3D технологиясы десе, ең бірінші көз алдымызға Күн шығыс елдері Қытай, Жапония, Корея түсетіні анық. Өйткені, бұл мемлекеттердің экономикалық даму динамикасы көш ілгері болғандықтан, қандай да бір озық үлгідегі дүние осы елдерде ғана жасалатыны бұрыннан белгілі.
Дегенмен, ІТ-технологиясы біздің елде де күн сайын қарқын алып келеді. Бүгінде халықтың жаңа технология арқылы жаңалық ашуға деген қызығушылықтары артты. Әсіресе, мұндай талпыныс жастардың арасында кең етек алуда. Мемлекет тарапынан да оларға мол мүмкіндіктер қарастырылған. Тіпті, мектеп жасынан бастап оқушыларды түрлі жобаларға баулуға болады. Өткен жылдың соңында аймақтың талантты жастарын бір арнаға ұйыстырған «HACK DAY-2017» фестивалі өткені белгілі. Түрлі инновациялық жобалар мен идеяларды паш еткен шарада көптеген дарындылар бағын сынады.
Ақпаратты технологияның негізінде тың жобаларды қолға алған сондай жандардың бірі, фестиваль жеңімпазы Жеңісбек Сұлтанбекұлы. Ол – М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінің ЭВМ жөндеу шеберханасының меңгерушісі, мамандығы – информатик. Жеңісбектің «Контент және медиа» секциясы бойынша қатысқан тобы «Туризмді дамыту: қонақ үй және Қызылорда қаласындағы мәдени орталықтар» жобасын ұсынды. Жобаның басты мақсаты – облыстың туризм саласын дамытуға бағытталған. Яғни, 3D форматында жасалған жоба негізінде сырттан келген меймандар қонақ үйде отырып, мобильді қосымшадағы карта арқылы өзіне қажетті барлық жағдайды жасай алады. Қонақ үйдің жанында орналасқан немесе қаладағы мәдени орталықтар мен өзі орналасқан мекен-жайды көруге, білуге мүмкіндік болады.
– Бұл – менің алғашқы жобам. Бұған дейін ақпаратты технология аясындағы байқауларға қатысқан емеспін. Топ болып жұмыс жасағандықтан, жобамыз сәтті шықты. Фестивальда ІІ орынды иелендік. Осы ретте қолдау көрсетіп, жетістікке жетуге жетелеген ғылыми жетекшім Роза Шермахановаға айтар алғысым шексіз. Алдағы уақытта бір ғана жобамен тоқтап қалмай, білімімді жетілдіріп, саланы игеруге жұмыс жасайтын боламын, – деген ол ІТ-технологиясына қызығушылығының артқандығын жеткізді.
Жеңісбектің ендігі арманы – оқу орындары мен «Байқоңыр» ғарыш айлағының және Қамбаш көлінің 3D-4D форматындағы панорамасын жасау. Сол арқылы демалуға немесе өңірімізбен танысуға келген қонақтарға ыңғайлы әрі тиімді жағдай туғызу.
Елімізде ІТ және инжинирингтік қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие. Елбасының биылғы Жолдауында да бұған басымдық берілген. Бұл – арманы асқақ, мақсаты бөлек Жеңісбек секілді жастардың талабын шыңдауға, қабілетін арттыруға зор мүмкіндік. Осы орайда, үлкен жобаға қадам басқан Жеңісбекке тек сәттілік тілейміз.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».