КӨП ҚОЛДАҒАН БАСТАМА

  Домбыра – қазақ халқының өте ерте және кең тараған, музыкалық аспабы. Сан ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып келе жатқан домбыраның қасиетін жастарға түсіндіре отырып, насихаттау біздің парызымыз.

Биыл Қызылордада ұлттық символға айналған домбыраны дәріптеудің қадамдары жасалды. 

«Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Қолөнер» орталығы мен «Ұшқын» қоғамдық бірлестігінің демеушілігі нәтижесінде «Ана мен бала» орталығындағы» 20 сәбиге өз есімдері жазылған домбыра сыйлыққа берілді. Қазанғап атындағы музыкалық колледж студенттері мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің өнерпаздары Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияда күй тартып, Сыр сүлейлерінің жырларын орындады. Бұл шараның мақсаты алдағы уақытта білім беру мекемелерінде үзілісте ұлттық күйлерімізді орындау арқылы білім алушылардың бойында патриоттық сезімді ояту еді.

Көп ұзамай бастама өз нәтижесін көрсетті. Мәселен осы шарадан кейін мектеп ұжымы тарапынан ұлттық аспаптар оркестрі мен «Рухани жаңғыру» кабинетін ашу туралы ұсыныс айтылды.

Көп ұзамай, мектеп-гимназияда «Рухани жаңғыру» каби­неті ашылып, ұлттық аспаптар оркестріне Балтабай Ибраев демеушілік жасап, өз қаржысынан 10 домбыра сыйлады.

Бұл шара ұлттық құндылықтарды құрмет тұтатын кез келген жанның көңілінен шықты.

Қолдау көрсеткен жеке кәсіпкер Балтабай Сүлейменұлы: «Перзентханада домбыра сыйланғанын жаңалықтардан көріп, мынау бір игі бастама екен деп ойладым. Араға бір-екі күн сала орталықтан хабарласып, осы мектепте «Рухани жаңғыру» кабинетін ашып, ұлттық аспаптар оркестрін құруға демеуші керек екенін айтты. Ойланбастан келістім. Себебі, осындай бастамаларды қолдап, жүзеге асыруға көмектесу азаматтық парызым деп білемін. Домбыра – қазақтың жаны. Домбыраның қасиетін бойына құйып өскен бала рухани дүниесі бай азамат болады. Домбыра ұстаған кішкентайларымызды көріп, қатты қуанып отырмын. Осындай өскелең ұрпағымыз барда болашағымыз жарқын болады, – дейді.

Меруерт ҚУАНЫШБЕКОВА,

«Рухани жаңғыру» орталығының маманы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 наурыз 2018 г. 780 0