АРМАНДАРДЫ АСҚАҚТАТҚАН АСТАНА

Әлем бойынша сәулеті жағынан бір-біріне егіз қозыдай ұқсайтын қалалар көп болғанымен, бір-бірін қайталаған астаналар кемде-кем. Жоқ деуге де болады. Әсіресе, елордалар ішінде Астана көш басындағы елдердің көшірмесіне айналмай, айрықша айшықпен дамыған.
Бүгінде Елорданың айбары асқақ. Арқа төсін өрнектей аққан Есілдің екі қанаты көрген көзді қуантады. Алып шаһар сәт сайын ажарына ажар қосуда. Жаһандық проблемалардың түйінін тарқатып, алты құрлықты аузына қаратқаны бөлек әңгіме. Бұған дейін асқақ рухты Астанада бір емес, бірнеше рет әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайы өткізілді. Сондай-ақ, жыл сайынғы экономикалық дағдарыс салқынын салмақтайтын Астана форумы ашық пікір алаңына айналып келеді. «Экспо – 2017» Дүниежүзілік көрмесінің де ұйымдастырылуы абыройды тасытып, барша жұртты таңдай қақтырды. Барыс бейнелі болашағына батыл қадам басқан тәуелсіз Қазақстан төрт құбыласы түгел дамыған елдердің қолынан келе бермейтін жаһандық шараны зор табыспен, Халықаралық көрмелер бюросы Бас хатшысының берген бағасы бойынша «соңғы 25 жыл ішіндегі ең тамаша көрме» ретінде асқан ұйымшылдықпен өткізуі – ел ордасының әлемдік аренадағы беделін биіктетті. Осыған қарап, Астана жаһандағы экономикалық ахуалдың күретамыры екенін аңғаруға болады. Ежелгі аңыз, әфсаналардағы «Бақ, қайда барасың?» деген сауалдың «Ынтымағы жарасқан жерге барамын!» деген жауабы осындайда еске түседі. Себебі, Астана – тәуелсіз еліміздің басына қонған бақ жұлдызы, кең-байтақ өлкедегі бірлік пен ынтымақтың темірқазығы.  
Айта кету керек, осыдан тура 24 жыл бұрын астананы ауыстыру идеясы алғаш жария етілгенде, айналасы 20 жыл ішінде осындай заманауи мегаполис бой көтереді деп ойлаған жан санаулы еді. Бірақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мыңжылдықтар тоғысындағы батыл шешімді қабылдады. Нәтижесінде Арқаның алтын тәжіндей сәулетті қала орнады. Өсті, өрледі, көп қызығатын, дүниежүзі тамсанатын деңгейге жетті. Мұнда әрине, құрышқолды құрылысшылардың, ақыл-ойы жүйрік сәулетшілердің, істің де, қаржының да көзін таба білген қаржыгерлер мен инвесторлардың, ең бастысы, халықтың ізгі қолдауы бар. Қалың оқырманға мәлім, жуырда қаланың 20 жылдығын атап өту туралы өкімге қол қойылды. Аз ғана уақыттың ішінде талай белесті бағындырып, талай биікке өрлеген Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласына құрмет әрдайым бөлек. Қилы-қилы тарихи кезеңдерді басынан өткеріп, «мың өліп, мың тірілген» қазақ елі Елбасы еңбегімен еңселене бой көтерген Елордасы барда, тағдырына мың мәрте шүкіршілік етеді. Келешегі – кемел, ертеңі – нұрлы Қазақстан мемлекетінің әлемдік аренадағы абыройы да, беделі де, бағы да – Астана. Ендеше, бүгінде қазақ елінің елордасы болуымен қатар халықаралық алқалы жиындардың да ордасына айналған Астанамыздың мерейі тасып, беделі асқақтай берсін деп тілейік!

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».

 
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 наурыз 2018 г. 597 0