Облыс әкімі актив жиналысында шағын несиелендіру мақсатында облысқа қосымша қаржы тартуға тапсырма берді.
Аймақ басшысы Елбасының бес әлеуметтік бастамасы миллиондаған қазақстандықтардың мүддесіне оң әсер етіп, әлеуметтік саланы жаңартуға бағытталғанын атап өтті.
«Президенттің айтуынша, жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша ипотекалық несие алу мүмкіндігіне ие болады. Бұдан басқа, өздеріңіз білесіздер, біз алдымызға облыстың әлеуметтік аз қамтылғантобын мейлінше қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету міндетін қойып отырмыз. Осы мақсатта 2017 жылы 3 жылға арналған тұрғын үй құрылысына бағытталған «Орда» «жол картасын» әзірледік»,- деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, облыс әкімі бастапқы жарна ретінде есепшотында 20% қаржысы жинақталған несие алушылардың санын анықтау үшін салымшыларға талдау жасауды тапсырды.
Жоғары білім алудың қол жетімділігі мен сапасын арттыру атты Үшінші бастамасы аясында Қырымбек Көшербаев Қызылордадағы мектеп бітірушілердің Ресей Үкіметінің гранты есебінен білім алып жатқанын атап өтті.
«Жуырда Ресей Федерациясының федералдық бюджеті есебінен Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің К.А.Тимирязов атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясына бакалавр бағдарламасымен «Білім саласындағы ақпараттық жүйелер» мамандығына сегіз талапкерді және магистратура бағдарламасы бойынша «Инженерлік білім беру жүйесін ақпараттандыру» мамандығына жиырма талапкерді жаңадан оқуға қабылдау жөнінде келісімге қол жеткіздік. Сонымен бірге, жыл сайын облыс әкімінің грантымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 100-ге жуық дарынды ауыл балаларын аймаққа қажетті мамандықтар бойынша еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына жіберудеміз. Біздің жастарымыз талантты және біз оларды жаңа қоғамның қажетті мамандықтарына бағыттауымыз қажет»,-деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, биылғы жылы шағын несиелендіруге 3 млрд. теңгеден астам қаржыны бағыттау жоспарлануда. Бұл кемінде 500-ге жуық жобаны несиелендіруге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейәк, 2018 жыл аймағымызда «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жылы болып жарияланды.