ҚЫЗМЕТІНЕ СӘТТІЛІК ТІЛЕДІ

 Дүйсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен актив жиыны өтіп, онда кадрлық өзгеріс туралы хабарланды. Аймақ басшысының өкімімен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы болып Бақытжан Намаев тағайындалды. 

Облыс әкімі жиында басқарманың жаңа басшысының еңбек жолын таныстырып, оның қызметке таңдалу себебін жеткізді.

Облыс әкімдігі, облыстық мәслихат, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы,  қоғамдық кеңес және облыстық кәсіпкерлер палатасы бірлескен шешімімен 2018 жылды облыс бойынша  «Жалпы кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялап, кешенді «Жол картасын» қабылдады, 32 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланды. Сонымен қатар, Елбасының соңғы бес әлеуметтік бастамасы ішінде кәсіпкерлікті дамытуға қатысты қосымша қаржы қарастыру туралы тапсырмасы бар.

Бақытжан Біләлұлы  жеке сектор мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жүйесінде жауапты басшылық қызметтер атқарған. Соңғы атқарған қызметі Грузиядағы «Батуми мұнай терминалы» компаниясының бас директорлығы болды. Ал ТМД елдерінің ішінде кәсіпкерлікті қолдауға ең жақсы жағдай жасалған мемлекет Грузия болып табылады. Б.Намаев орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуда ең жақсы жетістіктерге қол жеткізген елде жұмыс істеп, маман әрі ғалым ретінде олардың озық тәжірибелерін зерттеген. Сондықтан аймақта кәсіпкерлікті қолдау жылы жарияланған кезде өз тәжірибесін пайдаланады деп ұсыныс жасалған. Сонымен бірге, облыстағы орта бизнестік құрылымдар негізінен мұнай компанияларына кызмет көрсету саласында пайда болғаны да ескерілді.

Облыста жалпыөңірлік өнім ішінде шағын бизнестің үлесін кем дегенде 15 процентке жеткізу міндеті тұр. Осы мақсатта жұмыс жүргізіп, шағын кәсіпкерлікті дамытуда Грузияның әкімшілік кедергілерді жою, бизнесті жүргізуге жағдай жасау секілді озық жетістіктерін біздің облыста жүзеге асыруға сенім білдіріліп отыр.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 наурыз 2018 г. 594 0