Алғаш Арал теңізінің әлемдік деңгейдегі апат екенін ескеріп, дүниежүзілік қауымдастықтың назарын аударған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды. 1993 жылдың наурызында Президент бастамасымен Қызылорда қаласында Арал проблемаларына арналған алғашқы халықаралық конференция өтті. Орта Азия мемлекеттері –Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшыларының шешімімен мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясы құрылды. Конференцияда халықаралық Аралды құтқару қоры құрылып, оған мемлекеттер кезекпен басшылық жасайтын болып келісілді. Соның нәтижесінде Арал теңізі бассейнінде су ресурстары және қоршаған ортаны басқару ұлттық топтары жұмыс істей бастады.
Әлемде мұхит пен мұхитты, өзен мен өзенді қосқан мысалдар бар. Бірақ, жоғалып кеткен теңізді қайта тірілткен жобалар болған емес. Арал теңізінің қайта оралуы әлем жұртшылығын таңғалдырып, оны ғасыр жобасы атандырды. Буыны бекімеген жас мемлекеттің басқа да қиындықтары көп болғанына қарамастан, Президенттің халықты осынау қасіреттен құтқаруға белсене кірісуі үлкен ерлік еді.
Қазақстан Президенті бастамасымен қолға алынған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жөніндегі халықаралық жоба осылай жүзеге асты. Халықаралық жобаны Дүниежүзілік Банк пен Қазақстан үкіметі қаржыландырып, оған 86 млн АҚШ доллары бөлінді. Соның нәтижесінде өзеннің жоғарғы бөлігіндегі «Қараөзек», «Әйтек» гидротоспалары қайта жаңғыртылып, олардың су өткізу қабілеті артты. Жобаның алғашқы кезеңінде теңізді бөліп тұратын 14 шақырым «Көкарал» бөгеті тұрғызылып, «Ақлақ» су тоспасы салынды. Кіші Аралдың суы бұрынғы жағалауына жақындап, теңіздің акваториясы 5 есе ұлғайды. Аймақтың ауа райы да өзгеріп, климаттық табиғи болмысы қалыптасты. Теңіз суының тұздылығы бірнеше есе төмендеді. Соның нәтижесінде Кіші Аралда балықтың 20-дан астам түрлері қайта оралып, өңірдің флорасы мен фаунасы жақсарды.
2005 жылы Елбасы Сыр бойына сапары барысында Арал қаласында болды. Бұл Арал тарихында ұмытылмас күн, тарихи сәт еді. Елбасы осында таза ауыз судың тұсауын кесіп, аралдықтардың еліміздегі ең таза суды пайдаланатынын атап өтті. Қамбаш көліне бекіре балық жіберіп, атакәсіптің өркендеуіне тілегін жеткізді. «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген Елбасы жобаның екінші кезеңін жалғастыруға тапсырма берді.
Кіші Аралды сақтап қалу жобасы жүзеге асқан алғашқы жылдары жылына 400 тонна балық өндірілсе, бүгінде оның көрсеткіші 8 мың тоннаға жетіп отыр. Өңірде 8 балық зауыты жұмыс істейді. Бұл балықты аулаумен қатар оны өңдеу жұмыстарының нәтижесін жақсартты. Сала өнімдерінің тең жарымға жуығы ТМД және Еуропа елдеріне экспортталуда. Қазір Ресейдің Дмитровград қаласында жергілікті кәсіпкердің балық зауыты жұмыс істейді.
САРАТС жобасының екінші кезеңінің жүзеге асуы Кіші Аралды кемелдендіре түседі. Балық шаруашылығы одан әрі өркендеп, оның аулау көлемін 30 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. Екінші кезеңде дарияға көпір салынып, оның қауіпті деген бірнеше арналары түзетіледі. Сонымен бірге кіші теңізді Балтық деңгейімен 48-50 метрге көтеру көзделген. Мұның өзі көгілдір айдынды Арал қаласына жақындатып, байырғы теңіз қалпына келмек.
Өткен жылы Қызылордада Арал өңірін тұрақты дамыту жөніндегі халықаралық форум өткізілді. Форумды облыс әкімдігі, «Астана» халықаралық ғылыми кешені және халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясы ұйымдастырды. Келелі басқосуда өңірдің дамуына арналған инвестициялық және гранттық жобаларды жүзеге асыруға халықаралық ұйымдар мен бизнес құрылымдарының қызығушылығын арттырып, түрлі меморандумдарға қол қойылды. Жиында 26 наурыз – «Арал теңізінің күні» болып белгіленді. Биылғы ақпан айында облыс әкімдігінің бастамасымен Астанада осындай шетелдік елшіліктер мен халықаралық ұйымдардың қатысуымен Арал өңірі мәселелеріне арналған халықаралық жиын өткізілді.
Халықаралық Аралды құтқару қорының 25 жылдығы мен биыл алғаш рет аталып өткен «Арал теңізінің күні» ғаламдық мәселенің тиімді шешілуіне өзіндік үлесін қосатын болады.
Ж.ӘБІШОВ.