« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жуырда мәжілістің жалпы отырысында депутат Владимир Косарев қаржы министрі Бақыт Сұлтановтан әзірбайжандық банктегі Зейнетақы қорындағы қаражат мәселесінің қалай шешіліп жатқанын сұрады деп хабарлады Daq.kz агенттігіне сілтеме жасаған Nur.kz
«Мен бырыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынып, Әзірбайжанда қалып қойған ақшалар мәселесі туралы білгім келеді. Біз Әзірбайжанның қаржы ұйымдарына аталған қаражатты қайтару туралы айта аламыз ба?» – деді депутат қаржы министріне.
Депутаттың сауалына Бақыт Сұлтанов: «Біз бұл ақшаны жоғалтқан жоқпыз. Егер банк, шынында да, банкротқа ұшыраса немесе қарыздың қайта өзгеріспен төленуін несие берушілердің басым көпшілігі қолдамағанда, ақшаны жоғалту қаупі туындайтын еді. Бүгінгі таңда банктің бұл облигациялары Әзірбайжанның дербес облигацияларына ауыстырылған. Қорытындысы, 3,5 пайыздық мөлшерлемемен 250 млн АҚШ долларының қайтарылуы мерзімі 15 жылға ұзартылды. Бұл қағаздар өтімді болып саналады», – деп жауап қайтарған екен.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Қазақстанның Бірыңғай зейнетақы қоры 71,3 млрд теңге немесе 250 млн доллар инвестиция салған Әзірбайжанның Халықаралық банкі банкротқа ұшырағаны туралы сотқа өтініш берген болатын. Қаржылық проблема Әзірбайжанның ұлттық валютасының құнсыздануы мен мұнай бағасының құлдырауы салдарынан туындаған еді.
Өзекті мәселеге орай мен мынаны баса айтсам деймін. Алдымен оқырмандар назарын ерікті зейнетақы жарналарының деректеріне аударғым келеді. Бұл зейнетақы қорына өздігінен қаржы аударатын кәсіпкерлер немесе базарда, тағы басқа жерлерде ұсақ кәсіппен айналысатындардың санын құрайды. Өткен жылдың 1 қазанындағы дерек бойынша бұл қорға Қызылорда облысында 478 адам 23,7 млн теңге аударыпты. Ал Павлодар облысында олардың саны 9 мың адамды, Ақтөбе облысында 7 мың адамды, Шығыс Қазақстан облысында 1,4 мың адамды, Қостанай облысында 1,9 мың адамды, Алматы қаласында 5,7 мың адамды құрайды. Әрине, әр аймақта халық саны әртүрлі болғандықтан бұл цифрға біржақты келуге болмайды. Бірақ, соның өзінде Қызылорда облысында ерікті зейнетақы жарналарын аударатын адамдардың саны өте аз. Неліктен? Бұл енді өзінің болашағына деген немқұрайдылықтың салқыны болып табылады.
Қызылордалықтардың міндетті зейнетақы жарналарының көлемі өткен жылдың соңында 320 млн теңгені құраған еді. Айналдырған 3-4 айда бұл сома сәл-пәл өзгеріске ұшыраған шығар, бірақ қызылордалықтардың қорға аударған ақшалары мардымсыз. Тіпті халқының саны бізбен шамалас Ақмола облысындағы қорда аталған қаржы көлемі 360 млн теңгені құрап отыр. Егер алдағы уақытта зейнетақы мөлшері қорға аударылған қаржымен және еңбек өтілімен есептелетінін ескерсек, көптеген адамдар өз салғырттығынан опық жеуі әбден мүмкін дегіміз келді. Себебі жалпы экономикадағы күрделі ахуал әркімнің өз мүддесін өзі ескеруіне итермелейтін жағдайды туындатып отыр.
Қазақстанда барлық азаматтардың қорға жинаған ақшасы 7,4 триллион теңгені құрайды. Жалпы, ондағы қаржыны инфляциядан қорғап, оған жыл сайын үстеме қосу жолдарын іздеу бұл енді Ұлттық Банк құзырындағы мәселе болып табылады. Инфляция демекші, бізде әзірге оны ауыздықтау мәселесі коңіл көншітпейді. Рас, Үкімет және Ұлттық банк бірқатар шараларды қолға алып жатыр. Бірақ нәтиже мардымсыз. Себебі Қазақстандағы экономика буындары әлсіз. Экспорттан импорт үлесі басым. Инфляцияға басқа факторлар да әсер етеді. Осының салдарынан 2017 жыл қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция деңгейі Еуразиялық экономикалық қауымдастық елдерінің барлығынан да жоғары болды. Айталық, ол Арменияда – 2,6, Беларусь республикасында – 4,6, Қырғызстанда – 3,7, Ресей Ферерациясында – 2,5, Қазақстанда – 7,1 процент болды. Жалпы, инфляция халықтың кедейлену үдерісін жеделдетеді. Ал зейнетақы қорындағы қаржының құнсыздануы, өкінішке орай осының бір көрінісі болып табылады.
Президент өзі бас болып, қадағалап отырған бұл түйткілдің шыж-быжы көп. Қор ақшасын жымқырғандардың немесе күмәнді табыс көздеріне аударғандардың үстінен қылмыстық істер қозғалып жатыр. Бұл енді биліктің бас ауыртатын мәселесі. Ал өзіміз ше? Сақ болсақ қайтеді, ағайын!
Ж.АҚСАҚАЛОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |