« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігін сақтау қорының дирекция бастығы Асылхан Асылбеков бастаған топ Қамыстыбас ауылдық округінде болып, Оңтүстік Корея Республикасының қаржыландыруымен Арал теңізінің оңтүстік ұлтанына сексеуіл егу және өңір климатын жақсартуға бағытталған шараларға қолдау білдірді. Яғни, өркенді өңірге арнайы ат басын бұрған Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесінің аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Исатай Әбдіразақов, Қызылорда облыстық табиғи ресурстар бөлімінің басшысы Байкенже Ахметов және жоба менеджері Нұрлан Райымқұловтар Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау комуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Файзулла Смағұловқа мекеме игілігі үшін «Белорус» тракторын тіркемесімен, 8 адамға арналған, іші заманауи үлгіде жабдықталған орманшылар вагонын және соқа мен УАЗ автокөлігін табыс етті.
Орманшылар қуанышында шек жоқ. Жаңа тракторды тізгіндеген механизатор Ертай Маханов қордың қамқорлығына өз ризашылығын білдірсе, су жаңа автокөлік рөліне отырған Бақытбек Битенов осы кезге дейін сексеуіл егу үшін теңіз ұлтанына қатынайтын орманшылар ендігі жерде жол қиындығын көрмейтініне тоқталды. Ал, осы мекеме қызметкері Мұратбек Смайлов егілген сексеуілдің осы уақытқа дейінгі өсуі жоғары көрсеткішке жеткенін алға тартып, алдағы уақытта да бұл нәтиже еселене беретінін сеніммен айтты.
Иә, табаны сортаңға айналып, бүкіл әлемнің үрейін туғызған Арал теңізін қалыпқа келтіру жолында жыл сайын игі істер көптеп қолға алынуда. Жуырда ғана Қызылорда облысы әкімінің бастамасымен, Біріккен Ұлттар Ұйымы «Даму» бағдарламасының қолдауымен Астана қаласында Арал өңірінің жағдайын жақсартуды көздеген «Арал достары» атты халықаралық экономикалық симпозиумының өткені жоғарыдағы сөзімізге дәлел. Оған тиісті министрлік өкілдері, жаһандық деңгейдегі қауымдастықтар мен қаржылық ұйым мүшелері қатысып, аудан экономикасының әлеуетін жақсартуға негізделген мәселелердің түйіні тарқатылғаны көпшілікке мәлім.
Өз кезегінде, Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігін сақтау қорының дирекция бастығы Асылхан Даирұлы:
– Ел үшін маңызды жоба тәуелсіздік алған жылдардың басында-ақ қолға алынған еді. Нақтырақ тоқталсақ, осыдан 25 жыл бұрын халықаралық Аралды құтқару қоры құрылып, кенезесі кепкен теңізді қалпына келтіру үшін барлық жағдай қарастырылды. Олардың арасында Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Оңтүстік Корея мемлекетінің қаржыландыруымен Қазақстанның биоалуандылығын сақтау қоры арқылы 2018-2019 жылдары 10 000 гектар жерге сексеуіл отырғызу жұмыстары да бар. Бүгін соның алғашқы қадамын жасадық. Орманшыларға қолайлы жағдай туғызу үшін қажетті техникалар қор есебінен алынып берілді. Енді тек табиғат жанашырларынан нәтижелі жұмыс күтеміз – деді.
Ақжал толқыны жағаға ұрған теңіз тартылған кезде, ата қоныстан үдере көшкендердің қатары көбейгенін жасыра алмаймыз. Алайда, Көкарал бөгеті салынып, САРАТС жобасы қолға алынған шақта бәрі қалпына келді. Айдын бетін ақ шағала шиырлап, балықшылық кәсіптің көкжиегі кеңейді. Ендігі жерде теңіз ұлтанына секесеуіл көшеттерін отырғызуға айрықша көңіл бөлінуде. Біз Қамыстыбас ауылына жасаған сапарымызда осыны анық байқадық. Лайым қолға алған іс жемісін бергей.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |