Елбасының биылғы Жолдауы мемлекетімізді одан әрі дамыту жолында баршамызға зор міндеттер жүктеді. Осы міндеттер мен тапсырмаларды іске асыру арқылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасы өзінің алдына қойған әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарында болу мақсатына қол жеткізеді.
Осы ретте, «Қазақстан – 2050» даму стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын елімізде жүргізіліп жатқан жаңғыру үдерістерінің жалғасы деп білеміз.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында мемлекетті дамытуға бағдарланған 10 негізгі міндет айқындалған.
Аграрлық өңірден индустриялық-аграрлық өңірге айналған Сыр елі де Елбасы Жолдауын жүйелі жүзеге асыруда әлеуметтің әлеуетін дамытуға арналған түрлі жобаларды қолға алды.
Жолдауда айтылғандай, жаңа заман бізден түрлі шақыруларға лайықты болуды талап етеді. Ең бастысы, индустрияландыру жаңа технологияларды енгізе отырып, еңбек ресурстарының ағынын басқаруды, өнімді экспорттауға бағдарланған кәсіпкерлік субъектілерін жаңғырту мен цифрландыруға бағытталған жаңа құралдарды жетілдіруді көздейді.
Осы бағдарлама аясында өңірімізде жаңа технологияларды енгізіп, жұмыс жасауды бастаған кәсіпорындар ашылуда. Соның арқасында жаңа өнім түрлері көбейіп келеді. Ағымдағы жылдың өзінде 5 жобаның іске қосылуы жоспарланып отыр. Олар – молибден шығаратын зауыты, шыны, тампонажды цемент, балық өңдеу зауыттары мен құс фабрикасы.
Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту «жасыл технологияны» дамытуды, Экологиялық кодексті өзекті ету арқылы жүзеге асырылатын табиғи ресурстарды басқару әдістерін қайта қарауды қажет етеді. Сол себепті, өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін қалыптастыру қажеттілігі туындайды. Осы мақсатта өртеу-өңдеу зауыттарының құрылысын салу үшін инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз.
Зымыраған уақыттың көшінен қалмай, ілесе білу, өз мақсатымызға жетудің бірден-бір жолы. Осы ретте, ақылды технологиялар біз үшін агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытудағы жоғары мүмкіндік ретінде қаралады. Бұл тұрғыда, жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, кооперативтерді дамыту, тиімсіз субсидияларды қайта қарау, сондай-ақ, ғылымға негізделген АӨК арттыру арқылы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту көзделуде.
2017 жылы облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде облыстағы агроөнеркәсіп кешеннің 2020 жылға дейін даму Агрокартасы әзірленді. Агрокарта аясында жылдам дамытуды қажет ететін салалар және ауыл шаруашылығы өнімдерін (күріш, балық, ет, бақша, т.б.) экспорттау көлемін 2020 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдары айқындалды.
Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру міндетін жүзеге асыру үшін алдағы уақытта цифрлық технологиялар қолданылатын интеллектуалды көлік жүйесін кезең-кезеңмен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеуді мақсат етіп отырмыз.
Сондай-ақ, ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін орта мерзімдік келешекте автожолдардың жергілікті желісін жергілікті бюджеттің есебінен жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемі ұлғаятын болады.
2017 жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеуге 9,5 млрдтеңге бөлініп, 215,3 шақырым жол жөнделді. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткіші 63%-ке жетті.
«Өз үйің – өлең төсегің» деп халқымыз бекер айтпаған. Басында баспанасы бар жан өзін ең бақытты адам ретінде сезінеді. Ол – шындық. Осы ретте құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу міндеті тұрғын үй заңнамасын, сондай-ақ, табиғи монополиялар саласын реттейтін заңнаманы жетілдіруге, сәулет, қала құрылысы саласындағы мемлекеттік нормативтерді жетілдіруді көздейді.
Аталған шараларды жүзеге асыру халыққа қолайлы жағдай жасауды арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Яғни, тұрғын үйдің қолжетімділігі үшін жағдай туғызып, электр энергиясын, жылуды, суды және т.б. тұтынуды қысқартады.
Айта кету керек, соңғы 3 жылда жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген 20600-ге жуық жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Ал, бұл өз кезегінде тұрғындарды өз баспанасын өзі салуға ынталандыра түсуде.
Облыс бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу кезекте тұрған азаматтардың сұранысын жеделдетіп шешу мақсатында «Қызылорда облысының халқын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша 2018-2020 жылдарға арналған «Орда» Жол картасы бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарға арналып отыр.
Қаржы секторын «қайта жаңғырту» міндеті аясында Елбасы банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтау қажеттігін, ол үшін банк иелері экономикалық жауапкершілік алуға тиістігін, мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік беретіндігін баса айтты.
Тәуелсіз Қазақстанның ең басты байлығы – жаңа заманның талаптарына сай заманауи білім алған білікті халқы. Сондықтан, адами капитал – жаңғыру негізі болмақ. Осы міндетті орындау аясында білім берудің жетекші жүйесін қалыптастыру, денсаулық сақтау саласында аурудың алдын алу мен емдеуді жақсарту, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтарды қамтуды кеңейту мақсатымен 2017-2021 жылдарға арналған “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының жаңа құралдары жүзеге асырылатын болады.
«Ел болашағы – білімді ұрпақ» десек, Сыр өңірі өзінің кемел келешегі үшін де жастарға заманға лайықты, аймаққа қажетті мамандықтарды игертуді қолға алғалы бірнеше жылдың жүзі болды.
Қазіргі таңда Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында 500-ге тарта қызылордалық түлек жаңа технологияларды игеруде. Сондай-ақ, облыс әкімінің грантымен республиканың, облыстық жоғары және орта оқу орындарында 700-ге жуық түлек білім алуда. Олар облыс экономикасының ілгерілеп дамуына өз үлестерін қосады деп сенеміз.
Тиімді мемлекеттік басқару міндетінің аясында цифрлық технологияларды енгізу, мемлекеттік қызмет көрсетулерді және мемлекеттік қолдаудың сапасын арттыру бойынша іс-шараларды әзірлеу көзделген.
Мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру мәселелері қазіргі уақытта ерекше маңызға ие. «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарлама аясында елдің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасында кезекті кең ауқымды жүйелі реформа жүзеге асырылуда.
Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі міндеті аясында сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгертуге бағытталған шаралар жүзеге асырылатын болады.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету бойынша біршама шаралар қабылданғаны белгілі. Ең алдымен олар мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатымен байланысты, оның негізі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары болып табылады
«Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін міндетінің аясында «Смарт Сити» «эталондық» стандартын қалыптастыруға және оны Қазақстан қалаларының арасындағы озық тәжірибені тарату мен тәжірибе алмасу арқылы қалалық ортаны басқару үшін енгізуге бағытталған.
Өз кезегінде, «Ақылды қаланы» дамыту «Цифрлы Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасының бір бөлігі болып саналады.
Осы тұста біз Астананың тәжірибесін қолданып, қаламыздың сәулетін, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін өркендетуіміз қажет. Қызылорда қаласының Бас жоспарына сәйкес, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы аумақты кешенді түрде игеру басталды. Жаңа қалада біз осы міндетті толықтай жүзеге асыра алатын боламыз.
Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру еліміздің дамуы үшін негіз болатын технологиялық және инфрақұрылымдық дамудың жаңа кезеңін бастап, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сәуле ҚҰЛЫМБЕТОВА,
облыстық экономика және бюджеттік
жоспарлау басқармасының басшысы.