Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамының бастауы, жаңа жылдың жаршысы саналатын Қауышу күнін сырбойылықтар сән-салтанатымен атап өтті. Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптеп, халықты ізгілік пен татулыққа үндейтін мерекеге орай Сүлейлер аллеясында «Амал келді, жыл келді!» атты шара ұйымдастырылды. Жиналған халық бір-бірімен құшақ жая көрісіп, ізгі тілектерін айтты.
Қаз-қатар тігілген ақшаңқан үйлерде қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдер көрмесі ұйымдастырылды. Көпшілік ұлттық тағамдардан дәм татты. Жастар арқан тартысып, гір тасын көтеруден жарысты.
Шара аясында жастар «Нұрлы Наурыз» атты флешмоб ұйымдастырды. Сыр сүлейлерінің ізін жалғаған жыраулар арнау айтып, жас ақындар «Наурыз» айтыста бақ сынады.
Мереке аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалында қолөнер шеберлерінің «Қобыз үні» атты көрмесі өтті. Аймақтың 50-ге жуық шебері қатысқан көрмеге ұлттық киімдер мен әшекей бұйымдар, музыкалық аспаптар қойылды. Шара барысында қобызшылар күйден шашу шашты. Қауышу күні туралы сахналық қойылым көрсетілді.