БІЗГЕ ЖАҢА БАСПАНА САЛЫП БЕРЕТІН БОЛДЫ

Гүлнарай Мақышова 6 баланың анасы, бүгінде аудандық жастар ресурстық орталығының эвакуациялық пунктінде тұрып жатыр.
«Өткендегі оқиғадан кейін бізге жанашырлық танытқан барлық жерлестеріме шексіз ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа, білім бөлімінің басшысы Санира Жанназароваға ерекше алғысымды айтамын. Ал, бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев келіп, бізбен кездесіп, бізге баспана салып беруге уәде берді. Үлкен рахмет!», -деп көп балалы ана өз ізгі ниетін білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, 17 наурыз күні Арал қаласында екіқабатты үйді бөліп тұрған бөлігі опырылған. Ғимарат 20 пәтерден тұрады, оның 15-де ғана тұрғындар қоныстанып келген. Тұрғындар дереу аудандық жастар ресурстық орталығына және туыстарының үйіне орналастырылды. Сол күні аудан әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды.
2018 жылдың 18 наурызында өткен брифингте Арал қаласының әкімі Бауыржан Махатовтың айтуынша, 2016 жылы жасалған сараптаманың қорытындысы бойынша ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу қажет болған. Тұрғындарға үйдің апатты жағдайда екені бірнеше рет ескертілген.
Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев апатты үйдің тұрғындарымен кездесіп, облыстық бюджеттен Кіші Арал көшесінен 31 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу үшін қаржы қаралатынын айтты. Ал, апатты ғимарат бұзылады.  


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 наурыз 2018 г. 1 265 0