Өткен жылы 30-31 мамырда облыс әкімдігі Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы дирекциясымен бірлесіп, Қызылорда қаласында бірінші Арал халықаралық тұрақты дамыту форумын ұйымдастырды. Форум жұмысына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, Парламент депутаттары, Қазақстан мен Орта Азия елдерінің орталық және жергілікті мемлекеттік органдарының, еліміздегі дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, халықаралық ұйым өкілдіктерінің жетекшілері, ғалымдар, сарапшылар қатысты. Форумда өзара ынтымақтастық туралы бірқатар келісімге қол қойылды. Шара қорытындысында форумның қарары қабылданып, 26 наурыз – «Арал теңізінің күні» деп жарияланды. Атаулы күн аясында биыл ауқымды шараларды ұйымдастыру қолға алынды.
Ал 30 маусым-1 шілде күндері Арал ауданында Қамбаш көлінің жағасында дәстүрлі Арал өңірі балықшыларының халықаралық үшінші слеті өтті. Оған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясының өкілдері, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы, Ресей Федерациясының кәсіпкерлері, Дания мемлекеті мен республиканың Ақтөбе, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан делегациялар, сонымен бірге, балық шаруашылығы саласының озаттары мен ардагерлері қатысты.
Арал өңірі балықшыларының слетін соңғы үш жылдан бері тұрақты өткізу дәстүрге айналды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы бұйрығымен шілде айының бірінші жексенбісі балықшылардың кәсіби мерекесі болып бекітілді. Осыған байланысты кезекті төртінші слетті биыл шілде айында өткізу жоспарланып отыр.
Жалпы, Елбасының пәрменді беделімен жүзеге асырылған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңі үлкен нәтиже берді. Ол, әсіресе, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде балық шаруашылығының алға басуына жол ашты. Ғасыр жобасының алғашқы кезеңінде атқарылған шаралар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде балық шаруашылығын дамытуға жаңа леп әкелді.
Жоба шеңберінде Солтүстік Арал теңізіндегі Көкарал су тоспасы, Әйтек су құрылысының кешені және Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынды. Сөйтіп, теңіздегі балық қоры молайып, теңіз маңын мекендеген халықтың игілігіне айналды. Азғантай жылдың ішінде теңіз Арал қаласына 17 шақырымға дейін жақындады. Сонымен қатар, Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі көбейіп, өңірдегі көптеген биологиялық түр қалпына келе бастады.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сәйкес, соңғы бес жылда облыс аумағында балық аулау көлемі 80%-ке, оның ішінде Кіші Арал теңізінде 70%-ке өсті. 2013-2017 жылдары облыс бойынша барлығы 36 924 тонна (2013 жылы – 6226, 2014 жылы – 6725, 2015 жылы – 8394, 2016 жылы – 7883, 2017 жылы – 7696 тонна) балық ауланды.
Қазіргі таңда 10 шаруашылық тауарлы балық өсіру шаруашылығы статусын иеленді. Кәсіпорындарда негізінен тұқы тектес және өсімдік қоректі балықтар өсіріліп жатыр. Аймақта балық шаруашылығы үшін маңызды 18 учаскеден тұратын Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені мен 203 су айдыны бар. Балық өңдеумен айналысатын 8 зауыттың жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан асады. Аталған зауыттарда 450-500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Балық өнімдерін экспорттайтын 6 мекеме бар. Олар – жеке кәсіпкер «Игіліков», «Арал сервистік дайындау орталығы», «СПК Қызылорда», «Қуаныш», «Камбала балық» серіктестіктері мен «Жамбыл» өндірістік кооперативі. 4 зауыт еуропалық сапа стандартына сәйкестігін растайтын «Еурокод» белгісін алған.
Соңғы 5 жылда балық өнімдері экспортының көлемі 8 есе өсті. 2013-2017 жылдары облыстан барлығы 9908 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды. 5 жыл бұрын көрсеткіш 411 тонна болса, былтыр 3400 тоннадан асып түсті. Алыс-жақын шет мемлекеттерге көбіне көксерке балығының сүбесі, қатырылған және мұздатылған балық өнімдері жөнелтіліп келеді.
Экспорт өнімінің 70%-і немесе шамамен 2200 тоннасы – Ресей Федерациясына, 900 тоннадан көбі – Еуропа елдеріне, оның ішінде Дания, Нидерланд, Польша мемлекеттеріне шығарылса, 60 тоннадайы биыл бірінші рет Қытай мемлекетіне жөнелтілді. Арал теңізіндегі ең құнды су маржандарының бірі – көксерке Еуропада ерекше сұранысқа ие. Өйткені оның құрамында қажетті дәрумендер өте көп. Зауытта көксеркенің сүбе еті кесіп алынып, шет елге бөлек экспортталса, қалған бөлігі осында қалдықсыз өңделеді.
Соңғы жылдары балық шаруашылығы үшін маңызды су айдындарына мелиорациялық жұмыстар жүргізуге, яғни каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыс нысандарын жөндеуге, жаңадан салуға облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Мысалы, өткен жылы облыстық бюджеттен 470 млн 308 мың теңге бөлініп, Қазалы ауданындағы Мариям-Ақкөл, Қармақшы ауданындағы Қаракөл, Таскөл, Қоңыраулы көлдерін сумен қамтамасыз ету және олардың экологиялық жағдайын жақсартуда мелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Мұндай шаралар биыл да жалғасады. Атап айтқанда, Арал ауданындағы Тұщы және Қаракөл көлдерінде балық шаруашылығын дамыту мақсатындағы жұмыстарға 270 млн 157 мың теңге қаржы бөлініп отыр.
Аңқасы кепкен Аралдың айдыны толып, бұрын көшіп кеткен халықтың туған жерге қайта орала бастауы көңілге қуаныш ұялатады. Мемлекет басшысының идеясымен қолға алынған ғасыр жобасының бүгінгі игілігінен Арал өңірінің келешегі кемел екенін аңғаруға болатындай.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».