ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ АЙМАҒЫНДА ЦИФРЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ КЕҢІСТІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

 Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз.

(Абай)

Біздің елімізде  адам потенциалын дамытуда, жаңа инновациялық технологияларды  білім саласына ендіруге қолайлы да, қомақты жағдайлар жасалуда.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «.... заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», - дей келе: «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсы¬на алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, соны¬мен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкіндігін» айтқан болатын. Осы тұжырымда көрсетілген бәсекелік қабілетті жастарды дайындау негізі цифрлық технологияда қолданбалы бағытқа бейімделген  IT мамандарын дайындау болып табылады. Білім беру саласында құрылған бірегей оқу орындары, табысты жұмыс істеп жатқан «Интеллектуалдық Назарбаев мектептері» секілді жобалардың  қолға алынуы осының айғағы. Мұндай  жаңа идеяларды, инновациялық технологияларды, жоғары білікті мамандары бар оқу орындары ғана жүзеге асыра алады.
Ізденіс пен ұмтылысқа толы ширек ғасыр жылдарында Ел Президенті тапсырмасы аясында Тәуелсіздіктің көтерілген туымен бірге туған 20 жылдан сәл ғана асатын тарихы бар Қызылорда «Болашақ» университетінің ұжымы барлық игі істер мен барлық деңгейдегі жоғарғы техникалық, гуманитарлық, педагогикалық  және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шараларды іске асырды.
Университеті ғалымдары Қызылорда облысындағы ғылым мен білімнің инновациялық дамуындағы басым бағыттар деп:
- аймақтағы ауылшаруашылық, мұнай-газ өндірісі  саласының дамуы мен өндірілетін өнім номенклатурасын кеңейтуге қол жеткізу;
- нанотехнологиялар негізінде мұнай-газ өндірісінде  керамика, пигменттер, қоспалар, майлау материалдары, полимерлер, косметика, мемброналық фильтрлер өндірісін жасау және дамыту;
- Қызылорда облысы  флорасындағы өсімдіктер негізіндегі фитохимия саласындағы фармацевтикалық және парфюмерлік өндірістің жаңа ғылыми бағыттарын дамыту;
- Қазақстан Республикасындағы қарқынды  даму үстіндегі  тоқыма кластері үшін бояу қоспаларын алу бағытында жаңа технологияларды дайындау, нанотехнологиялар негізінде жаңа сипатты тестильдік өнімдер алу;
- су дайындау және тазалаудың  жаңа технологияларын дамыту, Қызылорда облысы тұрғындары мен экономикасына қажетті сапалы сумен қамтамасыз етуге бағытталған аймақтық су мәселелерінің орталығын ашу,  жер-су ресурстарын пайдаланудың өнімділігін жоғарылату;
- Қызылорда облысындағы техникалық мәдениет мал азықтарының селекциясы мен оны өсіру, ірі қара малдардың жаңа түрлерін сұрыптау, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу және өндірудің кәсіпорын құру секілді агроөндірістік кешен мәселелерін шешуге негізделген жаңа ғылыми бағыттардың  дамуына үлес қосу;
- газ қалдықтары негізіндегі материалдарды синтездеу әдістерін меңгеру;
- құрылыс материалдары химиясы саласындағы Космостық ғарыштық аймаққа қажетті ғылыми бағыттардың дамуы және осыған байланысты экологиялық тиімді құрылыс материалдарын дайындау;
- мұнай-газ  химиясы, фитохимия, нонотехнологиялар, тағам және жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен мұнай-газ кешендері үшін жоғары білікті мамандар дайындау деп таниды.
Осы негізде мен бір жиында баяндама жасадым, сонда біздің кейбір әріптестеріміз «Сіз нотаны өте жоғары алдыңыз, қайдағы нанотехнологиялар Қызылорда үшін», - деп маған кінә тақты. Егер біз осы бастан инновациялық бағыттарды алдымызға мақсат етіп қоймасақ, ел артында қалуымыз мүмкін, ол анық. Екінші бір айтылатын – ол аталған бағыттың барлығы IT саласы негізінде жасалынатындығы, онсыз өмірге келген инновацияны заман талабы деп көз алдына келтіру мүмкін емес.
Осыған орай   Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты өткен жылғы Жолдауында: «Біз цирфлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз», - деп атап көрсеткені белгілі. Иә, бұл әсіресе орталықтан қашық жатқан біздің Сыр Елі үшін – өте маңызды кешенді міндет. Облыс әкімшілігі кешегі өткен кеңесінде Елбасы тапсырмаларына сәйкес жүргізілетін талаптар мен міндеттерді облыс ғалымдары мен білім саласының  мамандарының алдына ашық, айқын қоя білді.  
Осы негізде Қызылорда облысы әкімі Қ.Е. Көшербаев IT саласының жаңа жобаларын ұсынды, өңірде IT индустриясын дамытудың ғылыми-зерттеу негіздемесі әзірленді, оның ішінде IT академиясын ашу туралы сөз болды. Міне бізге осы өте қажет, қазіргі таңда шындығында әр маман өз білім дәрижесіне Мемлекеттік стандарт негізіне қарай бағдарламалық білім беруде, ал бүгінгі таң бірлесе отырып ең алдыңғы қатарлы бағдарламалық үдерісті өндіріске ендіретін бағыт пен бағдар бойынша заманауй маман дайындау қажеттілігін алға қойған кезде, құзыреттілігі жететін ғалымдар көшін координация жасайтын үйым өте қажет екенін облыс басшысы көре білді.
Облыс көлемінде міне осындай координациялық Кеңес жұмысын бастады, екі рет отырыс өткізіп IT саласының негізгі бағыттары айқындалды. Директивалық материалдар тағайындалып, осы негізде облыс ғалымдары жұмыс істеуде.    
Координациялық Кеңес жұмысының екінші бағыты – «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын орындаудың және орындай отырып Сыр Елі экономикасын көтерудің бірден-бір жолы екендігін көрсете отырып, мектеп қабырғасының өзінде осы салаға қызығушылығы бар жастарды және жұмыс жасаймын деген жаңа цифрлық технология құзыреттілігімен қаруланған маман дайындау, әрі қарай осы сала мамандарының басын біріктіре отырып, адами ресурстардың мүмкіндігін пайдалану. Елбасының өзі атап көрсеткендей: «Қажетті адам ресурстарынсыз жолдауда алға қойылған міндеттерді орындау, соның ішінде технологиялық жаңғыруды жүзеге асыру «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мүмкін емес».
Негізі Қазақстан Республикасында және әлемдік ақпараттық инфрақұрылымның түбегейлі өзгеруіне, заманауи ақпараттық-технологиялардың қарқынды дамуына байланысты қазіргі таңда адамзат өркениетінің  дамуына керемет жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Дәстүрлі ұлттық экономикалық, саяси, әлеуметтік  стратегиялармен қатар «ақпараттандыру»  үрдісі  пайда болды. Сондықтан әлемдік стандарттарға сәйкес келетін мемлекеттің ақпараттық саясаты және  ақпараттық инфрақұрылымның жоғары деңгейде  дамуы ақпараттық реформаларды табысты жүргізудің ең маңызды факторларының бірі болып  табылады.  Әлбетте, жоғары деңгейде дамыған ақпараттық қоғам құрудың басты кілті бәсекеге қабілетті мамандар дайындау.  Сондай мамандар дайындау үшін білім беру саласын ұлттық және халықаралық деңгейде танылған білім беру модельдерінің оң нәтижелерін қолдана отырып, сапалы және ашық білім  беруді  жүзеге  асыру қажет.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев  2007 жылы қабылданған «Білім туралы» Заңындағы Қазақстан Республикасында білім беруді реформалау және дамытудың бағдарламалық  құжаттарында негізгі басымдықтар белгіленген, солардың ішінде:
- мамандардың ұтқырлығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, ақпараттық  қорларды тиімді және кеңінен қолдану мақсатында  республикалық және  әлемдік білім беру кеңістігіне бірігу;
- ақпараттандыру үрдісін тереңдету мақсатында, қызметтің барлық сферасына, соның ішінде жоғары оқу орындарына ең жаңа ақапараттық-коммуникациялық технологияларды жан-жақты енгізу;
- білім  беру, ғылым және инновацияны интеграциялау. Бүгінгі таңда да бұл заң негіздері актуалды болып қалыптасуда.
Көптеген ғалым зерттеушілердің еңбектерінде  ақпараттық ортаның даму тенденциясына көңіл бөлінеді, бірдей ақпараттық ортада интеллектуалды және ауқымды білім базасын құру қарастырылады. Бұл адамның өздігінен білім алуға шектеусіз мүмкіндігі бар ақпараттың болуын қамтамасыз етеді, сондықтан да оқу үдерісін цифрлық технология негізінде  ақпараттандыру және коммуникация құралдарымен жабдықтау  студенттің ақпараттық мәдениетін қалыптастыру – әлемдік ашық білім  беру кеңістігіне шығудың  басты  бағыты  болып  табылады.  
Біздің елімізде бұл бастаманың басында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, профессор Ғ. Мұтанов бастаған ғалымдар тобының жұмысы қызықтырады.
Сонау 2009 жылдардың көктемінде Мәскеуде өткен халықаралық сарапшылар Кеңесі мен  семинарда  білім берудегі ақпараттық технологиялар бойынша ЮНЕСКО  директоры Дендев Бадарч мырза: «Ашық білім беру ресурстарын  құру – бұл Ресейде, ТМД және бүкіл әлемдегі білім  беру жүйесін дамытуға  арналған  басым бағыт.  Ресей  үшін  келесі  маңызды  қадам ағылшын тіліндегі курстарды орыс тіліне аудару», - деп сол кезде-ақ атап көрсетіп және  ЮНЕСКО өкілі «ТМД елдерінің профессорлары өздерінің  ашық қолжетімді курстарын ашады деп үміттенеміз», - деген.
Ашық білім  беру ресурстары – оқытушы мен оқушы  арасындағы тікелей  физикалық  байланыс жоқ кезде ЖОО-ның сапалы білім беру мүмкіндіктерінің деңгейін анықтайды. Интернет арқылы білім беру жүйесінің жаңа  түрлерін бірінші болып таратқан Массачусетс технологиялық институты (МТИ). Университет Open Course Ware бағдарламасын  жүзеге асыра отырып, оқытушылар мен  студенттерге және өз бетімен оқитындарға МТИ оқу материалдарын қолдануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ресей Федерациясының электронды Интернет желісіндегі ашық  қолжетімді білім беру ресурстары ақпараттық  жүйелерде көрсетілген. Олардың мақсаты федералды білім беру порталындағы оқу-әдістемелік материалдарының, электронды кітапханасының, интернет-ресурстарының, білім беру қорларының интегралды каталогтарына еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Қызылорда облысының әкімі Қ.Е. Көшербаев ұсынған IT саласының жаңа жобаларының ішіндегі өңірге қажетті  негіздеменің бірі мектеп оқушылары, колледж, университет студенттері мен білім саласының қызметкерлері үшін ашық білім беру ресурстарын дамыту.
Дамыған елдерден артта қалмау үшін, цифрлық технология негізінде  ашық білім  беру кеңістігіне шығу үшін қазірден  бастап білім беруді  заманауи үлгіге қайта құру міндеті тұр. Сонымен қатар білім берудегі отандық дәстүрлерді ең  жаңа технологиялармен  үйлестіруіміз  қажет.
Келесі үлкен бағыт облыс аймағындағы IT индустриясын дамытудың ғылыми-зерттеу негіздемесін қолданбалы күйге жеткізетін біріңғай цифрлық ақпараттық  білім беру кеңістігін құру.
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік  университеті мен Қызылорда «Болашақ» университетінің ғалымдары мен мамандары Оңтүстік өңірде біріңғай білім беру кеңістігін құру ортасы мәселелері бойынша бірнеше жылдан бері ғылыми зерттеулер мен практикалық өңдеулер жүргізуде. 2010-2012 жылдары ОҚМУ барлық концептуалды негіздерді өңдей отырып, ОҚО біріңғай ақпараттық-білім беру телекоммуникациялық желілерін құрудың жобасы мен бастамасы туралы ұсыныс жасалды. Өкінішке орай ол кез аталған жұмыстарды қолдауға ертерек болғандықтан ба әлде заманауй қажеттілікке ертерек болды ма  ұсыныс одан әрі қолдау таппады.
Енді осы ұсыныстарды қайтадан өңдей, Елбасы жолдауында көрсетілгендей уақыт талабына сай ете отырып Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, «Болашақ» университетінің және И. Әбдікәримов атындағы жоғарғы колледжінің ғалымдары біріңғай ақпараттық – білім беру кеңістігін құру бағдарламасын ұсынады. Ол келесі стратегиялық мақсаттарға жетуге ықпал етуі тиіс:
- облыстың барлық аумағында біріңғай IT білім беру кеңістігін қамтамасыз ету және оны болашақта еліміздің біріңғай заманауи цифрлық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдарымен біріктіру және өңірдің индустриалды-инновациялық дамуына жол ашатын  білім беру кеңістігін құру;
- Қызылорда облысының барлық азаматтары үшін цифрлық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қолдану бағытында білім алуда толық  конституциялық құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету;
- облыстың әрбір тұрғыны үшін оның тұтынымы мен сұрауларына сәйкес, білім беру қызметінің барлық түрлері мен қолданбалы ақпараттық технологияларға тең құқықты қолжетімділікті көрсету;
- оқытудың жетілдірілген технологиялары, әдістері, тәсілдері және цифрлық технология негізінде оқыту құралдарын енгізе отырып, білім сапасын жоғарылату;
- цифрлық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қолдану негізінде білім сапасын көтеруге  және жаңа деңгейге сатылап өтуге жағдай жасау;
- алдыңғы кезекте білім беру жүйесінде қызмет атқарып жүрген, жоғары білікті кәсіби мамандардың кең көлемдегі толық компьютерлік сауаттылықтарын және цифрлық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы кәсіби дағдыларын қамтамасыз ету.
Олай болса, біздер, IT саласының мамандары, майталмандары, еліміздің, Сыр өңірі экономикасы локомотиві  IT индустриясын дамыту мақсатында бірігіп жұмыс жасаудан қорықпайық.

Өмірбек ҮМБЕТОВ, 

техника ғылымдарының докторы, профессор, 

«Болашақ» университетінің ректоры

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 ақпан 2018 г. 972 0