« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің тұрғыны Серікбол Шайхов сегіз жасына дейін жалғанның жарығын көріп, бақытты балалық шақтың бал дәмін татқан. Екінің бірі ауыратын тұмау – ойын баласының қос жанарынан айырылып қалуына себепші болатынын педагог анасы да, дәрігер әкесі де сезбеген. Кейіпкеріміз бас көзінен айырылғанмен, көңіл көзінен айырылмаған екен. Оған орда бұзар жастан асқан жігіттің өлең жазу, ән айту және сазгерлік қасиеті дәлел. Ол қазіргі уақытта аяулы жар, үлгілі әке. Baq.kz аймақтық тілшісі тағдырлы кейіпкердің жан сырын тыңдап қайтты.
Жанарыңыздан айырылып қалған сол бір күнді еске алу сіз үшін қаншалықты ауыр?
«Жалпы, мен тағдырыма риза адаммын. Маған он екі мүшесі сау адамдар сырттай аяп қарауы мүмкін, бірақ мен Жаратушының осы сынағына шүкірлік етіп, сабырлық қылам. Сондай жағдайда ғана менің жүрегіме тыныштық орнап, ерекше әсерге бөленемін. Құдай ісінің жаманы жоқ. Мені бұдан да өткен жамандықтан сақтау үшін осындай күйге түсірді ме екен деп те ойлаймын. Екі көзі көргенімен, дүниенің былығына батып, жүрегінің айнасын ластағандар аз ба өмірде?..»
Менің көзім – саусақтарым
Бойыңыздағы ән айту, өлең жазу, сазгерлік сияқты екінің бірінде бола бермейтін қабілеттер қайдан дарыған деп ойлайсыз?
«Әкем – Сержан Шайхов білікті дәрігер-терапевт болды. Анам – Тұрсын Мусина ағылшын тілінен сабақ берген ұлағатты ұстаз, он балаға жарық дүние сыйлаған «Алтын алқа» иегері. Бойымдағы қай қасиет болмасын анамның ақ сүтімен, әкемнің берген тәрбиесімен дарыды деп ойлаймын. Әкем марқұм баян, домбыра, мандолина аспаптарында шебер ойнаушы еді. Әнге әуестігім әкемнен дарыған болар. Мен баян аспабының қыр-сырына қанығып өстім. Оны ерінбей-жалықпай көкейіме құйып, санама, саусағымның ұшына сыналап сіңіріп берген Қорқыт Ата атындағы әуез мектебінің ұстазы Оразалы Қонысбекке айтар алғысым шексіз».
Қараңғылық құшағындағы адам үшін жарық дүниенің бір бөлшегі екенін сезу қаншалықты қиын? Өзіңізді қоршаған ортаға қалай бейімделдіңіз?
«Менің екі көзімнің орнына қолым мен саусақтарым қызмет етеді. Саусақтың ұшы, төзімнің күшімен ақ пен қараны, ыстық пен суықты, қауіп пен қатерді ажыратамын».
Әлемнің жарығын аңсаған жанның жыры бұл...
Әндеріңізге көбінесе қандай тақырыпты арқау етесіз?
«Осы уақытқа дейін жиырмаға жуық ән шығардым. Өлеңдеріме әлемнің жарығын аңсаған, табиғат құбылысын көзбен көруді көксеген, өмір сүруге құштар, ата-анасына айтар алғысы зор адамның ойы, яғни өзімнің жан тебіренісім арқау болып келеді».
Өмірлік жарыңызды жолықтырып, неке қиған кезде өзіңіз ғана емес, сіз үшін тілеулес жандардың қуанышында шек жоқ болған шығар?
«Бұл күнді менің анам ерекше күтті, алайда қуанышты күнді көру маңдайына жазылмапты. Анам дүниеден озып кетті... Мен үйленетін күні әкем ауруханада жатқан. Кенже баласының үйленетіні туралы сүйінші хабарды естігенмен, ол да аурухана қабырғасында көз жұмды... Мұны да тағдыр ісі деп санаймын және мойынсұнам. Адал жарым, Батыс Қазақстан облысының тумасы Дана Сапиоллақызымен тағдырым тоғысқан күнді өмірімдегі ең шуақты күндердің бірі деп санаймын. Жақында нәрестелі болдық. Айару есімді қызымыз бар».
Серікболдың жары ІІ топ мүгедегі болғандықтан, сәбиді дүниеге кесар тілігі арқылы алып келген. Ең бастысы – сәбидің денсаулық жағдайы жақсы.
Күн шуағын бәрімізге бірдей шашады...
Төзіміңіз таусылып, тағдырға налитын кездеріңіз қаншалықты жиі болады?
«Жүрегінде шүкіршілі жоқ ештеңеге риза емес болып жүреді. Мен осындай тағдыр сынағы үшін ешкімге ренжіп, ешкімді кінәламаймын. «Менің бақытты болуыма анау жетпейді, мынау жетпейді», «Менің бақытсыз болуыма сол адам кінәлі» деп себеп іздеп жүретін адамдарды түсіну мен үшін қиын. Мен ондай адамдарға «Еститін құлағың бар ма – бар, ойыңды жеткізетін тілің бар ма – бар, көретін көзің бар ма – бар, ұстайтын қолың бар ма – бар, жүретін аяғың бар ма – бар, ендеше, сен шынымен бақытты адамсың!» деп айтамын. Жылуын сыйлайтын Күн де, сәулесін шашатын Ай да бәрімізге ортақ. Одан артық бізге не керек?!.»
Бүгінгі таңда Серікбол Қазалы аудандық «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Ол ұйым өкілдерімен бірлесіп, мәдени іс-шаралар өткізуге асталысады. Аты аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Әлімжан Қияс Серікбол атаулы күндерде қандай шара өтсе де бірінші болып көмек қолын созып, мәдени шараның көркін қыздыратынын айтты.
«Серікбол жиырма жылдан астам уақыт бойы тағдыр тауқыметін көтеріп, жігерін құм қылмаған жігіт. Оның рухы мықты, сондықтан айналасындағы адамдарды да жігерлендіреді», - дейді ол.
Біздің анықтама
Қазалы ауданында қайырымды кісілердің қолдауымен Серікбол Шайховтың 2007 жылы «Әнімсің, ару дүние», 2009 жылы «Қуанышым – нұрлы сәуле», 2010 жылы «Іздейді аққу сыңарын» атты шығармашылық кештері өткізілген. 2010 жылы өткен шығармашылық кешінде аудан әкімі Айтбай Көшербайдың қолынан үш бөлмелі пәтер кілтін алған. Аудандық, облыстық, республикалық мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы өнер байқауларының жеңімпазы атанып, «Жас композитор» атағына ие болды.
Ибраш ӘЛИ
Фотосуреттер мен бейнежазба автордікі
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |