« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Өткен жылдың соңында түрлі салада еңбек етіп, аймақ дамуына айрықша үлес қосып жүрген бірқатар сырбойылық мемлекеттік марапатқа ие болды. Олардың қатарында «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жұмаділаев та бар. Мұрат Әлімбайұлы кеудесіне «Шапағат» орденінің тағылуын өзіне артылған сенім мен жауапкершіліктің орындалуына берілген баға деп есептейді.
Өмір – адам баласына берілген үлкен сынақ. Мықтылар төзеді, әлсіздер жеңіледі. Бұл – заңдылық. Қу тіршіліктің күйбеңімен жүріп, арамызда он екі мүшесі сау болмаса да, өз орнын табуға ниеттеніп, қоғамның бір кірпіші болып қалануға барын салып жүрген жандар жетерлік. Олардың өмірге деген құштарлығы басым. Сенімі мол. Орыстың атақты жазушысы М.Горький «Ерлік атаулының ішіндегі ең кереметі – еңбек ерлігі» деген. Расында, Мұрат Жұмаділаев нағыз еңбекқор жан. Оның өмірлік ұстанымы жауапкершілік, еңбек және адалдық. Көпшілік оның еңбегіне қайран қалып, «осынша қажыр-қайрат пен өмірге деген құштарлықты қайдан аласыз?» сұрап жататын көрінеді.
Кейіпкеріміз әңгімесін әріден бастады. Бала кезден көпшіл, алғыр болыпты. «Мектеп бітірген жылы оқуға түсе алмадым. Бір жылдан кейін Шымкент қаласындағы бугалтерлік кәсіптік училищесінде оқыдым. Оны тәмамдап, туған жерім Қызылордаға тарттым. Келгеннен кейін жұмыс іздедім. Бірақ реті болмады. Қаладағы барлық мектептерге барып шықтым. Бос орын жоқ деп шығарып салды. Білімім орта болғандықтан, жұмысқа қабылдамаған шығар деп ойладым» деді ол. Сол оймен Мұрат Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ды тарих және құқық негіздері, «Болашақ» университетінің заңгер мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. Жоғары білім алса да көпке дейін тұрақты жұмыстың ыңғайы табыла қоймайды. 1999 жылы М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің директоры Әлима Әбдіхалықовамен кездесіп, жұмысқа қабылданады. Алғашында мамандар бөлімінің инспекторы болып орналасты. Уақыт өте келе, өзіне жүктелген жауапкершілікті аса ұқыптылықпен орындап, нәтижесінде бүгінгі күнге дейін мамандар бөлімінің меңгерушісі және заңгер қызметін қатар жүргізіп келеді.
Сонымен бірге 2000 жылдан бастап, мүмкіндігі шектеулі жандарға құқықтық кеңес берумен де айналысады. 2006 жылы «Жігер» спортшы мүгедектердің қоғамдық бірлестігін құрады. Бірлестіктің төрағасы ретінде тірек-қимыл аппараттары зақымдалған мүгедектер арасында спорттық турнирлер ұйымдастыру, мүгедектерге және мүгедек балалары бар ата-аналарға құқықтық кеңес беру, мүгедек балаларды қолөнерге баулу жұмыстарын ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі жастармен жұмыс жасау бойынша әлеуметтік қызмет жұмысын ұйымдастыру, мүгедектерді қашықтықтан оқыту жобаларын тиісті сала басшыларымен бірігіп, қолдаудың арқасында жүзеге асырды. Мұнан өзге түрлі әлеуметтік жобаларды орындап келеді.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында бізге, мүгедектерге баса назар аударады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсарту жолындағы басты тапсырмаларды атап көрсетіп келеді. Жалпы, біздің өңірде қоғамда мүгедектер үшін кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде, – деді ол.
Кейіпкеріміз құрған «Жігер» ұйымы мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту арқылы олардың уақытын тиімді пайдаланып, жетістікке жетуге жол ашты. Бірлестіктің негізгі бағыты мүгедек жандарды спортқа баулып, құқықтарын қорғап, өмір сүру деңгейлерін көтеру болып табылды. Сонымен бірге республикалық, облыстық, қалалық мүгедектер арасында спорттық турнирлер ұйымдастырды. Бұдан бөлек, облыста болып жатқан әлеуметтік-құқықтық іс-шараларға мүгедектерді тарту, спорт арқылы өмірден орын табуға және қоғамның белсенді мүшесі атануға, республикалық спорттық ойындарға облысымыздан қатысатын үздік спортшы мүгедекті анықтау негізгі жұмыстары болды. Бірлестіктің жеткен жетістігі көп. Талай белестерді бағындырды. Мұны спортшылардың жеткен жетістігінен де көруге болады. Пауэрлифтинг, отырып ойнайтын волейбол және жеңіл атлетикадан мүгедек спортшылардың жетістігі республикада алдыңғы үштікке кіреді. Бұл – жақсы көрсеткіш.
Біздің облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қамқорлық мол. Осының арқасында қаражат бөлу көбейді. Мәселен, кез келген бірлестіктің мүшесі «Мұз айдыны», «Евразия» және «Тарлан» спорт орындарында, мектептердің спорт залдарына барып, жаттығып, шаралар өткізе алады. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инватакси қызмет көрсетеді. «Мәселен, мен 2005 жылы тегін пәтерге қол жеткіздім. Осы 2005-2017 жылдар аралығында 200-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Мемлекеттік мекемелерге, сауда орталықтарына кіріп шығу, аялдамалар мен автотұрақтарда барлық жағдайды қарастырған» деді ол.
Қазіргі таңда облыста мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүруін жақсарту бағытында жол картасы қабылданды. Білім алу, үйден оқитын мүмкіндігі шектеулі балаларды оқулықпен қамту, ҰБТ тапсыруға және кәсіптік білім алуға мүмкіндіктер берілді. Сонымен бірге, мүгедектерге арналған тегін оқыту курстары да бар. Мәселен, «e.gov» бағдарламасын үйрену арқылы кілт алып, түрлі анықтамаларды өздері ала береді. Кәсіп ашып, шаруасын өрге домалатамын деген мүмкіндігі шектеулі жандарға да мүмкіндік мол.
Мұрат Әлімбайұлы 2016 жылдан бастап «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігін басқарады. Қайратты жан өзгелерге қолынан келгенше жәрдемдесіп жүреді. Осы үмітпен талай жанға жылулық сыйлап, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамның белсенді мүшесі атануға барлық күш-жігерін жұмсап келеді. Ол ешқашан өзін мүгедекпін деп санаған емес. Қайта өзгелерге үлгі болды. Мүмкіндігі шектеулі, қоғам көзінен тасаланып жүрген талай азаматтың еңсесін тіктеп, ел қатарлы өмір сүруге талпындырды.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |