« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Міне, қыстың көбесі сөгіліп, күнгейлі көктем де келді. Адамдар жаңа үміт, жарқын күндерге сенімді. Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева ғасырға таяу жасаған қайсар жан. Қилы заманның куәгері мына жарқын уақытқа шүкіршілік айтады. Ұрпақтарына ұлағатын үлестіріп, дархан даламыздай халқымыздың мұнан да керім жетістіктерге кенелеріне тілек тілеп, жастарға бата беріп отырады.
− Бүгінгі Н.Бекежанов атындағы ауыл өткен ғасырдың басында «Атбайлар» деп аталатын. Бала кезінде өзіміз де көрдік, ауылдың түстік беткейі қалың жоңышқа әрі қарай шабындық болатын-ды. Осы ауылда туып, өсіп-өндік. Атақоныстың бар тарихы көз алдымызда, –дейді Шырынкүл апа.
Иә, дала академигі екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаевтың ізбасары Шырынкүл Қазанбаева «жазулы тұрған хатпен тең» шежіре кісі. Сағаттап отыратын алқалы жиын-тойларда шаршаған сыңай көрсетпейді-ау, елге деген жанашырлық түсінігін, кесіп-кесіп сөйлейтін кісілігін, ер-азаматқа пара-пар ірілігін айтсаңызшы!
Аяулы да, ардақты еланасы Шырынкүл Қазанбаева – біздің мақтанышымыз. Өршіл рухы мен қажыр-қайратын қоғам дамуына, көптің ортақ ісіне арнаған Еңбек Ері жасым келді деп қарттықтың жетегіне еріп, жер тірейтін емес. Қайта еліміздің Тәуелсіздігіне тәу етіп, жігер-күшімен бекемдене түскен секілді.
− Өмірге адам болып келген соң, азаматтығыңды танытатын, адамгершілігіңді айшықтайтын ақ-адал іспен айналыс. Боркемік жігіттерге, бойкүйез қыздарға айтарым, жан-жағыңа қара, сілкін! Данышпан Абай атамыз айтпақшы, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», дер едім. Еліміздің егемендігінің арқасында білім алуға да, еңбек етуге де жарқын жол ашылды емес пе?! Көзіңді ашып қарасаң, сан тарау соқпақты көресің, тізең дірілдемей, қолың былғанбай әрі қарай қадам бассаң, алдың даңғыл, – дейді Батыр Ана.
Біле бермейді екенбіз, еңбегімен елге еленіп, биіктерді бағындырған Шырынкүл апамыз рухани күш жинауға аса мән береді екен. Төсегінің бас жағындағы жатаған үстелде қат-қат кітап, құшақ-құшақ газет-журналдар жинаулы тұр. Көбі көрнекті азаматтар, қоғам қайраткерлері жөніндегі естеліктер. Мұстафа Шоқай, Шахмардан Есенов, Ыбырай Жақаев, Нұртас Оңдасынов, Дінмұхаммед Қонаев жөніндегі кітаптарды көзіміз шалды.
− Мен әуелі бухгалтерлік курсты бітіргенмін. Сұлутөбеде есеп қызметкерлерін дайындайтын 6 айлық курс болатын. Соны 1940 жылы оқып шықтым. Қызметке енді араласам ба деп жүргенімде тұрмыс құрып, өзге босағаны аттадым, – дейді ол.
Бала кезінен зейінді Шырынкүл апа өзі жасаған тоқсанның сегізіндегі жастың толғамында есті сөзге құлақ түре жадында тоқып, есер сөзді кейін ысырып, жан дүниесінің айнакөлін кір шалдырмай келеді. Болаттай беріктілік, темірдей төзімділік жаратушы берген қасиет болса, оны одан әрі өзінің зеректігімен шыңдаған Батыр анамыз шыңға шықты, аманат жанын адалдықпен аптады, кісілікпен күптеді. Сондықтан да ол өзгелерден еңселі, ажары ашық.
Ата-анасы Қазанбай мен Пәкизаның бауырынан он бала өргенімен, еңсесін көтеріп, ержете алғаны екеуі ғана еді, ағасы – Әбдіхалық және Шырынкүлдің өзі. Сондықтан да туған ағасының бір ауыз сөзін жерге тастай алмай, Жұмаділдаға тұрмысқа шыққаны. «Осы жігіттің етегінен ұста, қор болмайсың», – деп еді сонда ағасы. Солай болды да. Өлшеулі өмірдің қай қатпарын жұмырбасты пенде біліп болған дейсің?! Келін болып өзге босағаны аттаған соң, көп ұзамай Ұлы Отан соғысы басталды да қызықты күндердің ду-дуы аласапыранға, Алла сақтасынға ұласты.
1941 жылдың күзінде күйеуі Жұмаділда, туған ағасы Әбдіхалық, әкесінің інісі Жайынбай баласы Тасболатпен бірге әскерге алынды. Шиелі стансасында тұрған аждаһа ауызды қызыл вагон жарамды ер азаматты толғай жұтып, тарсылдап майдан жаққа күнара жөнеп жатты. Елдегі ауыртпалық әйелдерге, жас бала-шағаның мойнына ілінді. Күнкөрістен бөлек, майдан шебіне азық-түлік, киім-кешек жіберу секілді ауыр міндет тұрды. Кейінгілердің бірі біліп, бірі білмейтін шығар, сол кездегі еңбек майданына әйелдерді де алды. Өзінің туған жеңгесі Пернекүл Чкалов қаласындағы аяқ киім фабрикасында жұмыс сол күйі хабарсыз кетті...
Шиелідегі МТС-та 3 айлық тракторшылар курсын тәмамдаған Шырынкүл ұзамай-ақ трактор руліне отырды. ЧТЗ деген үсті ашық, жанына май құятын бөшкесі байланған трактор болатын. Соның бірін иеленіп, жер жыртты, тырмалады, дән септі, әйтеуір бір тынған емес. Әлгі тракторды оталдыру қияметтің қияметі болатын. Моторды қозғағыш тетіктегі бір құлаш шынжыр темірді жылдам әрі күшпен тарту қажет. Сонда ғана трактордың моторы іске қосылып, тарылдай жөнелер еді. Менмін деп кеуде керген жігіттеріңнің өзі қолын шынжыр арқанға оратып алудан жасқанып, бұл тірлікке жасқаншақтай баратын-ды. Қарулы да әбжіл Шырынкүл мұны тез меңгерді. Колхоз бастық Ілиястың, «Әп бәрекелді, күшіңнен» деп басын шайқай беретіні сонда ғой...
− Атақты диқан Ыбырай Жақаевтың өнегесін көріп өстік. Артық ауыз сөзге жоқ, салмақты, нағыз еңбектің адамы еді. Ол кісі күріш еккен «Ыбырай түбегі» дейтін егіс алқабын алғашқы кезеңде бұталарынан тазалап, ой-қырын техникамен біз тегістедік. Алқаптағы жиде, шеңгелдердің түбін кетпенмен аршып, бір тынбаушы еді, жарықтық. Тәулігіне 2-3 сағат қана демалып, аздаған нанды қаузаңдап алып жұмысты бітірейік деп жөней беретінбіз, – дейді өткен күндерді көз алдынан өткізген ана.
Соғыстың алғашқы жылдары осы Шиелі станциясынан 5 вагон астық майданға жөнелтілді. Әр ауылға дән өткізу үшін тапсырма берілді. Ол кезде техника кемшін, тасымал жұмысы арбамен атқарылды. Есекке екі қапты теңдеп алып, астық тасыған не сән. Міне, осы ауыр жұмыстың ортасында Шырынкүл де жүрді.
Үлкен қызын босануға 10 күн қалғанда ғана тракторынан түсіпті. Онда да енесі байғұс ауданнан келген уәкілге: «Мына қатынды темірдің үстінде тусын демесең, босат», деп айқай салмаса, Шырынкүлдің заты әйел екендігін жұрт ұмытып кеткендей де екен.
Ол ері Жұмаділда майданнан келген соң 1947 жылдан бастап күріш егуге шықты. Алайда соғыс кезінде серік болған тракторынан да ажырамады. Өзіне тиесілі гектар көлеміндегі жерді техникамен өзі баптап күтуші еді. Арық-каналдарды тазалайтын, шылауын алатын. Нәтижесінде өнімділігі еселеп өсті. Алғашқы жылдары гектарына 70-80 центнерден, кейіннен 100 центнерден тұрақты өнім алып, Отан байлығына мол үлес қосты.
Жанкешті еңбек жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі», «Ленин» орденімен марапатталған «Коммунизм» колхозының күріш звеносының жетекшісі Шырынкүл Қазанбаеваға 1972 жылы ең жоғарғы атақ – Социалистік Еңбек Ері берілді. Сол еңбек қарқынын төмендетпей, 1980 жылға дейін колхозда жұмыс істеді. Әсия, Әсемкүл есімді қос қызын тәрбиеледі. Олардан өзге бір ұл, бір қызы жас кезінде шетінеген еді.
Үлкен жүректі ана жары Жұмекеңе мұрагерлік жолмен әйел алуға да кеңшілік жасады. Жеңгелей және келіндей алған әйелдерінен бір топ бала өсіп, әулеттің керегесін кеңейтіп отырғандығын қалай айтпаймыз?! Қазір де бір-бірімен араласып, қауқылдасып жатады.
1995 жылы Жеңістің 50 жылдығына орай өткізілген Алматыдағы салтанатты жиынға арнайы шақыртумен қатысқаны бар. Ел басына күн туған сол бір сұрапыл кезеңдегі тылдағылардың жанқиярлық еңбегі туралы көпшілікке айтып бергенінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орнынан тұрып келіп, кішіпейілділікпен: «Рахмет, Апа!» деп қолын алғанын немере-шөберелеріне әлі жырдай етіп баяндайды.
− Тәуба! – деп отырмын, – дейді Батыр ана. – Бұл көрсеткеніне мың қайтара шүкір! Тәуелсіздігіміз баянды болсын. Алғашқы кездегі қиыншылықтар жойылып, өркендей бастадық. Бұрындары қазақ елін білмейтіндер бізден үлгі алуда. Қазір білімдінің заманы, сондықтан жастарымыз оқу оқып, білім алуға ұмтылып, уақытын пайдасыз нәрсеге шығындамағаны жөн. Теледидардан жаңалықтарды қарап отырамын, мемлекетіміздің дамуына үлес қосқан адам қай жерде де қадірлі болады, адал бейнеттің наны қашанда тәтті.
Алланың назары түскен, сүйегі асыл, жүрегі шуақ батыр апа ғасырға таяу ғұмырында елге өнеге көрсетумен келеді. Өз еңбегі сіңген Шиелі ауданы биылғы 90 жылдық тойын зор табыстармен қарсы аларына сенімді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |