Сүйегі асыл адамның зердесін де тот баспайтын болса керек. 90 жастағы Майсара әжеймен кездесу бізді осындай ойға жетеледі. «Әже, өткен өміріңіз жайлы қысқаша айтып беріңізші» - деген едік құлағының түбіне айқайлап. Сөйтсек, қатты қателесіппіз, әжейдің құлағы мүлтіксіз естиді екен. Әйтсе де жанары қара танудан қала бастапты. «Өткен өмір дейсің бе, қарағым? Ендеше менің «Термеме» құлақ сала отыр» деді де, ескі сарынмен ыңылдатып әкетті. Бұл қазір жасы тоқсанға жеткен Майсара Нұрғазина дейтін ақын апамыз. Кезінде сан айтыстың көрігін қыздырып, қарт Каспий мен Алатауға, Мәскеудің Қызыл алаңына табаны тиген тарланбоз жүйрік, - деп жазады Қазақпарат.
Жасы келіп, айтыстан қол үзген шағында жазба әдебиетке ден қойып, поэма да жазған екен. Ол қолжазбасы Жазушылар одағының жергілікті филиалына өткізген жерінен ұшты-күйлі жоғалыпты. Ұлан ауданының Манат ауылында туған әжеміз бүгінде балаларының қолында тұрады. Негізгі тұрағы - Серебрянка деп аталатын шағын шаһар. «Ақын апа» деп арнайы іздеп келген соң үміт үдесінен шыққысы келді ме, әлде өзіне қара сөзден өлең оңай болды ма, әйтеуір барлық сұрағымызға өлеңмен жауап берді де отырды.
Оның алғашқы өлеңдері майдандағы қандастарының жүрегін жылытыпты. Еркінен тыс жазылған хаттардың естелігі бүгін енді өзінің көңілін жылытып жүр. «Майданға арасында хат жазамыз, Ғашықтай сағынғаны болып нағыз. Майдангер үш бұрышты хат алады Жазғанын қайдан білсін қаршадай қыз» - дейді күрсініп. Сөйлеп кетсе, тарихты күңірентетін шежіре кеуде кейуананың жыр шумақтарынан бір дәуірдің тынысын тыңдап қайттық.
«Есепші һәм жөндеуші еркекшора
Биемен су тасушы мен Майсара
Атқардым жалғыз өзім үш жұмысты
Болса да сыртым жадау, ішім жара».
Бұл ақын апамыздың тылға сіңген еңбегіне куә шумақтар. 37 жыл бойы қазақ сыныптарына орыс тілін үйреткен ардагер ұстаз өңірдегі айтыстың дамуына да бір адамдай атсалысыпты. 1984 жылы Кенен Әзірбеавтың 100 жылдығына арналған үлкен айтыс өтіп, сонда жерлес інісі Хамит Балшабековтің тұсауын кескен екен. Кейін сол Хамит Шығыстың Мұқағалиы атанғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Әйгілі жазушы Ғабит Мүсірепов отбасымен Шығысқа келген сапарында осы Майсара апамыздың жанұясы күтушілердің арасында болып, батасын алған. Ақын әжейдің сол кездің идеологиясы үшін өлеңді орыс тілінде суырып салған кездері де аз болмапты.
«Дегенді дүние түлкі, дүние жалған
Тұрғанда қайрат қайнап кім тыңдаған?
Бұйымдай сан жоғалып табылатын
Жастық шақ, оралсаңшы қайта маған».
Бұл жолдарды ақын көңілдің жалынды жастығын аңсауы деп түйдік.
«Сеземін жастық қайта оралмасын,
Дүрсілдеп жүрек қайта соға алмасын.
Болғанда тумақ - сүннет, өлмек - парыз,
Аллаға ризамын, бүгін алсын».
Бұл - дүниеге төрт бала әкеліп, оның үшеуін аман-есен жеткізген ана жүрегінің шүкірі. Жаңалыққа құлағы түрік әжеміз соңғы екі жылда көруден қалыпты. Қазір мерзімді баспасөзді немерелеріне оқытып алады екен. Ұлт руханиятына бір адамдай еңбегі сіңген ақын апамызды кейінгі ұрпақ танымай барады-ау деген оймен қолға қалам алғынымызды несін жасырайық. Сөйтсек, Майсара әжей интернет жұлдызы екен. Бүкіл шығармашылық мұрасы Жазушылар одағына өткізген қолжазбамен бірге жоғалғанына қапалы апамыз. Өлеңдерін кітап етіп шығарсам деген арманы сол қолжазбамен бірге құрдымға кеткен. Қолдың қысқалығы, жастың кәрілігі, кітап шығарудың қымбаттығы ақын апамызды заманауи тәсілге көшуге итермелесе керек. Өзінің өмірінен сыр шертетін термелері «Ютуб» сайтында тұр. Мұнысын кеудеге тұнған өлеңі ертең жанмен бірге ғайып болмай, артқыға мирас болып қалсын деген үміттен туған әрекетке ұқсаттық. «Зырласын, уақыт алға зымырасын,
Жайнасын бейбіт өмір, жыр тынбасын.
Жалғасып ғасырлардан ғасырларға
Болашақ біз-тарихтан сыр тыңдасын» - дейді өзі.