Бес бастама - жаңа мүмкіндіктер

«Qazaqstan» ұлттық арнасында «Президенттің әлеуметтік бес бастамасы» атты халыққа Үндеуіне байланысты республикалық телекөпір өтті. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекмырза Еламанов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қатысып, пайымды пікірлері мен орамды ойын ортаға салды. Телекөпір барысында аймақтармен де тікелей байланыс орнатылып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев 5 бастаманы жүзеге асырудың негізгі бағыттары туралы баяндады. Биыл өңірде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» екеніне тоқталып, шағын несиенің мүмкіндіктері  жайлы тарқатып айтты.

– 2018 жыл – өңірімізде жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы. Осыған байланысты бірқатар тың бастамалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Біз неге кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріп отырмыз? Біріншіден, бізде 90 мыңнан астам өзін-өзі өнімсіз еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындарды жұмыспен қамту міндеті тұр. Олардың басым көпшілігі ірі өндірісті дамытуға мүмкіндік бола бермейтін ауылдық жерлерде тұрады. Ал жаңа жұмыс орындары негізінен шағын және орта кәсіпкерлікпен қамтамасыз етіледі. Тек соңғы жарты жылда өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған 16 мың адамды жұмысқа орналастыруға қол жеткіздік, – деді аймақ басшысы.


Сондай-ақ, облыс әкімі атап өткендей, технологияларды дамыту, көптеген процестердің автоматтандырылуы мен роботтандырылуы  өндірістегі адамның санын азайтады.

– Сол себепті уақыт өте келе, кәсіптік қызмет көрсету үлгісіне негізделген шағын және орта кәсіпорындар драйверге айналады. Сәйкесінше, кәсіпкерлікті дамыту және жұмыс орындарын ашу арқылы біз әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеміз. Бұл – шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың қажеттілігін көрсететін екінші фактор. Оның үстіне әлеуметтік саясат азаматтарды еліміздің толыққанды экономикалық өміріне тарту арқылы жүзеге асырылатын және зейнетақы жүйесі толығымен еңбек өтіліне негізделетін ендігі уақытта біздің міндетіміз әрбір азаматтың көлеңкелі экономикамен байланысты іс-әрекетін заңға бейімдеу болып табылады. Әлбетте, осы тұста шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық  берілуде. Бұл үшін мемлекет тарапынан қолайлы жағдайлар жасалуда, бизнесті дамытуға, оның ішінде старт-ап жобалар үшін несиелік ресурстарға қолжетімділік айтарлықтай жеңілдетілді, бюджеттік қаражат есебінен қажетті инфрақұрылым және басқа да шаралар атқарылуда. Үшінші фактор – кәсіпкерлік – бұл қазынаны (бюджетті) толықтыру мәселесін шешудің кілті. Оның үстіне, шағын және орта бизнес – өзінің шапшаңдығының арқасында, тіпті, дағдарыс кезінде де кез келген жағдайға бейімделе алатын және солай ете отырып елдегі жағдайды өзгерте алатын бизнес-қауымдастықтың бір бөлшегі. Сондықтан Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, Ұлт көшбасшысы шағын және орта бизнесті дамыту қажеттілігі туралы үздіксіз айтып келеді. Соңғы жылдары кәсіпкерлік саласындағы жұмыспен қамтылғандардың үлесін 22 проценттен 26-ға дейін арттыра алдық. Бірақ, бұл көздеген меже емес. Біздің мақсатымыз – 2050 жылға қарай жалпыөңірлік өнім көлеміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 14% -тен 45-50%-ке дейін жеткізу және осы мақсатта жұмыс жасаудамыз. Мақсат – жоғары, алайда, қолжетімді. Бұл үшін біз жалпы бюджеті 32 млрд теңге болатын кәсіпкерлікті дамытудың кешенді «Жол картасын» әзірледік, – деді өңір басшысы.

Телекөпір барысында облыс әкімі «Бастау бизнес» жобасына қатысты да пікір білдірді.

– «Бастау бизнес» жобасына келсек, ол бизнесін жаңадан ашқысы келгендерге «экономикалық лифт» іспеттес болмақ. Өйткені, қазіргі қалыптасқан кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының  жүйесі негізінен аяққа тұрған бизнесті дамытуға бағытталған. Микробизнес, әдетте, шеткері  қалады. Әсіресе, кепілдік мүлкінің болмауынан болашақта кәсіпкер болатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз адамдардың қолына бұл қаражат іс жүзінде жетпейді. Әсіресе, бұл проблема  ауыл тұрғындарына қатысты. Бұл бастаманың маңыздылығы – мыңдаған адамдарға өз кәсібін ашуға мүмкіндік беретіндігінде, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетов саланың дамуы қарқынды екенін жеткізіп, «Бір терезе» қағидаты негізінде жұмыс істейтін орталықта кәсіпкерлер техникалық және рұқсат құжаттарын алу жөнінде қажетті кеңес пен көмек ала алатынын айтты.

«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ директоры Самат Ерниязов та өз кезегінде облыста шағын несие кәсіптің шырайын кіргізе бастағанын айтып, облыстық бюджеттен инвестициялық орталық арқылы  осы мақсатта 500 млн теңге бөлінгенін және басқа да көздерден қосымша 1 млрд теңге тарту жоспарланғанын тілге тиек етті. Халықтың әлеуметтік өміріне түбегейлі өзгеріс әкелетін бұл жұмыстар алдағы уақытта қарқынды жүргізіле беретін болады.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 наурыз 2018 г. 421 0