Қызылорда облысында Халықаралық Аралды Құтқару Қорының 25 жылдығы және Арал теңізінің күніне арналған мерекелік шаралар өтті.
Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылы облыс әкімдігі мен Халықаралық Аралды құтқару Қорының ұйымдастыруымен өткен тұрақты даму форумында Халықаралық Аралды құтқару Қорының құрылған күні 26 наурызды - «Арал теңізінің күні» ретінде атап өту туралы шешім қабылданды.
Арал және Қызылорда қалаларында эколог-ғалымдар, теңізді құтқаруға үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен шаралар өтті. Айта кету керек, салтанатты шараға бұрынғы ҚазКСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев және бұрынғы ҚазКСР балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржанов, қор өкілдері және "ғасыр жобасының" ұйымдастырушылары қатысты.
А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Халықаралық Аралды Құтқару Қорының мерейтойымен құттықтады.
Облыс әкімі Аралды құтқару - Елбасының ерен еңбегі екенін атап өтті.
"Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Мемлекет басшысының қарауына Қызылорда облысын тарату және Арал халқын көшіру туралы құжаттар ұсынылды. Алайда, Аралдың жарқын келешегіне сенген Елбасы «ғасыр жобасы» атанған – «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасын ұсынып, өлі теңізге жан бітірді», - деді Қырымбек Көшербаев.
Сонымен қатар, шарада бұрынғы ҚазКСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі, мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру жөніндегі комиссиясының Қазақ ғылыми-зерттеу орталығы филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев және Халықаралық Аралды Құтқару Қоры атқару дирекциясының директоры Болат Бекнияз сөз сөйледі.
Сондай-ақ, Болат Бекнияз Қордың жақын арада іске асыратын жобаларын таныстырды. Мәселен, Арал теңізінің шығыс жағалауы мен елді мекендер маңынан "жасыл белдеу" жасау, жабайы жануарларды оңалту орталығын ашу, "Арал" ғылыми-туристік орталығын ашу, табиғи ресурстарды бақылау және т.б.
"Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Мемлекет Басшысы Халықаралық Арал теңізін құтқару Қорын құру және "САРАТС" жобасын іске асыру бастамасын көтерді. Небәрі 9 айдың ішінде Сырдарияның арнасын қалпына келтіру және Кіші Аралды жандандыру, экологиялық шараларды жүргізу, аудан тұрғындарының жағдайын жақсартуды қамтыған үлкен бағдарлама әзірленді. Көп ұзамай адамдардың үміті оянып, өңірден көшуді қойды", - деді бұрынғы ҚазКСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі, мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру жөніндегі комиссиясының Қазақ ғылыми-зерттеу орталығы филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев.
"Бүгін тарихи күн. 30 жыл біз Арал балықшыларының күнін атап өтпедік. 2015 жылдан бастап облыста балықшылар слеті тұрақты ұйымдастырылуда. Өткен жылы аталмыш слет ҚР Мемлекеттік Хатшысы және өзге елдерден келген қонақтардың қатысуымен халықаралық деңгейде өткізілген болатын. Ал, биыл алғаш рет, көктемнің шуақты мерекесі Наурыздан кейін Арал күнін атап өтудеміз. Аймақ басшысына облыстағы балықшылар мен балық шаруашылығының қызметкерлеріне көрсетіп келе жатқан қолдауы үшін зор алғыс айтамын", - деді бұрынғы ҚазКСР балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржанов.
Арал теңізін құтқаруға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға атсалысқан мемлекет және қоғам қайраткерлері облыс әкімінің алғыс хатымен, Қордың арнайы төсбелгісімен және құрмет грамоталарымен марапатталды.
Мерекелік шара Сергей Азимовтың аралдағы экологиялық апат пен теңіздің қайта оралуына арналған "Жоқтау... Жиырма жыл өткенде" деректі фильмінің көрсетілімімен тәмамдалды. Сонымен қатар, осы күні Қызылордада "Арал - ел тағдыры" атты фотокөрме және "Арал теңізінің экологиялық жағдайы" тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысы өтті. Сондай-ақ, осы күні 300 көшет отырғызылды.
Атап өту керек, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының алғашқы кезеңін іске асырудың нәтижесінде Арал аймағында балық шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндік жасалды.
Егер 2003 жылы теңіз бен қаланың аралығы 70 шақырым болса, қазір бұл қашықтық 17 шақырымға дейін азайды. 15 жылда Арал ауданында балық аулау көлемі 83 есеге артты, егер 2003 жылы 83 тонна балық ауланса, 2017 жылы 6 934 тонна су маржаны ауланды. Бұрын 7 ғана балық түрі болса, өткен жылы олардың саны 22-ге көбейді. Бұған дейін Аралда 4 балық өңдеу зауыты болса, қазіргі кезде облыс бойынша жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан астам 8 жұмыс істеп тұр.
Аралдың жандануы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізді. Өнеркәсіптік кәсіпорын саны үшеуден жетіге көбейді. 2003 жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 874 болса, 2017 жылы олардың қатары 3266 бірлікке артты. 2003-2017 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлер саны 2 есеге (9,1 мың ш.метрден 19,2 ш.метрге) өсті.
Әлеуметтік нысандар - мектеп, ауруханалардың саны да артты. 15 жылда Арал ауданында 29 медициналық мекеме және 31 мектеп салынған. 2003 жылы 7 балабақша болса, қазір 52 бөбекжай жұмыс істейді.
Қазіргі кезде Арал ауданында 78 мың адам тұрып жатыр.