ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМДЕР КӨРМЕСІМЕН ДАРАЛАНҒАН МЕЙРАМ

Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар 14 наурыз күні «Қауышу күнінен» басталды.
Орталық алаңда 30 киіз үй тігіліп, әр киіз үйге өзіндік заманға сай атау берілді: «Шығыс жұлдызы», «Рухани жаңғыру», «Астана қаласына 20 жыл, Қызылорда қаласына 200 жыл» және т.б. Мұнда келген қонақтар тәтті тағамдардан дәм татып, қызықты ойын-сауық бағдарламаларын тамашалады.
Одан бөлек, арнайы павильондарда Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылына арналған көрме ұйымдастырылып, жергілікті өндірушілердің өнімдері орналастырды.
Мерекелік іс-шара барысында қазақша күрес, асық ату, арқан тарту, гір көтеру секілді ұлттық спорт ойындарынан жарыс ұйымдастырылды, тақырыптық сахналық көріністер мен концерт көрсетілді.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақ тұрғындарын  құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Биыл біз Астананың 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойын тойламақпыз! Наурыз бен наурыз аралығында Сыр өңірі де желкенді жетістіктер мен тағылымды табыстар ордасына айналды. 2018 жыл облысымызда Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жарияланды. Сұлу Сырдың сол жағалауынан жаңа қала бой көтеруде.  Елордамыз Астананы газдандыру - біздің Сыр өңірінен бастау алатыны біз үшін үлкен қуаныш. Осындай жақсылығы мол ізгі істермен Наурыз мейрамына аман-есен жетіп отырайық», - деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі Титов мөлтек ауданындағы бұрынғы апатты үй тұрғындары қоныстанған Тасбөгет кентіндегі мөлтек ауданға барып, жағдайларымен танысып,  Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Мереке қарсаңында жаңа үйге қоныстанған тұрғындар аймақ басшысына мәселелерін тез арада шешіп бергені үшін тағы да алғыс айтты.
Атап өтейік, биыл Наурыз мерекесін Сыр елінде жаңаша бастау мақсатында 14 наурыз күнінен бастап «Қауышу» күні деп атап өтті. Мереке қарсаңында Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда сенбіліктер, ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкелері, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, кеше орталық алаңда «Домбыра-думан» және «Жастар кеші» өтті. 20-31 наурыз күндері көркемсурет галереясында «Көктем лебі» көрмесінде жас суретшілер көрермендердің назарына өз өнерлерін ұсынады. Қалалық ипподромда бәйге, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу секілді ұлттық ойын түрлерінен жарыстар өтті.
Тағы бір ерекшелік – биыл әрбір мерекелік күн белгілі тақырыппен өткізілді. Мәселен, 16 наурыз  - «Наурыз дәстүр»,  17 наурыз - «Наурыз-жаңару» күні болып бекітіліп, салтанатты шаралар, танымдық сабақтар мен кездесулер ұйымдастырылды.

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 наурыз 2018 г. 581 0