ЖАҢҒЫРУҒА ЖАСТАР ҮЛЕС ҚОСАДЫ

     Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласында екі мәсе­леге ден қойылды. Бастысы, ұлттық құндылықты жоғалтпау, екіншісі – әлемдегі үздік, дамыған 30 елдің қатарына кіру. Бұл – оқушыдан бастап әр­бір азаматқа жүктелген жауапкершілік. Е.Әуелбеков атын­дағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интер­натының ұйымдастырған «Шаңырақ» жобасы ­негі­зінде тәрбие жұмысын жүзеге асырудағы иннова­циялық тех­нологиялар» атты диалог алаңында бұл бағыттағы бастамалар легін байқадық. 

Облыстық семинар-практикумға аймақтағы 46 инновациялық мектеп басшылары, оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері қатысты.

Мектеп-интернат ұжымы «Бо­ла­шаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ла­сындағы арнайы жобаларды «Шаңырақ» оқушылар қауым­дастығының жо­баларымен сабақтастырып, үлгі­лік нұсқаулық әзірлеген. ТЕД фор­матындағы презентацияда білім ордаларының тарихын, тарихи тұлғалардың өмірін, аймақ басылымдарын, өңірдің флорасы мен фаунасын, әдебиеті мен мәдениетін зерттеген оқушылар ел білмейтін, білсе де астарын аңдамайтын деректерді алға тартты. Тіпті, қазақ әндерінің шығуына байланысты оқиғаларды зерттеп, әндегі сөз мағынасы мен саздың үйлесімділігіне мән берген. Сондай-ақ, балалар мек­теп-интернаттағы ақын, жас тілші­лердің туындыларын ағыл­шын тілінде сөйлетіпті.

− «Рухани жаңғыру» бағдарла­ма­сындағы «Туған жер» жобасы «Шаңырақ» қауымдастығындағы «Туған елге тағзым» жобасымен сабақтасса, «100 жаңа оқулық» жобасы «100 кітап», «Қазақ әндері» жобасымен, «Латын әліпбиі» бағ­дарламасы «Үш тілде білім беру», «Көшбасшы» жобасымен байланыстырылды. Біз бір жобада бірнеше сыныптарды, әртүрлі жастағы оқушыларды біріктірдік. Бұл балалардың көшбасшылық қасиетін дамытып, бірлігін нығай­тады, − дейді мектеп-интернат басшысы Балзия Абдуллаева.

Әлеуметтік жобалар ­бойынша тәрбие сағаттарының ұйым­дас­ты­рылу тәсілі тақта мен бордың дәурені өткенін аңғартты. Айта­лық, «Көш­бас­шылық сабақ» жобасы бойынша «Қызылордалық кәсіпкер» тақырыбындағы сабаққа қатыстық. Кіріктірілген сабақты тәрбиеші, тарих және ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері жүргізді. Оқытудың жаңашылдығы сондай, 10-сынып оқушылары қысқа­метражды анима­циялық фильм көріп, кәсіпкерліктің шығу тарихын зерттеп, ағылшын тілінде сөз үйреніп, тапсырма орындап, өз бизнес-жоспарларын таныстырды. Олардың бірі жеке медициналық клиниканың, бірі туризм орталы­ғының, енді бірі ірі қара мал тұқымын өсіріп, ет және сүт өнім­дерін дайындайтын ферманың жоспарын ұсынды. Сондай-ақ, балалар бизнес бастамаларын ағылшын тілінде де таныстырды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА, 

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 ақпан 2018 г. 708 0