ТӨРТ МӘСЕЛЕ: ТҮЙТКІЛДІ ЖАЙТТАРҒА ТИЯНАҚТЫ МІНДЕТ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды.
ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бұйырығына сәйкес 12-17 ақпан аралығында ауыл шаруашылығы кооперациясы мен агрорөнеркәсіп кешенін әртараптандыру бағытындағы жұмыс тиімділігін талдау мақсатында кешенді тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақанов таныстырды. Белгілі болғандай, 2016-2017 жылдары аймақта 2320 жеке қосалқы шаруашылықтың бірігуі арқылы 84 кооператив құрылды. 1230 жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылды. Осы кезеңде ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға 3,4 млрд теңге қаржы бөлініп, 42 кооперативтің 1078 мүшесіне несие берілді. Нәтижесінде 801 отбасылық мал бордақылау алаңы, 385 шағын сүт фермасы құрылды. Кооперативтерді қолдау үшін мемлекеттен 53,2 млн теңге субсидия төленді.
Сала жетекшісі ауыл шаруашылығы кооперациясының дамуын тежейтін факторларды да атады.
– Облыста ет және сүт өнімдерін өңдеу кәсіпорындары дамымаған. Сол себепті кооперативтер өнім өткізуде қиындықтарға кезігеді. Одан бөлек, кооперативтер несие құжаттары мен құрал-жабдықтарды кеш алуына байланысты бордақыланған малдарды жергілікті нарыққа өткізуге мәжбүр болды. Нәтижесінде кооператив мүшелері мен өндірілген өнім туралы дерек статистикалық есепке енбей қалды. Мысалы, өткен жылдың статистикасында 343 тонна ет өндірілгені көрсетілді. Бірақ бұл шынайы көріністен 7 есе төмен, – деді Бақыт Жақанов.
Келесі түйткіл – сүт өңдеу орындары жеке қосалқы шаруашылықтардан өнім қабылдауға құлықты емес. Өйткені сүт өңдеушілер, біріншіден, сүт сапасының төмендігін алға тартса, екіншіден, жергілікті нарықтан арзан баға қояды. Кооперативтер өз өнімін өңдеп сатуы үшін шағын цехтар ашуға ынталы. Ауыл шаруашылығының егіс көлемін әртараптандыру бағытында картоп, көкөніс дақылдарын айналымға енгізу мүмкіндігі жоқ. Себебі күріш егілетін жерге дәнді дақылдар орналастыру егістіктің құнарлығын жойып, топырақты тұздандырып жібереді. Топырақтың тұздылығына төзбейтіні себепті диқандар арпа мен сұлыны да аз көлемде егуге мәжбүр.
Облыс әкімі күріш шаруашылығы экспортқа бағытталған өндіріс болып қала беретінін жеткізді. Ал аграрлық сектор – ауыл тұрғындары үшін әлі күнге дейін басты асыраушы сала. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» аясында ауылдық жерлерде шағын және орта бизнес субектілерін көптеп ашуға мән беріліп отыр.
Ағымдағы жылу беру маусымының жай-күйі жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин мәлімдеді. Әлеуметтік нысандарда 50,2 мың тонна көмір, 26,5 мың тонна дизельдік отын қоры жасақталған. Қызылорда жылу электр орталығының тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін қажетті 4,3 мың тонна мазуттың 3,44 мың тоннасы, облыс тұрғындарына қажетті 237 мың тонна көмірдің 200 мың тоннасы жеткізілді. Басқарма басшысы коммуналдық саладағы күрделі екі мәселеге ерекше назар аударды. Бірі – газдандырылған 4 ауданның орталығында әлі күнге апаттық диспетчерлік қызметтің іске қосылмауы, екіншісі – тұтынушылар қарызының қордалануы.
– Қызылорда жылу электр орталығының «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалы алдындағы қарызы 227 млн-ға жетті. Ал коммуналдық мекемелер орталыққа 44 млн теңге беруі тиіс. Қарызды өтеу кестесінің орындалуы күнделікті бақылауда, – деді басқарма басшысы.
Орталық директоры Руслан Нұрмағанбетов қарыз жинауда қызметкерлердің тынымсыз еңбек етіп келе жатқанын айтты. Нәтижесінде соңғы 2 айда 800-ге жуық пәтер иелерінен 23 млн теңге, 373 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінен 65 млн теңге өндірілді. Селекторлық режимде байланысқа қосылған барлық ауданның және Қызылорда қаласының әкімдері жылу беру маусымының қалыпты жағдайда өтіп жатқанын, отын-көмір қоры қоймаға қажетінше толтырылғанын баяндады. Аймақ басшысы жылу беру тоқтатылатын 15 сәуірге дейін мәселенің бақылауда болуы және одан кейін алдағы маусымға дайындықты пысықтау қажет екенін қаперге салды. Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаевқа апаттық қор жасақтау, диспетчерлік қызметті іске қосу мәселелерін тиісті сала басшылығымен бірлесе шешуді жүктеді.
Елбасы Жолдауында экономиканы цифрландыруға ерекше көңіл бөлінді. Мәжілісте электронды сауда жөнінде әңгімелеген облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Досжанов бұл кәсіпкерлік, қаржылық субъектілер қызметінің ашықтығын қамтамасыз ететінін, көлеңкелі экономика деңгейін айтарлықтай төмендететінін атап өтті. Статистикаға көз салыңыз: әлемнің әрбір бесінші тұрғыны немесе екінің бірі онлайн сауда жасайды; Қазақстан халқының саны 18 млн-нан асады десек, соның 13,2 млн-ы интернет пайдаланады; ал 1 млн адам онлайн саудамен айналысады. 2016 жылы облыста 1585 POS-терминал болса, былтыр бұл көрсеткіш 1721-ге жетті. Қызылордада жұмыс істеп тұрған интернет-дүкен – әзірге біреу ғана (Liber.shop). Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев электронды сауда көлемін арттыру бағытында тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.
Наурыз айы – мерекелер мезгілі. 1 наурызда – Алғыс айту, 8 наурызда – халықаралық Әйелдер күні тойланады, ал 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні. Атаулы мерекелердің мән-маңызы, Сыр елінде қалай тойланатыны туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев баяндап берді. Осыған орай іс-шаралар жоспары бекітіліп, басталып та кетті. Көктем мерекелері кезінде қайырымдылық шараларын көптеп ұйымдастыру жоспарланып отыр. Басқарма басшысы Ұлыстың ұлы күні киіз үйлердің есігі ашық болуы және одан бәрі дәм тата алатын жағдай қарастылыуы керектігін жеткізді. Мұны аймақ басшысы да қатаң ескертті.
– Бастықтарға арнап дастарқан жаятын, сол кезде ғана киіз үйдің есігін ашатын әдеттен арылу керек. Наурызкөжеден қалаған адам дәм татады. Ас-ауқат фуршет үлгісінде дайындалып, дастарқан бәріне бірдей жайылуы тиіс, – деді облыс әкім.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 ақпан 2018 г. 506 0