БАЙЛЫҚ – БАЙЛЫҚ ЕМЕС, БІРЛІК – БАЙЛЫҚ

Елбасының Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңа әлеуметтік бастамаларын жариялай отырып, қазақ халқының өмірлік тәжірибесіндегі «бірлік» ұғымының маңызына тоқталған тұсын тебіреніспен тыңдадым.

Тарихқа жүгінсек, қазақтың бірліксіз тірлік қылғанда ғана қапыда қалғанын байқаймыз. Сондықтан өткеннің ащы сабағын әрдайым жадында тұтқан  ақсақалдар, билер, хандар ел ішіндегі асқынған дауға қатысты шешім қабылдағанда ең алдымен ел бірлігіне сына түспеу жағына баса көңіл бөлген. Ізіне «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Тозған қазды топтанған қарға жейді» деп келетін жүздеген мақал-мәтел қалдырған.

Ел болудың бірден-бір алғышарты – адамдар арасындағы түсіністік пен бірлік, ынтымақ пен сыйластық. Бұл ұғымдардың мәні мен маңызы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғыдан да арта түсті. Ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибе этностардың татулығы мен келісімін нығайтуға жұмсалды. Бүгінгі бір шаңырақ астындағы баянды ғұмыр кешуімізге тастай тұтастығымыз, балталаса бұзылмас бірлігіміз қызмет етті.

Елбасының әсіресе, ел мен жердің иесі – қазақтың бірлігі туралы пайымы азаматтарға жауапкершілік жүктеуі тиіс. Алтыбақан алауыздық, жүзге, руға бөлініп бытырау, жершілдік әдеттер – бірліктің жауы. Бұл дерт әсіресе, жас ұрпақтың бойына жұқпаса екен.   Әлемнің озық мемлекеттерімен тереземіз тең болу үшін жасалып жатқан қадамдардың барлығы бірлікпен жұмыс істегенде ғана берекелі болмақ.

Ахат ЖАНАЕВ, 

Қазақстанның құрметті журналисі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 наурыз 2018 г. 614 0