Көшербаев 20% бастапқы жарнасы бар салымшылар санын анықтауды тапсырды

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев есепшоттарында бастапқы жарна ретінде 20% қаржысы бар салымшыларға талдау жасауды тапсырды. Бұл туралы ол актив жиналысында айтты.
Сонымен бірге әкім шағын несиелендіру мақсатында облысқа қосымша қаржы тартуға тапсырма берді. Аймақ басшысы Елбасының бес әлеуметтік бастамасы миллиондаған қазақстандықтардың мүддесіне оң әсер етіп, әлеуметтік саланы жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
«Президенттің айтуынша, жұмыс істейтін әрбір қазақстандық жаңаланған шарттар бойынша ипотекалық несие алу мүмкіндігіне ие болады. Бұдан басқа, өздеріңіз білесіздер, біз алдымызға облыстың әлеуметтік аз қамтылған тобын мейлінше қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету міндетін қойып отырмыз. Осы мақсатта 2017 жылы 3 жылға арналған тұрғын үй құрылысына бағытталған «Орда» «жол картасын» әзірледік», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, ол бастапқы жарна ретінде есепшотында 20% қаржысы жинақталғандардың санын анықтау үшін салымшыларға талдау жасауды жүктеді. «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру» атты Үшінші бастамасы аясында Қырымбек Көшербаев Қызылордадағы мектеп бітірушілердің Ресей Үкіметінің гранты есебінен білім алып жатқанын атап өтті.
«Жуырда Ресей Федерациясының федералдық бюджеті есебінен Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің К.А.Тимирязов атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясына бакалавр бағдарламасымен «Білім саласындағы ақпараттық жүйелер» мамандығына сегіз талапкерді және магистратура бағдарламасы бойынша «Инженерлік білім беру жүйесін ақпараттандыру» мамандығына жиырма талапкерді жаңадан оқуға қабылдау жөнінде келісімге қол жеткіздік. Сонымен бірге, жыл сайын облыс әкімінің грантымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 100-ге жуық дарынды ауыл балаларын аймаққа қажетті мамандықтар бойынша еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына жіберудеміз. Біздің жастарымыз талантты және біз оларды жаңа қоғамның қажетті мамандықтарына бағыттауымыз қажет», – деді облыс әкімі.  
Сондай-ақ, биылғы жылы шағын несиелендіруге 3 млрд теңгеден астам қаржыны бағыттау жоспарлануда. Бұл кемінде 500-ге жуық жобаны несиелендіруге мүмкіндік береді. Астана қаласының газдандыру жөніндегі Бесінші бастамасы аясында Мемлекет басшысы Қараөзек (Қызылорда облысы) - Жезқазған - Қарағанды - Теміртау - Астана бағытындағы магистральды газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Қызылорда облысы әкімінің айтуынша, бұл жоба бірнеше жыл бойы зерттелді.
«Бүгінгі күні елордамыз Астананы газдандыру біздің Сыр өңірінен бастау алатыны біз үшін үлкен қуаныш. Біз бұл мәселені бірнеше жыл зерттедік. Нақты айтар болсақ, бұл - сметалық құны 370 млрд теңге болатын инвестиция, бюджетке түсетін түсімдер мен ең бастысы, жаңа жұмыс орындары. Жоба бойынша кемінде 200 қызылордалық жұмыспен қамтылатын болады», – деді Қырымбек Көшербаев.




НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 наурыз 2018 г. 592 0