АРАЛ: ОЯНҒАН ҮМІТ, ЖАЛҒАНҒАН ҮРДІС

Бүгінде Арал өңірі үшін өмірлік маңызы бар САРАТС жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру басталып кетті. Халықаралық Аралды құтқару қорының 25 жылдығы және «Арал теңізі күніне» арналған шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осылай мәлімдеді.
Халық «ғасыр жобасының» жалғасына үлкен үміт артып отыр. Бұл Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсартуға, балық шаруашылығын дамы­туға әрі халықтың тұрмыс-тіршілігін түзеуге сеп болмақ. Бір жағынан, теңіз Арал қаласына жетеді.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Мемлекет басшысының алдында Қызылорда облысын тарату және Арал халқын көшіру туралы екі құжаттың жобалары жатты. Алайда, Алашқа ана, талайға пана болған Сыр өңірінің тарихын сыйлап, болашағына сенген Елбасы Аралды сақтап қалу мақсатында САРАТС («Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау») жобасы мен облысты таратпау жөнінде тарихи шешімдер қабылдады. Мұны саяси әрі экономикалық тұрғыдан көрегенділікпен қабылданған шешім деуге әбден болады, – деді аймақ басшысы.
«Ғасыр құрылысы» аяқталып, «Көкарал» бө­геті пайдалануға берілгелі Аралдағы ағайынның тіршілігіне қан жүгірді. Теңіз жағалауы аудан орталығына 100 шақырымнан 17 шақырымға жақындады. Елең-алаң шақта тұрмыс түйткілімен Каспий, Балқаш, Алакөл мен Қапшағайға көшіп кеткен өңір балықшылары елге оралып, ата кәсіптерімен қайта қауышты.
Адамзат тарихындағы аса ірі экологиялық зардаптардың бірі – осы «Арал дағдарысы». Оның зардабын Арал теңізі бассейнінде өмір сүретін 35 млн адам тартып отыр. Тоқсаныншы жылдарға қарай теңіз деңгейі 22 метрге төмендеп, су көлемі 10 есе шамасында кеміді. Судың тұздылығы 70 г/литрге жетіп, Арал «өлі теңізге» айналды. Көп жерде өзінің ескі жағалауынан 100-150 шақырымға алыстап кеткен.
– Әмудария мен Сырдария өзендерінің бассейндерінде суғару-мелиоративтік жұмы­сы әлі күнге дейін жалғаса бергенде  ХХІ ғасырдың басында Арал теңізі толық жойылар еді. Өкінішке қарай, теңізді толықтай қалпына келтіру мүмкін емес. Күрделі экономикалық жағдайларға қарамастан Қазақстан бөлігі Арал теңізінің проблемаларын назардан тыс қалдырмай, ұдайы көңіл бөліп отырды. Нәтижесінде Арал балығымен мақтана алатындай берекелі, құтты мекенге айналды, – деді облыс әкімі.
Ширек ғасырда өңірдің әлеуметтік-экологиялық пробле­маларын шешуге бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылды. Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шаралар ХАҚҚ-ның араласуымен одан әрі қарқынды түрде жалғасады.
Шараға Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Мелиорация және су шаруашылығы экс-министрі Нариман Қыпшақбаев, Балық шаруашылығының экс-министрі Құдайберген Саржанов, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев, ХАҚҚ Қазақстандағы атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекнияз және басқа сала мамандары қатысты. Бұрынғы Мелиорация және су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев көпшілікті Арал теңізі күнімен құттықтады. Тартылған теңіз мәселесі Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіретінін айтып, Орталық Азия елдерін экологиялық проблеманы бірлесе шешуге шақырған Елбасының ролін жоғары бағалады.
– Сырдария өзенінің арнасын тазалау, кіші Аралды сақтау, экологиялық оңалту шараларын жүргізу, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы шаралар үзіліссіз жалғасып келеді. Осындай жұмыстардың арқасында сан түрлі түйткілдің түйіні тарқатылды. Бұрын басқа өңірлерге қоныс аударған халық қайта оралды, ауданға су жеткізілді, денсаулық сақтау орындары, басқа да әлеуметтік нысандар ашылды, – деді экс-министр.
Бұрынғы балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржанов Арал балықшыларының күнін тойлау үрдісі отыз жылдан бері үзіліп қалғанын, тек 2015 жылдан бері Сыр өңірінде балықшылар слеті аталып өтіп келе жатқанына ризашылығын жеткізді.
– Бұл шаралардың барлығы Арал теңізінің мәселесіне әлем назарын аудару мақса­тында жүзеге асырылып жатқанын айтуға тиіспіз. Бұл ретте облыс әкімдігі мен халықаралық Аралды құтқару қорының еңбегі орасан, – деді ол.
Өткен жылы слет халықаралық деңгейге көте­ріліп, оған әлемнің бірқатар мемлекетінен өкілдер қатысты. ХАҚҚ Қазақстандағы атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекнияз жиналған жұртты таяу болашақта жүзеге асыру жоспарланған қор жобаларымен таныстырды.
Сондай-ақ, осы күні Арал теңізін құтқару және сауықтыру бағытындағы ауқымды жұмысқа зор үлес қосқаны үшін бірқатар азаматтар, су шаруашылығының ардагерлері облыс әкімінің алғыс хатымен, қор төсбелгісімен және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Шара соңында көпшілік назарына режиссер Сергей Әзімовтің Арал теңізінің көз алдымызда жойылуының ащы шындықтарына негізделген «Жоқтау... Жиырма жыл өткенде» деректі фильмі ұсынылды.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 наурыз 2018 г. 710 0