Биыл жыл басы әз-Наурыз мерекесін облыс орталығы тұрғындары апта бойы атап өтуде. Осыған орай «Сыр медиа» ЖШС серіктестігінде облыстық «Сыр бойы» газеті ұжымының ұйытқы болуымен шағын көрме ұйымдастырылды.
Көрмеге қолданбалы өнер туындылары қойылды. Оны тамашалаушылар қатары мол. Бүгін таңертеңнен қарашаңыраққа келген қызметкерлер де, редакция қонақтары мен ардагерлеріміз де көрме бұрышына аялдап, қолөнер бұйымдарына қызығушылық танытуда, – дейді облыстық газеттің жауапты хатшысы Әзиз Батырбеков.
Айта кетейік, шағын көрмені ұйымдастыруға серіктестікке қарасты барлық басылым қызметкерлері, әсіресе, «Сыр бойы» газеті журналистері атсалысыпты. Бұған қоса, әріптестеріміз өз бастамасымен дастархан жайып, баршамызды наурыз-көжеден ауыз тиге шақырды. Ал серіктестік айтулы мерекені дәстүр бойынша 21 наурыз күні кең көлемде атап өтеді. Оған баспасөз саласының ардагерлері шақырылып отыр. Қонақтар назарына ұлттық ойындар мен концерттік бағдарлама ұсынылады. Әрине, наурыз-көже мерекелік дастарханның басты тағамы.
«Қызылорда ньюс».