Наурызға арналған ас

Астана қаласында тұратын қазалылықтар биылғы Наурызды ерекше қарсы алды. Жерлестеріміз Наурыз мерекесінің алғашқы күні елорда төріндегі ең үлкен мешіт – Әзірет Сұлтан мешітіне жиналып,бабалар рухына арнап арнайы ас берді. Наурыз қашан да жылылық пен мейрімділікті, ізгілік пен қайырымдылықты, тірлік пен бірлікті ала келген. Бұл жолы да Наурызға арналған ас көктеммен бірге келген күн мен жан шуағын сыйлады.

Асты ашқан осы игілікті істің ұйымдастырушысы Қаршыға Жұмабаев Наурыз асының атына сай шапағаты тиер ас екеніне тоқталды. Былтыр алғашқы Наурыз асын өткізген кезде жиналған жұрт сауабы мол қайырымдылықты да ойлай жүрейік деп бәтуаласқан екен. Соған орай екі Наурыз арасында қайырымды жандардың көмегі арқасында жәрдем алған мұқтаж адамдардың аты-жөндерін атады. Олардың тізімі, алған жәрдемі туралы ақпарат берілді. Қамқоршысы қайтыс болған отбасыларға, ем-дом үшін берілген жәрдем туралы айтылды. Басқа да қолдау мен қамқорлық көрсеткен жандар үлгі етілді.

Ем-дом үшін қолдау көрсетілген жандар атынан сөз алған Жадырасын Сәдуақасұлы қиын кезде көмек беретін ағайынның алақанын, бауырдың барын білдіретін Наурыз мерекесіне, жерлестердің жәрдеміне ризашылығын білдірді.

Елордада екінші рет өткізіліп отырған  игілікті шараның өткен жылғыдан тағы бір ерекшелігі – бұл жолы қазалылықтармен бірге Қармақшы және Арал аудандарынан құрметті қонақ ретінде шақырылғандар да бар екен.

Академик Көпмағанбет Елемесов, еңбек ардагері Алмас Әзілханов, белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлов және тағы басқа танымал жерлестердің жанынан Астанада оқып жатқан, жұмыс істеп жүрген жастардың көп екенін көріп қуандық. Төретам станциясынан арнайы келген еңбек ардагерлері Дінәлі Тәңірбергенұлы, Тиышбай Шермаханұлы да қазалылықтардың игі істеріне көрші ауылдың ағайындары – қармақшылықтардың да қолдау бере беретіндерін жеткізді.

Сондай-ақ, құрметті қонақтар атынан сөз алған Сыр өңірінің тумасы, экономика ғылымдарының докторы, Жамбыл облысының құрметті азаматы Алданыш Нұрымов қазақылықтың қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан ағайындардың қайда жүрсе де ата-баба дәстүріне деген адалдықтары осындайда көрінетіндерін атап өтті.

Жанқожа батырдың бесінші ұрпағы болып келетін Амангелді Қобыланұлы, Жасарал Көрегеновтер батыр бабаларының ерлігін дәріптеп отырған халыққа риза екендіктерін айтты. Ер ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Өткен жылы Қазақстанның Өзбек елімен шектесетін шекара бекетінің біріне (Қазалы ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылының аумағындағы) Жанқожа батыр есімі берілді. Батыр баба есімін ұлықтау туған өңірімен ғана шектеліп отырған жоқ. Астана қаласына қарайтын «Ильинка» тұрғын алабының бір көшесіне Астана қаласы әкімдігінің 2009 жылғы 23 қарашадағы қаулысымен және мәслихатының шешімімен  Жанқожа батыр есімі берілген болатын.Осы орайда «Ильинка» тұрғын алабында қазалылық жерлестеріміздің көптеп тұратынын айта кеткіміз келеді. Сондықтан ас беру кезінде осы елді мекеннің тұрғындары батыр атындағы көшенің басталар тұсына немесе Астана қаласының бір саябағы ішінен Жанқожа батырға ескерткіш қою туралы мәселе шешілсе, жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, қаржы жағынан көмек көрсететіндерін айтып жатты.

Сыр өңіріне ғана емес, елімізге кеңінен танымал жырау, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов: «Атамекен жер ортақ, батыр баба ер ортақ, данадан қалған сөз ортақ, жақсыны көрер көз ортақ, мақсаты бір жол ортақ, бір жеңнен шығар қол ортақ, жауға қарсы күш ортақ, осындайда бас қос қосқан, ағайынның ісі ортақ» дей келіп, туған жерден түлеп ұшқан жандардың қайырымды тірліктерін, ағайындық бірліктерін жыр шумақтарыменөрнектеді.

Генерал-майор Әлімжан Ерниязов жырау ағасын іліп әкетіп, қолбасшыға тән мінезбен: «Туған жерім дейтін, өскен елім дейтін, жүректері дүрсілдейтін, бауырлары бүлкілдейтін асыл ағалар мен алтын асық інілер бар да Наурызда насихатталатын, туған елдің шежіресіне хатталатын игілікті істердің жалғаса беретінін» ерекше көңілімен, әсерлі тілегімен жеткізді.

Қай уақытта да қазақы ас берудің жарқын үлгісін көрсете білетін қазалылықтар Астана төрінде де жиналған жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Үлкен ақсақал, қажы Жұбатқан Әбдікәрімұлының әдемі батасынан кейін, қазалылық келіндер табақ алу үшін кезекке тұрды. Сапта тұрған тәртіпті сарбаздай боп жарасымды тұрған келіндердің бас иіп, сәлем салулары қанға сіңген қасиет, ғибраты мол ғанибет емес деп кім айтады.

«Өлі разы болмай тірі байымайды» деген ұстанымды халқымыз бағзы заманнан бері сақтап келеді. Сейітқұл ұлдары Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би, Нұрмұхамедұлы Жанқожа батыр, Ақайұлы Ақтан батыр, Құрманұлы Басықара батыр және Сыр елінің атын шығарған басқа да батыр бабалар мен танымал тұлғалардың, туған өлкенің топырағынан жаралған, пейіштен орын алған жандардың аруақтарына арналған дұғаны Қазалының түлегі Әділ қажы оқыды.

Сөйтіп, қыс ызғары кете қоймаған Астанаға жылы шуағын ала келген Наурыз шапағаты – қазалылықтар ұйымдастырған ас үлкен ұйымшылдықпен өтті.Осы орайдаНаурыз асын ұйымдастыруды басқарып жүрген, туған жердің жанашыры, жерлестерінің жетекшісі, ұзақ жылдар бойы Қазалы ауданындағы «Құмжиек» кеңшарында абыройлы еңбек еткен еңбек ардагері, қазіргі уақытта Астана қаласының маңындағы «Қосшы» ауылында тұрып жатқан Қаршыға Жұмабаевтың еңбегін бөле-жара айтқымыз келеді.

Әрине, мұндай төрт жүзге жуық адам жиналған үлкен жауапты істі бір адамның ұйымдастыруы мүмкін емес, дейді Қаршыға аға. -  Сондықтан екі жыл бойы осы қайырымдылық ісінің – Наурыз асының басы-қасында жүрген көмекшілерім –  жерлес інілерім Сейілхан Әлмаханов, Оңдасын Тілегенұлы, Әділбек Бөкенбаев, Асқар Бакубаев, Енберген Сахитжан, Маралбек Ешниязов, Бауыржан Оралбаевтардың еңбектерін ел білсе екен деймін. Туған жердің топырағынан нәр алған намысты жігіттер деп осындай інілерді айтуға болады. Астана қаласында тұратын, бірі құрылыста, бірі жеке кәсіпкер, бірі темір жол саласында жүрген олар осындай сауапты істер кезінде қасымнан табылып, көмектерін еш аяған емес.  Сондай-ақ асты жүргізуге қатысқан,Бозкөл ауылының тумасы, бұрын қаржы саласында қызмет еткен, қазір Астана қаласының зейнеткері Мұса Ахметовтің есімін,осы астағы жүргізуші – асабалық еңбегін ерекше атағым келеді.Елдің алғысын алу ең үлкен құрмет. Оның бәрін жаңа ас үстінде жиналған қауымның ақ тілегінен, шын көңілден білдірген ризашылықтарынан байқадық. Алла жазса, осы ісімізді жалғастыра беру ойымызда бар.
    Иә, туған жерді құрметтеу, туған өңірден шыққан ерлердің есімдерін дәріптеу, жәрдемге зәру жандарға көмектесусияқты игі істердің бәрірухани жаңғыру екенін Елбасымыз да айтып келеді. Ендеше, туған жерге тағзым ете алатын жандар бар да қандай  істі де жандандыруға болады.
  Міне, Астана төрінде өткен Наурыз асы – наурыз шапағаты осындай жақсы әсер қалдырды. «Наурыздан наурызға аман есен жеткізсін, осындай ізгілікті іс көбейсін» деп шын қуанып, қимай тарасып жатқан ағайынды көріп, бәріміздің де көңіліміз марқайып қалды.

 
Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
Астана қаласы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 наурыз 2018 г. 924 0