
Кеше облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Владимир Божко алдымен Жаңақорған ауданының Бірлік ауылына аялдады.
Жамағаттың есінде болар, ақпан айының 22-сі жұлдызында нөсерлете жауған жаңбыр салдарынан қар еріп, соңы қарғын судың жүруіне әкеліп соқтырған болатын. Табиғаттың тосын мінезінен осы ауылға және аудан орталығы – Жаңақорған кентінің түстік беткейіндегі тұрғын үйлер ауласына су кіріп, тұрғындарға едәуір дүрбелең туғызған болатын-ды. Араға апта салып осы оқиға тағы қайталанғанында, Бірлік ауылының сегіз үйінің ауласынан қарғын су жүріп өтті. Мал-жан аман болғанымен, тілсіз жаудың қайталап соғуы жұртшылықты алаңдатары рас. Оның үстіне биылғы қыста тауға қардың қалың түсуі салдарынан дария тасқыны бола ма деген де қауіп елді елеңдетіп отырғандығы да бар. Міне, қарғын мен су тасқынының алдын алу шараларын көзімен көріп, қажет жағдайда нақтылай көмек беруге келген Владимир Божко облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірігіп, мәселені қауіпті аймақ деп табылған жерлерде талқылады.
Осы ауыл тумасы, аудандық мәслихат депутаты Б.Құтыбаев жергілікті тұрғындарды мазалап отырған мәселені былайша түсіндірді. «Табиғаттың биылғы тосын мінезі араға қырық жыл салып барып, қайталанып отыр. Ауыл тұрғындарының жұмыла кірісуі және төтенше жағдайлар бөлімшелерінің белсенді әрекеті нәтижесінде оның зардабы аса қатты бола қойған жоқ, дегенде, көптен жөндеу көрмеген су тоспалары мен арналарды жөндеу қажеттілігі туындап отыр. Міне, осыған құзырлы орындардың қаржылай көмегі қажет».
Аудан әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев аудандағы қарғын суға қарсы шаралар туралы және Шардарадан жіберілген мол су мен сең қозғалысын Сырдария өзенінен заласыз өткізіп салу тұрғысындағы жұмыстарды баяндады. Қазіргі кезде барлық жағдай бақылауда. Кезекшіліктер ұйымдастырылған, мобильдік топтар сақадай әзір. Қажетті техникалар жинақталған, оның үстіне аудан тұрғындары да ұйымшылдық көрсетуде.
– Тосын жағдайда тез көтеріліп, ауызбірлік таныту қандай да қауіпті сейілтеді. Сабырлылықпен қарғын судан қорғанғандарыңызға ризамын. Оның үстіне біздің төтеншенің жігіттері де қиыншылыққа жол бермеудің бар шарасын іске асырады, – деген В.Божко қысқы қардың жылы ауамен мүжіліп, сесі қайтқандығын, сондай-ақ, Сырдария өзені арқылы төмен қарай секундына 500 текше метрден артық су жіберілмейтіндігін, оның өз кезегінде қауіп тудырмайтындығын атап өтті.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ҚР Төтенше жағдайлар министрімен нақты жағдайларды саралай келе, қауіпсіздік шараларымен тікелей айналысатын құрылым басшылары мен жергілікті атқарушы орындарға тиісті тапсырмалар берді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.
***
Аймағымызға жұмыс сапарымен келген еліміздің Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Владимир Божко Жаңақорған ауданынан соң Қызылорда қаласында болды. Сырдария өзеніндегі жаңа көпір жанында стенд арқылы мұндағы қорғаныс бөгеттері мен өзенде қалыптасқан жағдаймен танысқан министр түс ауа облыс әкімшілігінің мәжіліс залында өткен селекторлық жиынға қатысты.
Жиынды ашқан аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев дария бойымен жоғарыдан келе жатқан суды мүмкіндігінше ауыздықтау мәселесіне қатысты алғашқы хабарлама жасау үшін орынбасары Рзақұл Нұртаевқа сөз берді. Оның айтуынша, Шардара су қоймасына жиналған су көлемі 4135 млн. текше метрге жеткен. Нақты кезеңде аталған су қоймасынан төмен қарай секундына 1 мың текше метр су тасталуда. Оның 500 текше метрі Көксарай су реттегішіне бағытталып жатыр. Мұндағы жиналған су көлемі 2222 млн. текше метр. Жоғарыдан біздің облыс аумағындағы өзен арнасына секундына 500 текше метр су келуде. Қызылорда су торабына дейінгі аралықтағы арналар мен көлдерге артық су жіберілуде. Ал, тораптан төмен қарай кетіп жатқан су мөлшері секундына 360 текше метрді құрайды. Дариядағы мұздың қалыңдығы 42-69 сантиметр аралығында. Облыс аумағынан көктемгі су тасқынын зардапсыз өткізіп жіберу үшін қазір қауырт шаралар атқарылып жатыр. Бұл туралы «Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» мекемесінің басшысы Ә.Қарлыханов, «Қазсушар» облыстық филиалының жетекшісі Б.Арыстанбаев және облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшысы С.Өмірзақов жеткізді. Мәселен, былтыр өзен бойындағы 22,6 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеттері нығайтылып, 6 гидроқондырғы жөндеуден өткізілген. Бұған қоса, су тасқынына қарсы шараларға облыс бюджетінен 271,5 млн. теңге бөлінді. Арнайы құрылған комиссия облыс көлемінде 26 қауіпті аймақ барын анықтаған. Оның 8-і Қызылорда қаласында. Шиелі ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев пен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қауіпті саналған аймақтардың арнайы техникалары бар мекемелерге бекітіліп берілгенін және онда тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылғанын айтты. Тасқын судан ешкім зардап шекпес үшін оған қарсы әрекеттер облыс әкімінің тапсырмасымен барлық аудандарда жүргізілуде.
Арнайы рұқсаты бар мұз жарғыш мекеме мамандары бүгінде Шиелі ауданында жару жұмыстарын жүргізуде. Сең аталған ауданнан 9-10, ал Қызылорда қаласы тұсынан 20-30 наурыз күндері өтеді деп күтілуде.
Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген министр В.Божко Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласы аумағында өзенде қалыптасып отырған жағдаймен мұқият танысқанын, алдағы уақытта ел Үкіметі тарапынан су тасқынынан сақтану шараларына қаржы бөлуге ықпал жасайтынын жеткізді. Әсіресе, Қызылорда қаласы тұсындағы дарияның оң жақ бөлігін қой тастармен шегендеу жобасына Республикалық бюджеттен сұралған 2 млрд. теңге қаражаттың бөлінуіне қолдау білдіретінін атап өтті. Өйткені, су алу аймағына жататын ірі елді мекеннің бірінен саналатын бұл қорғаныс бөгеттерін бетондау ісі бұрын басталғанымен, қазіргі таңда тоқтап тұр.
Жиынды қорытқан аймақ басшысы министрге алғысын білдіріп, құзырлы мекеме басшылары мен қала және аудан әкімдеріне тасқынға жол бермеудің бүкіл қам-қарекетін онан әрі ұйымдастыруды тапсырды.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.