ҚАЗАЛЫЛЫҚТАР 22 НАУРЫЗДА КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗДЫ

  Бүгін Ұлыстың ұлы күні –әз Наурыз мерекесінде Қазалы ауданында ағаш көшеттері отырғызылды. «Жеңіс» саябағында өткен игі шараға мемлекеттік қызметкерлер, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, студент жастар      қатысты.

Шараға келіп, ағаш отырғызған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев күн мен түннің теңеліп, тіршілік біткеннің жаңадан оянатын тұсы болып есептелетін Наурызда ағаш отырғызуды ежелден халқымыз игі дәстүрге айналдырғанын еске салды. «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз осыдан қалған болуы керек. Сондай-ақ наурызда көзі ашылған бұлақтың суы сарқылмайды, ал егілген талдың саясы мен жемісі мол болады деп сенген. Сондықтан  отырғызылған ағаш көшеттерін көздің қарашығындай сақтап, баптап-күту де ерекше маңызды.

Мереке мұнан әрі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ашылу салтанатымен жалғасты. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ел тарихын түгендеп, кеше мен бүгінді жалғайтын жәдігерлері мол музейдің болашағы жарқын болатынына сенім білдірді. Бұл ғимаратта қазыналы Қазалының өткені мен бүгіні көрініс тапқан.Салтанатты шара қонақтары аудан тарихын бейнелейтін залдарды аралап, көне жәдігерлерді тамашалады.

Наурыз мерекесіне арналған көпшілік шара Тәуелсіздік аллеясында өтті. Мерекеге жиналған аудан тұрғындары мен қонақтары концерттік бағдарламаларды, театрландырылған көріністерді тамашалады. Көпшілікке тарихи кезеңдердегі сахналық қойылымдар ұсынылды. Осыдан кейін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев аудан тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. «Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған біздің ауданымыз үшін де Наурыздың алар орны айрықша. Ел тәуелсіздігімен бірге қайта түлеп, ұлттық мерекеге айналған әз Наурызға қазалылықтар да шабытты көңіл-күймен, жарқын табыстармен жетіп отыр. Баршаңызды еңбек пен ырыстың, ізгілік пен жақсылықтың жарқын мерекесі - Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Әз-Наурыз елімізге бақ-береке, мол табыс алып келсін» - деді ол.

Бұл күні киіз үйлер ұлттық нақышта безендіріліп, қазақ халқының салт-дәстүрлерін, тұрмыстық ерекшеліктерін бейнелейтін бұйымдар қойылып, дастархан жайылды. Бауырсақ пен Наурыз көже таратылды. Ағаш үйлердің алдында мерекелік бағдарламалар, спорттық ойындар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, алтыбақан құрылып, балалар мен жастардың көңіл көтеруіне жағдай жасалды.

Мұндай мерекелік шаралар Қазалы қаласы мен ауылдарда да жалғасып, сахналық, спорттық алаңдар ұйымдастырылды. Осылайша күн мен түн теңесіп, жер-дүние жаңарып, ерекше түрге енген тамаша мезгілді қазалылықтар да өз мәнінде қарсы алды.


 
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 наурыз 2018 г. 848 0