АГРОСЕКТОР: ТЫҢ БАСТАМА, ТОЛАЙЫМ ТАБЫС

Жыл басында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған сырбойылық делегация Татарстанда болды. Сапар барысында қос тарап бірнеше бағытта бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Соның бірі – ауыл шаруашылығы саласы.
Ресейдің бұл өңірінде ауыл шаруашылығы өндірісі жүйелі жолға қойылған. Мысалы, қызылордалықтар барған «Қазан» агроөнеркәсіп паркі «фермерден тұтынушыға делдалсыз жеткізу» қағидасымен жұмыс істейді. Аталған жүйенің артықшылығы сол, өндіруші табысты бизнес жүргізеді, тұтынушы тиімді бағамен сапалы өнім сатып алады. Технологиялық кешенде аграрлық сала өндірушілері үшін өнімді бір алаңқайда сақтауға, өңдеуге, қаптауға және сатуға барлық жағдай жасалған. Татар елінің тиімді мүмкіндіктерін таразылаған делегация әріптестікті әрі қарай жандандыруға бекінді.
Соңғы уақытта аймақтың осындай алыс-берісі, барыс-келісі артты. Әсіресе, ауыл шаруашылығында. 2020 жылға қарай сала өнімінің жалпы көлемін 2,4 есе, ал оның экспорт көлемін 5 есе арттыру жоспарланып отыр. «Forbes» журналының ақпандағы санында аймақ басшысының сұхбаты жарияланды. Сонда: «Ресейдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты бүгінгі таңда әскери өндіріс тауарларының экспортынан асып түскен. Оның бұлай дамуына бізде де мүмкіндік бар. Бірақ ол үшін Қазақстанның агросекторына тынбастан тер төге беруі керек», – дейді облыс әкімі.
Сыр елі өзінің экспорттық әлеуетін соңғы бір-екі жыл бедерінде байқата бастады. Өткен жылдың өзінде салада 86,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 18%-ке артық, ал экспорт көлемі 2,4 есе ұлғайды. Экспортқа бұрын тек 3 түрлі (балық, күріш, астық қалдығы) өнім шығарылса, қазіргі кезде оның саны 11-ге жетті. Соңғы екі жылда шет елдерге қауын, қарбыз, тірілей қозы, болгар бұрышы, қырыққабат, жуа мен жеміс-жидек жөнелтілді. Былтыр Қызылорда қаласында мақсары майын шығаратын зауыт іске қосылып, оның өнімін экспортқа шығару жолға қойылды. Биыл Қытайға 500 тонна мақсары майын шығару жоспарланып отыр. Қытайлық компаниямен арадағы келісімге сәйкес, қызылордалық диқандар жыл сайын 2,5 мың тонна мақсары майын шығаруға міндеттелген. Сондықтан зауытты қажетті шикізатпен қамту үшін мақсары көлемін биыл 3,9 мың, 2020 жылға қарай 20 мың гектарға жеткізу қажет. Бұл экспорт көлемін 28%-ке арттыруға мүмкіндік береді.
Болашақ – ет өнімдерін өңдеу саласында десек, бұл бағыттағы жұмысқа араласуға Сырдария ауданындағы «Абай Дәулет», Қазалы ауданындағы «Сыр маржаны», Сырдария ауданындағы «Шаған жер» және Қызылорда қаласындағы «Саламат Агро» серіктестіктері ықылас танытып отыр. Мысалы, «Абай Дәулет» ЖШС базасында салынып жатқан ет комбинаты іске қосылғасын Иран, Қытай және Біріккен Араб Әмірлігі мемлекеттеріне тоңазытылған қой еті экспортталады. Ал «Сыр маржаны», «Шаған жер» және «Саламат Агро» серіктестіктерінің бордақылау алаңдары арқылы өзге елдерге тоңазытылған сиыр еті жөнелтіледі.
Одан бөлек, облыста күріш пен бақша өнімінің экспорты қайта жанданды. Өткен жылдың өзінде күріш экспорты 45%-ке өсті. «Бұл – тек күрішшілердің емес, қызылордалық және краснодарлық ғалымдардың да еңбегі. Біз Иранға экспортқа шығару мақсатында ирандық күріш сорттарын да өсіруді бастадық», – дейді «Forbes» журналына берген сұхбатында аймақ басшысы. Жергілікті диқандар қамбаға Сыр салысын құюдан бес жылдан бері тұғырдан түскен емес. Саланы заман талабына сай техникалармен қамтамасыз ету, жоғары репродукциялы тұқым пайдалану, жер тегістеу жұмысының нәтижесінде осы уақыт ішінде күріш өндірісі 54%-ке ұлғайды. Биыл 81 мың гектар жерге күріш егу жоспарланса, оның мың гектарына ирандық сорттар себілмек.
Былтырдың өзінде біздегі ауыл шаруашылығы өнімі экспортының көлемі 48%-тен асып түсті. Аймақ тарихында алғаш рет аталған рынокта кешенді маркетингті зерттеу жүргізіліп, мамандар оны аграрлық сектордың әлеуетімен үйлестірді. Саланы дамытудың агрокартасы әзірленді. Ал бұл ішкі рынокты толтыратын аграрлық-өнеркәсіптік кешен секторларын жеделдетіп дамытуға, сонымен қатар экспортқа бағытталған өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, 5 жылда ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 28,3%-ке ұлғайды. Елбасы биылғы Жолдауында 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін кем дегенде 2,5 есе арттыруды міндеттеді. Бұл тапсырма еңбек өнімділігін жыл сайын кем дегенде 20%-ке арттырып отырған жағдайда ғана орындалады. Яғни, соңғы 5 жылдағы нәтижеге бір жыл ішінде қол жеткізу қажет. Мысалы, қазіргі күні 86,1 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, бұл көрсеткішті 2020 жылға қарай 165 млрд теңгеге дейін жеткізу керек.
Мемлекет басшысының тапсырмасы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың агрокартасында белгіленген шараларды іске асыру, егіс алқаптарын әртараптандыру, прогрессивті суару әдістерін енгізу, өнім өндірудегі инновациялық жобаларды өндіріске енгізу сияқты маңызды мәселелерді шешуді талап етеді.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 наурыз 2018 г. 565 0