асырды.
Еліміздің батысынан басталатын құбыр оңтүстікті «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуде зор мүмкіндіктер берді. Облыс аумағынан өтетін 846 шақырымдық газ желісінің игілігін Сыр жұртшылығы айқын көріп отыр. Бүгінде Қызылорда қаласын газдандыру 95 процентке, облыстың газды тұтынуы 63 процентке жеткенін атап өтуге болады. Жалпы, 2014-2017 жылдары облыс елді мекендерін газдандыруға 29 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал өңірдің қалған 3 аудан орталығын (Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек) газдандыру жұмыстарына бюджеттен қаржы қарастыру 2018-2020 жылдарға жоспарланған. Жобалардың жалпы құны шамамен 13 млрд теңгені құрайды.
Аталған екі компрессорлық станциялардың іске қосылуы магистральді газ құбырының жылдық өткізу қабілетін шамамен 10 млрд текше метрге дейін арттыруға мүм­кіндік береді. Олар «көгілдір отынның» Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Қытай нарығына экспортқа жеткізілуін қамтамасыз етуде. Сарыарқаға Сыр елінен табиғи отын жеткізетін станция магистралды газ құбырынан 944 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол осы құбырдың өткізгіштік қабілетін арттырып қана қоймайды оның тұрақты технологиялық режимде жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Жаңа нысан газ айдаушы агрегаттармен және заманауи жабдықтармен жабдықталған. Мұнда газ құбырлары, газды есепке алу торабы, басқа да инфрақұрылымдық нысандар салынған. Станцияда американдық компанияның жоғары технологиялар негізінде әзірленген газ турбиналық қондырғылары орнатылған. Барлық 3 агрегатты пайдаланған кезде компрессорлық станцияның өнімділігі тәулігіне 43,5 млн текше метрге жетеді.
”Мамандардың есептеулері бойынша «Сарыарқа» магистральді құбырының ұзындығы 1800 шақырымды құраса, жобаның құны 200 млрд теңгенің үстінде болмақ. Құбыр Қарағанды мен Астанаға 3 млрд текше метр газ жеткізе алады. Сондықтан негізгі қуат көзі – «Қараөзек» газкомпрессорлық станциясының бұл жұмыстарда маңызы ерекше. Бір ғана станцияда жүздеген адам жұмыс істейді. Алып құрылыс қызылордалықтарға жаңа жұмыс орындары болумен қатар, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына игі ықпал етеді. Жобаның бір жарым жылда жүзеге асуы тапсырылғанын ескерсек, алда қызу да қауырт жұмыстар күтіп тұрғанын байқауға болады.
Үкіметте тиісті орындарға «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағытындағы жобаға халықаралық қаржы институттарынан қаржы тарту мәселесі тапсырылды.

Ж.ӘБІШОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 наурыз 2018 г. 646 0