АГРОСЕКТОРДЫҢ ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ АРТА БЕРЕДІ

 Жыл басында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған сырбойылық делегация Татарстанда болды. Сапар барысында қос тарап бірнеше бағытта бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Соның бірі – ауыл шаруашылығы саласы.
Ресейдің бұл өңірінде ауыл шаруашылығы өндірісі жүйелі жолға қойылған. Мысалы, қызылордалықтар барған «Қазан» агроөнеркәсіп паркі «фермерден тұтынушыға делдалсыз жеткізу» қағидасымен жұмыс істейді. Аталған жүйенің артықшылығы сол, өндіруші табысты бизнес жүргізеді, тұтынушы тиімді бағамен сапалы өнім сатып алады. Технологиялық кешенде аграрлық сала өндірушілері үшін өнімді бір алаңқайда сақтауға, өндеуге, қаптауға және сатуға барлық жағдай жасалған. Татар елінің тиімді мүмкіндіктерін таразылаған делегация әріптестікті әрі қарай жандандыруға бекінді.
Соңғы уақытта аймақтың осындай алыс-берісі, барыс-келісі артты. Әсіресе, ауыл шаруашылығында. 2020 жылға қарай сала өнімінің жалпы көлемін 2,4 есе, ал оның экспорт көлемін 5 есе арттыру жоспарланып отыр. «Forbes» журналының ақпандағы санында аймақ басшысының сұхбаты жарияланды. Сонда: «Ресейдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты бүгінгі таңда әскери өндіріс тауарларының экспортынан асып түскен. Оның бұлай дамуына бізде де мүмкіндік бар. Бірақ ол үшін Қазақстанның агросекторына тынбастан тер төге беруі керек», – дейді облыс әкімі.
Сыр елі өзінің экспорттық әлеуетін соңғы бір-екі жыл бедерінде байқата бастады. Облыстың буферлік аймақтан шығуы алыс шет елдерге, атап айтқанда, Біріккен Араб Әмірліктері мен Иранға мал жөнелтуге мүмкіндік берді. Болашақ – ет өнімдерін өңдеу саласында десек, бұл бағыттағы жұмысқа араласуға Сырдария ауданындағы «Абай Дәулет», Қазалы ауданындағы «Сыр маржаны», Сырдария ауданындағы «Шаған жер» және Қызылорда қаласындағы «Саламат Агро» серіктестіктері ықылас танытып отыр. Мысалы, «Абай Дәулет» ЖШС базасында салынып жатқан ет комбинаты іске қосылғасын Иран, Қытай және Бірікккен Араб Әмірлігі мемлекеттеріне тоңазытылған қой еті экспортталады. Ал «Сыр маржаны», «Шаған жер» және «Саламат Агро» серіктестіктерінің бордақылау алаңдары арқылы өзге елдерге тоңазытылған сиыр еті жөнелтіледі.
Одан бөлек, облыста күріш пен бақша өнімінің экспорты қайта жанданды. Өткен жылдың өзінде күріш экспорты 45 процентке өсті. «Бұл – тек күрішшілердің емес, қызылордалық және краснодарлық ғалымдардың да еңбегі. Біз Иранға экспортқа шығару мақсатында ирандық күріш сорттарын да өсіруді бастадық», – дейді «Forbes» журналына берген сұхбатында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев. Жергілікті диқандар қамбаға Сыр салысын құюдан бес жылдан бері тұғырдан түскен емес.
Былтырдың өзінде біздегі ауыл шаруашылығы өнімі экспортының көлемі 48 проценттен асып түсті. Аймақ тарихында алғаш рет аталған рынокта кешенді маркетингті зерттеу жүргізіліп, мамандар оны аграрлық сектордың әлеуетімен үйлестірді. Саланы дамытудың агрокартасы әзірленді. Ал бұл ішкі рынокты толтыратын аграрлық-өнеркәсіптік кешен секторларын жеделдетіп дамытуға, сонымен қатар экспортқа бағытталған өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 наурыз 2018 г. 484 0